25.10.2019, 12:50
Оқылды: 458

БҚО-да 5 жасар бала суға кетті

Бүгін таңертең БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі Ақжайық ауданының Сарытоғай ауылдық округіне қарасты Жанама ауылында ағайынды қос бүлдіршіннің жоғалып кеткені туралы хабарлаған еді.

WhatsApp Image 2019-10-25 at 09.16.54

Кеше, 24 қазан күні сағат 15.30 шамасында өз үйлерінің ауласында ойнап жүрген 2014 жылы туған Бексұлтан Асқарұлы Орынбасар мен 2017 жылы туған Нұрислам Асқарұлы Орынбасарды анасы таба алмай қалған. Отағасы бұл уақытта жұмыста болған, ал анасы үй шаруасымен айналысып жүргенде, ұлдарынан көз жазып қалған. Кеш батқанша туған-туыс пен көрші-көлемнен жағалай сұрастырып, бүкіл ауыл болып жабыла іздеп таба алмаған соң, сағат 20.30-да Тайпақ ауылдық полиция бөлімінің кезекші бөліміне хабарлаған.

Сағат 10.30-да ПД ғимаратында республикалық және жергілікті БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізген облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Сүйінбаев полиция департаменті мен облыстық төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері хабар келіп түскен бойда шұғыл Жанама ауылына жедел іздестіру шараларын ұйымдастыруға аттанып кеткенін, ал түнделетіп БҚО ПД бастығы, генерал-майор Мақсұдхан Аблазимов пен орынбасары Асылғали Меңдіғалиннің оқиға орнына жеткенін мәлімдеді. Журналистерді жоғалған қос бүлдіршіннің суреттерін БАҚ арқылы жариялап, іздеу жұмыстарын жеделдетуге үлес қосуға шақырды.

БҚО ТЖД мемлекеттік өрт сөндіру мекемесі және авариялық құтқару қызметі - жедел құтқару жасағаның басшысы Асқар Қылышевтың айтуынша, іздестіру жұмыстары ауыл тұрғындарынан құрылған волонтерлармен бірге бірнеше бағыт бойынша, яғни ауылда, ауыл маңында және Жайық өзенінің ауылға жақын орналасқан арнасында жүргізілген. Сүңгуірлер жасағы, иісшіл иттер мен пилотсыз ұшу құрылғылары қолданылуда.

Баспасөз мәслихаты аяқтала салысымен, қаралы хабар келіп жетті. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің сүңгуірлері сағат 11.10-да жоғалған екі баланың үлкені, 2014 жылы туған Бексұлтан Орынбасар Асқарұлының денесін Жайық өзенінің арнасы Қарасудан тауып алған. Екі жасар Нұрисламды іздеу жұмыстары әлі жалғасуда.

Динара Жұмабекқызы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале