6.05.2020, 15:53
Оқылды: 25

Қос майданның қаһарманы

Ұлы Отан соғысының талай отбасын ортасына түсіріп, ойрандағаны белгілі. Жымпиты өңірінде өсіп-өнген Дауым Бисенбаевтың үш қыз, алты ұлы болса, соның бесеуі майданға аттанды.

 

Screenshot_2020-05-04-23-08-26-1

         Бір отбасыдан – төрт боздақ

Кәрім, оның інілері Есламғали мен Нәби соғыста қаза тапса, осы шаңырақтың кенжесі Қайыр ФЗО-ға алынып, ол да елге оралмады. Сөйтіп, қыршын кеткен төрт бірдей ағайынды жігіттің үшеуі мүлдем ұрпақсыз өтті. Қыздың кішісі Жәмила да ФЗО-ға алынып, ол Ресейдің Кемерово облысында тұрмыс құрып, тұрақтап қалған. Соғыстан тірі қайтқан Жұбаныш пен Ерғали ғана. Дауымов Жұбаныштың ұлы, ең­бек ардагері Сағын дәл сол қанқұйлы соғыс басталар жылы, наурыз айында өмір есігін ашқан екен. Оның айтуынша, атасы Да­уым қаршығадай болғанмен, қайрат­ты кісі екен. Шідертіде биік етіп үй тұрғызған, соғыс жылдары үл­кен отбасы соған сыйып, амалдап күн кешкен. Әкесінің ағасы, 1906 жылғы Кәрім Жымпиты ауданы «Бірінші май» колхозында басқарма болып жүрген жерінен 1942 жылы әскерге алынған. Соғысқа кіргені жөнінде жалғыз хат келген. 415-атқыштар дивизиясы 1326-атқыштар полкінде минометші болған Кәрім­нің сол жылы 9 тамызда Смоленск облысы Сычев ауданында қайтқа­ны жөнінде «қара қағаз» келген. Майданға аттанарында жары Балсұлуды екі ұл, төрт қызымен Шідертідегі үйге көшіріп әкеліп, кіргізіп кеткен. Колхозда сауыншы, бұзау бағушы болып еңбек еткен Балсұлу алты баласын жеткізіп, тоқсаннан асқан шағында, 1996 жылы көз жұмды. 1910 жылғы Жұбаныш майданға 1941 жылдың қарашасында ат­танып, Воронеж, Степной, Калинин, І-Прибалтика, ІІ-Прибалтика, Ленинград майдандарында кескі­лескен ұрыстарға қатысқан. Екі мәрте екінші дәрежелі Отан соғысы ордені, «Жауынгерлік еңбе­гі үшін», «Ерлігі үшін» және бас­қа медальдармен марапатталған ол елге 1945 жылдың қараша айында оралып, түрлі салада абыройлы еңбек етті. Әсіресе, 1955 жы­лы «Бірінші май» колхозынан қой фер­масының меңгерушісі ретін­де Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық ауыл шаруа­шы­лығы жетістіктері көрмесіне қа­тысып, бірінші дәрежелі дипломмен марапат талды. Зайыбы Қа­мия екеуі төрт қыз, бір ұл тәрбие­леп өсірді. Батыс ерекше әскери округі 1-атқыштар корпусы, Ленин орденді 85-атқыштар дивизиясы 141-атқыштар полкінде Гродно қала­сында қызмет еткен 1919 жыл­­ғы Есламғали айдаһардай анталаған күші басым жаумен алғаш ай­қасқандардың бірі еді. Минск қаласы маңында қоршауға қа­лып, тұт­қынға түскен. Польшадағы «Шталаг 307» лагерінде талай азапты бас­тан кешкен. Ақыры 1942 жыл­ғы 6 та­мыз­да Скробовта қаза­ға ұшыраған. 1923 жылғы Нәби де майданға бірінші лекте, 1941 жылдың шілдесінде аттанғандардың бірі-тін. 60-атқыштар дивизиясы 1281-ат­қыштар полкінде соғысқан ол 1943 жылы 26 ақпанда Курск облы­сы Дмитриев ауданы Кузнецов селосы үшін болған шайқаста оққа ұшты. 1929 жылғы Қайыр­дың ФЗО-да жүріп, неден қайтқа­ны белгі­сіз күйінде қалды.

            Мөр басылмаған марапат қағазы

1911 жылы дүниеге келген Ер­ғали Дауымовқа ерекше тоқта­лып, бөлек әңгімелеген жөн бо­лар. Әуелден-ақ оған Ерғали деген есімді тегін бермеген секілді. Ер десе, ер еді. Еңбек жолын «Шідерті» колхозында есепші болып бастаған ол соғысқа дейін-ақ біраз биікті бағындырып үлгерді. Әуелі Қостанай облысы Қарабалық ауыл шаруашылығы техникумында, кейін Алматы зоотехникалықмал­дәрігерлік институтында бі­лім алған Ерғали 1937-1939 жыл­дары Қиыр Шығыстағы Хасан кө­лін­де жапондармен шайқасып, май­дан дәмін татты. Жымпиты ау­дан­дық жер бөлімінде зоотехник болғанымен, оған қоса әскери міндетті офицер ретінде аудандық әскери комиссариатта жалпыға бірдей төтенше жұмылдыру жоспарын жасаумен айналысқан. 1941 жылдың 17 маусымында запастан қызыл әскердің кадрлық құрамына қайта шақырылып, Жымпиты аудандық әскери комиссариаты жұмылдыру бөлімінің бастығы болып тағайындалды. Осылай қыз­­­­метін атқарып жүре беруге де болатын еді, бірақ ел басына қиынқыстау күн туған сәтте, 1942 жыл­­­ғы тамызда майданға аттануды жөн көрді. Бас қолбасшының резервіндегі 4-артиллериялық корпус 12-артдивизия 46-жеңіл ар­ти­­­­­ллериялық бригадасының 786-пол­кінде взвод командирі бо­лып тағайындалған Е.Дауымов атақты Курск иініндегі жан алып, жан беріскен ұрыстарға қатысты. Мұн­да оның взводы да ерлігімен ерек­­­ше көзге түсіп, дұшпанның тан­­­кі­ле­рін, қару-жарақтары мен жа­уын­гер­лерін қиратып, жер жастандырып, қолға түсірді. 1985 жылы Жеңістің 40 жылдығына орай «Қазақ әдебиеті» газетінде ақын, журналист Қайырбек Асановқа берген сұхбатында майдангер сол бір аласапыран шақты еске түсіреді. Бірде штаб бастығы бұған барлау мәліметтерін шұғыл жеткізуді бұйырады. Бұл алғы шепте деректерді алып, блиндаждың есігіне қарай жүре бергенде, «Жолдас командир! Сызғышыңыз түсіп қалды» деген дауысты естиді. Сол бойда иіліп, сызғышты ала бергенде, құлақ түбінен жау оғы зу етіп өте шыққандай болады. Етбетінен құлаған оның оң жақ жауырыны жараланған екен. Егер сол тұста сызғышқа иілмесе, опат болуы әбден мүмкін еді. Кездейсоқ оқиға осылайша жанын аман алып қалған-ды. Одан кейін де талай бораған оқ, атылған снаряд, жарылған миналардан сау өткен Ерғали Дауымов 1945 жылдың 20 наурызында Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Полк командирі, подполковник Извеков қол қойған марапат қағазында аға лейтенант, барлаушылар тобының бастығы Е.Дауымовтың қаһармандық ерлігі баяндалады. 1945 жылы 5 ақпанда жаяу әскер мен артиллериялық барлаушылар тобын бастап Одер өзенінен өткен Е.Даумов батыл қимылдап, жау күшінің басымдығына қарамастан, Лебус қаласының солтүстік бе­тіндегі биіктікті бағындырып, бекінеді. Осы айқаста жаудың қырық жауынгері жер жастанса, соның жетеуінің көзін Дауымовтың бір өзі құртып, екеуін тұтқынға алады. 7 ақпан күні дұшпан биіктікке бекінген 1-атқыштар батальонын кейін ысырып тастамақ болып, үш рет қарсы шабуылға шықса да, мақсаты орындалмайды. Ақыры таңдаулы 216-ыншы «СС» батальонын іске қосады. Осы кезде Дауымовқа 35 адамнан тұратын артиллеристер тобын басқарып, биіктікті қалайда бермеу туралы бұйрық беріледі. Е.Дауымов жеке ба­сының қауіпсіздігін ойламай, жауды 30 метрге дейін жақын жіберіп, автоматтардан оқ жаудырып, гранаталарды лақтыруды бұйы­рады. Дұшпанның кідіріп қалғанын пайдаланған Дауымов өз тобын қарсы шабуылға көтеріп, жау­дың күшін біржолата  тойтарып тас­тай­ды. Шайқас орнында 70-тен ас­там жаудың мүрдесі, үш қол пуле­меті, басқа да қару-жарақтары жайрап қалады. Лебус қаласы үшін ұрыста 8-9 ақпан күндері Дауы­мов алғы шептегі бақылау бекетінде дивизионға бағыт сілтеп отырды. Соның арқасында дивизион шабуылға шыққан 1-атқыштар ба­тальонын оқпен демеді. Диви­зионның дәл атуы арқасында жау­дың ротаға жуық әскері, 6 пулеметі, бір бақылау бекеті, екі артбатареясы, реактивті қондырғы­сы жойылды. Батальон Лебус қаласын басып алды. Міне, осындай ер­­лі­­гі үшін Е.Дауымов Батыр ата­ғы­­на лайық болатын. Алайда атал­­мыш құжатқа, асығыстықтың сал­да­ры ма, неліктен екені белгісіз, гер­бі­сі бар мөр соғылмай, ол полк шта­бына қайтып келеді. Сол үшін мұны полк штабына қайта шақыртады. Ол соған барғалы жатқан кезде дивизия командирі, генерал-ма­йор Курковскийдің «Барлық ко­ман­дирлер орындарында бол­сын» деген бұйрығы жетеді. Амал жоқ, Ерғалиға өз орнында қалуға тура келеді. Мамыр айында Бер­лин қаласына шабуыл жасалған кез­де бригада командирі, генерал Ко­лесников Батыр атағына ұсынылғанына екі ай уақыт өтіп кеткенін, енді оны алуға кеш екенін жеткізеді. Сөйтіп, оған Батыр атағына ұсынғаны жөніндегі қағазды ескерткіш ретінде қайтарып береді. Кейін, 1945 жылғы 11 мамырда Е.Дауымов Александр Невский орденіне де ұсынылады, бірақ оның орнына бірінші дәрежелі Отан соғысы ордені қолына тиеді. Дегенмен екі мәртеден «Қызыл Жұлдыз» және бірінші дәрежелі Отан соғысы ордендерін, бір рет «Қызыл Ту» орденін өңіріне тағуының өзі оның ешкіммен кем соғыспағанын айқын аңғартады. Бұған әлденеше рет, соның ішінде Берлин түбінде жау әскерін талқандауға қосқан үлесі үшін Бас қолбасшы И. Сталиннен алған алғыстарын қосыңыз. Батыр атағының берілмеуі, оның үстіне дәрежесі төмен ордендермен қай­та-қайта марапатталуы соғыс кезіндегі әділетсіздіктің немесе дұ­рыс бағаламаудың салқыны тигенін көрсетіп-ақ тұрғандай. Бейбіт кезеңде Батыр атағын алу үшін ұрпақтары жоғары органдарға жаз­ғысы келген екен, оған майдангердің өзі рұқсатын бермепті.

           Есесіне Еңбек Ері атанды

Германияда бір жыл қызмет етіп, елге 1946 жылы оралған Ерғали 1953 жылға дейін Жымпиты аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас зоотехнигі, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім бастығы, Орал ауыл шаруашылығы мектебінің директоры болды. 1953 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқытушы болып ауысты. СОКП Орталық комитеті мен Ми­нистрлер кеңесінің «Колхоздарды басшы кадрлармен одан әрі нығайту жөніндегі шаралар ту­ра­лы» 1955 жылғы 25 наурыздағы үндеуі мен қаулысы негізінде эко­­но­микасы төмен колхоздарды көтеруге 30 мың коммунист жі­бе­ріледі. Солардың қатарында Е.Дауымов Жамбыл облысы Мерке ауданы Сталин атындағы (кейін «Қазақстан» атанған) колхозды қабылдап алып, екі-ақ жылдың ішінде оны алдыңғы қатарлы шаруашылыққа айналдырады. Колхозшылардың тұрмысы күрт жақ­сарып, мектеп, клуб, балабақша бой көтеріп, 1956 жылы астықтан тапсырма артығымен орындалады. Колхоз шаруашылықтың барлық саласы бойынша облыста бірінші орынға көтеріліп, соның нәтижесінде Е.Дауымов КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1957 жылғы 11 қаңтардағы Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атанды. «Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді» деген осы болса керек, бұл, бәлкім, майданда алма­ған Ба­тыр атағының өтеуі де бо­лар. Кейін ауыл шаруашылығы саласын­да бас­қа да қызметтерді атқарған Ең­­бек Ері 1997 жылы Алматыда қайтып, топырақ Кеңсайдан бұйырды. Үш қызынан қалған ұрпақтары әр тарапта тұрып жатыр. Жымпиты, Қаратөбе аудандарында статистика, салық комитеті саласында ұзақ жыл басшылық қызмет атқарып, бүгінде ұрпақ қызығын көріп отырған Сағын Жұбанышевтан суыртпақтап сыр тартқанымызда, қос майданның қаһарманы деуге лайық Ерғали Дауымов туған жерінде елеу­сіз қалғандай көрінді. Сырым аудандық мәдениет үйінде суреті ілулі тұрғаны болмаса, мектеп түгілі, әлі күнге дейін көше аты да берілмеген екен. Осы олқылық­­тың орнын Сырым ауданы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай толты­­ра­­­ды деп үміттенеміз.

 

    Ғайсағали Сейтақ,

                                                                                                                                                                                           Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале