18.09.2018, 9:21
Оқылды: 59

Финдер жаңа технологияларға оқытуда

Оралда кәсіптік білім беру саласында ВІМ білім технологияларына оқыту модульдерін енгізу, 3D цифрлық жобалау саласындағы мамандар даярлау бойынша Финляндияның тәжірибесін қолдану жобасы бастау алды.

phpThumb_generated_thumbnail

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Шолпан Қадырованың айтуынша, ВІМ білім технологиясын енгізу жобасы республика бойынша өңірімізде, соның ішінде  Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің базасында қолға алынған. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іске асатын жобаға қатысты жұмыстар 2017 жылы басталған. Жобаны «жандандыруға» облыстық бюджеттен колледжге 133 млн. теңге бөлініп, аталмыш оқу орнының ағылшын тілін жетік білетін 12 оқытушысы іріктеліп алынған.

- Колледждің 12 оқытушысы ВІМ технологияларына оқыту жұмыстары басталды. Үш айлық жоба шеңберінде бір апта аталмыш колледжде семинар, одан кейін  бір ай Қазақстан мен Финляндия арасында он-лайн тренинг өтеді. Содан соң олар Финляндияға екі аптаға тәжірибе алмасуға барады. Одан әрі осы оқытушылар жаңа технологиялар бойынша мұнайгаз, құрылыс салаларына оқитын студенттерді оқытады. Біздің оқу орнынан. шыққан мамандар келешекте еуропалық стандарттармен жұмыс істейтін болады, - деді аталмыш колледж директоры Серік Мұхаметалиев.

Финляндияның ВІМ-технологияларды пайдалануға көшу кезеңі 30 жылға созылса, Қазақстан 2020 жылы осы технологияны қолдануды бастайды. Финдік «Collaprime» компаниясы - интеллектуалдық 3D үлгілерін пайдалануға негізделген BIM-технологиялары бойынша - ғимараттарды ақпараттық моделдеу жөніндегі Финляндиядағы халықаралық марапаттардың иегері. Дәл осы технологиялардың арқасында құрылысты және инфрақұрылымды, инженерлік жүйелерді тиімді жобалайды, салады, пайдаланады. «Collaprime» компаниясының бас директоры Тони Линквисттің айтуынша, жаңа технологияларды пайдалану жобалаудың ерте кезеңінде негізделмеген және дұрыс қабылданбаған техникалық шешімдердің орын алуына жол бермейді. «Финдік ноу-хау мен Қазақстанның тәжірибесін біріктіре отырып, көптеген инновациялық шешімдер табуға және оларды табысты іске асыруға болады. Бұл технология трансферті ғана емес, сонымен қатар ұзақ мерзімді инновациялық серіктестіктің негізі, қазіргі жобалардың сапасын жақсартуға көмектеседі», - деді ол.

 Семинарға қатысқан «Финдік бизнес хаб» компаниясының директоры Мұхтар Манкеевтің айтуынша, 2020 жылдан бастап еліміз еуропалық құрылыс нормаларына негізделген жаңа құрылыс нормаларына толығымен өтеді. Содан бастап еліміздегі маңызды жобалардың барлығы  осы ВІМ-технологияларымен дайындалмақ. Сондықтан оған қажетті адами ресурсты, адами капиталды даярлау маңызға ие. «Қазір қолға алынған жобаның арқасында колледжде жаңа технологиялармен жұмыс істей білетін оқытушылар даярланады. Сол оқытушылар академиялық модуль ретінде студенттерге жаңа мамандық ретінде ВІМ-ді (ақпараттық модельдеу технологиясын) енгізіп, оқытады. Түсінікті тілмен айтсам, бүгінде жобалар қағазға сызылып дайындалады. Енді ақпараттық  модельдеу бойынша салынып жатқан ғимарат қаншалықты энергия үнемдейді, оның сметалық бюджеті, осы ғимараттың 20-30 жылдағы «ғұмырына» қанша қаржы жұмсалады, амортизациясы қандай болады, ғимаратты қалай дұрыс пайдаланамыз, міне, соның барлығын көрсетіп, айқындап береді», - деді Мұхтар Манкеев.

Алдағы қараша айында колледжге финдік өндірісші «Collaprime» компаниясынан ВІМ-технологиясымен жұмыс істейтін құрал-жабдық әкеп орнату жоспарланған. Сонда 1:1 масштаб бойынша 3D көзілдірігін киіп, әлі салынбаған мектеп немесе емхананың іші қандай болатынын визуалды көруге мүмкіндік болады.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале