24.07.2018, 15:10
Оқылды: 29

Құқық қорғау органдарында жемқорлық деңгейі жоғары  

 

DSC_0615Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында өңірде Ішкі істер министрлігі жүйесі қызметкерлеріне қатысты 15 қылмыс тіркеліп, бес тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Құқық қорғау органдарындағы жемқорлық жоғары деңгейде. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінің алаңында мәлім болды.


 

БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюросы департаментінің басшысы Рустам Ақмырзаевтың айтуынша, пара алып яки алаяқтықпен айналысып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған бес тұлға негізінен жол полициясының қызметкерлері, учаскелік инспекторлар.

-Есепті мерзім ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі 105 қылмысты тіркеді, соның 89-ы - сыбайлас жемқорлық қылмыстары. 29 тұлға сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған деп танылды, оның алтауы бірінші басшылар (екі облыстық, үш аудандық және бір қалалық деңгейдегі басшылар). Жалпы ашылған қылмыс санының үштен бірі (27) парақорлыққа қатысты, - деді Р.Ақмырзаев.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта да бұрынғыдай, ашылған сыбайлас жемқорлық қылмыстардың басым бөлігі, яғни 60 қылмыс әкімдіктің және құрылымдық бөлімдердің қызметшілеріне қатысты. Соның ішінде 12 тұлға жауапкершілікке тартылған.

Брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақов жыл басынан бері облыстағы мемлекеттік органдардың 944 бос орынға конкурс өткізгенін айтты. Барлық 944 бос орынға 903 кандидат қатысып, оның 499-ы жеңімпаз деп танылған. Конкурстық комиссия жұмысына 536 бақылаушы қатысқан. Оның 454-і немесе 84,7%-ы - үкіметтік емес сектор өкілдері.

Облыстық арнайы мониторингтік топ басшысы Әлия Сәлиева қазіргі уақытта денсаулық, білім, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы салалары бойынша мониторинг жүргізіліп жатқанын баяндады. Сонымен қатар жазғы маусымда темір жол билеттерінің неліктен тапшы болатындығы зерттелуде.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале