14.03.2017, 17:17
Оқылды: 56

Өңірде жеті мектеп салынбақ

received_652643491600405Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов облыс орталығында бой көтеретін қалалық N4 орта мектеп пен Гагарин көшесінен салынатын тоғыз қабатты тұрғын үйде болып, құрылыс барысымен танысты.


Айта кетейік, салынғанына 50 жылдай уақыт болған қаладағы N2 жұмысшы ауданында орналасқан N4 орта мектеп апатты жағдайда болатын. Биыл 300 оқушыға есептелген үш қабатты мектеп толықтай бұзылып, орнына сондай көлемдегі төрт қабатты заманауи жаңа мектеп салынатын болады. Білім ошағының құрылысына республикалық бюджеттен 950 миллион қаржы қарастырылған. Құрылысты мойынына алған мердігер компания бүгінде ескі ғимаратты бұзу жұмыстарын жүргізуде. Мектептің құрылысы жыл жарым уақытқа есептелген.

received_652643448267076Сондай-ақ Гагарин көшесі бойындағы сонау 50-ші жылдары салынған, бүгінде апатты жағдайдағы екі қабатты 12 пәтерлі тұрғын үйдің орнына тоғыз қабатты 126 пәтерлі жаңа тұрғын үй бой көтермек. Бүгінде көне үйдің тұрғындары толықтай көшіріліп, үйді бұзу жұмыстары жүргізілуде.

Құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан өңір басшысы мердігер компания басшыларына сапаны қатаң бақылауға алуды және құрылысқа барынша өзімізде өндірілетін материалдарды пайдалануды тапсырды.

received_652643381600416-Қаладағы №4 мектепті алғашында күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлаған болатынбыз. Кейін оның апатты жағдайда екені, жөндеуге мүлдем келмейтіні белгілі болды. Сондықтан орнына жаңа мектеп саламыз деп шештік. 300 оқушыға есептелген жаңа мектеп заманауи үлгімен салынбақ. Оның ішінде асханасы, спорт және ойын алаңдары болады.

Үстіміздегі жылы өңірімізде жалпы саны жеті мектеп салынбақшы. Оның төртеуі Орал қаласында болса, қалған үшеуі Қазталов, Зеленов, Бөрлі аудандарында бой көтермек. Олардың құрылысына республикалық және жергілікті бюджет есебінен сегіз миллиардқа жуық қаражат бөлінді.

Сонымен қатар мемлекеттік-жеке серіктестік арқылы жергілікті құрылыс компанияларымен бірлесіп, апатты жағдайдағы үйлерді бұзып, орнына көп қабатты жаңа үйлер салып жатырмыз. Құрылыс компаниялары салған көп қабатты тұрғын үй алдымен бұзылған үйдің пәтер иелеріне берілетін болады. Ал қалған пәтерлерді мердігер компания өздері қала тұрғындарына сатады. Инженерлік желілерді тарту мен абаттандыру жұмыстарын біз мойнымызға аламыз. Өткен жылды қоса есептегенде, осындай апаттық жағдайдағы он үйдің орнына жаңа үйлер бой көтеруде. Жалпы, облыс орталығында апатты жағдайдағы 41 тұрғын үй бар. Алдағы үш жыл ішінде кезең-кезеңімен сол үйлерді жаңалаймыз деп жоспарладық, - деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Нұрбек ОРАЗАЕВ
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале