3.07.2018, 16:38
Оқылды: 44

«Jas.Qz» жобасы БҚО мектептерінде бастау алады

Jas qzБұл жайында БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте «Жасұлан» бірыңғай балалар және жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Динара Сәдуақасова хабарлады. Басты мақсат – жастардың рухани, әлеуметтік, зияткерлік, физикалық және тұлғалық дамуына жағдай жасау.  Қоғамдық даму министрлігі қолдауымен жүзеге асатын «Jas.Qz» жалпыұлттық жастар жобасы жобаның үйлестірушісі – «Жасұлан» бірыңғай балалар және жасөспірімдер ұйымы.


Жаңа оқу жылында Батыс Қазақстан облысындағы мектептердің 8-10 сынып оқушылары (14-17 жас) жоба бойынша бес бағытты таңдайды. Интеллектуалдық, әлеуметтік қызмет және еріктілік, әскери-патриоттық, шығармашылық және спорттық бағыт бойынша педагогтардан не пән мұғалімдерінен жетекші тағайындалып, екі ай бойына оқушының қабілетін дамытуға көңіл бөлінеді. Қазан айы соңында жобаға қатысушылардың тест пен нормативтік көрсеткіш нәтижелері жергілікті жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтарға жолданады. Жақсы нәтижеге ие болғандар III, II, I дәрежелі төсбелгілермен марапатталады. Жоба үздіктері жайындағы мәліметтер жастардың кадрлық резерві жөніндегі дерекқорға енеді. Белсенді оқушылар келесі жылы Қазақстанның киелі орындарына саяхатқа шығатын «Жастар керуені» республикалық пойызына жолдама алады.

– Қазіргі кезде жоба белсенділері еліміздегі жоғары оқу орындарына түсер кезде ҚР Білім және ғылым министрлігі өкілдерімен оларға арнайы жеңілдіктер қарастыру жайы талқылануда. Бірақ біздің тарапымыздан үздік оқушыға халықаралық бизнес университетіне оқуға грант тағайындай аламыз. Биыл бөлінген бес гранттың екеуін Батыс Қазақстан облысы түлектеріне беруге шешім қабылдадық. «Jas.Qz» жобасының пилоттық кезеңі өңірде сәтті жүзеге асса, 2019 жылы жоба ауқымы бес облысты қамтитын болады, – деді Динара Тайбасарқызы.

Жоба нәтижесінде «Jas.Qz» жалпыұлттық қозғалысы қалыптасып, ауыл мен қала жастарының қабілетін шыңдауға тең дәрежеде жағдай жасалады деп күтіледі. Қазіргі уақытта жобаға дайындық басталып кетті. Қыркүйек айына дейін оқушыларға жетекшілік жасайтын мамандарды даярлау қолға алынады.

Брифингке қатысқан облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова мен облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Аян Сақошев «Jas.Qz-ке» қолдау білдіретінін айтып, жобаны бірлесе іске асыру мақсатында «Жасұлан» бірыңғай балалар және жасөспірімдер ұйымы» РҚБ-ның төрайымы Динара Сәдуақасовамен меморандумға қол қойды.

Hұртай Алтайұлы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале