5.03.2015, 19:05
Оқылды: 15

Тасқалалықтар Қазталовта

img_0066


Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы аясында «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы бойынша Тасқала ауданының әкімі Санжар Әлиев бастаған делегация 28 ақпан күні Қазталов ауданында болды.


Көрші ауданның өкілдері аудан орталығындағы «Нұрбалапан» балабақшасының және спорт кешенінің жұмыстарымен танысып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жерлестерге арналған ескерткіштерге гүл шоқтарын қойды. Сонымен қатар соғыс ардагері Аманғали Сариевке  құрмет көрсетті.

Меймандар қоғамдық ұйым өкілдерімен және түрлі байқаулардың жеңімпаздарымен дөңгелек үстел басында кездесті. Дөңгелек үстелге Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов қатысты.

Кездесу барысында этномәдени бірлестіктердің жетекшілері көптеген мәселелерді қозғады. Солардың ішінде этномәдени бірлестіктердің жұмысы, міндеті мен олардың материалдық қамтылуы жайында сөз болды.

Тасқалалық көркемөнерпаздар қазталовтықтарға өздерінің концерттік бағдарламасын ұсынды. Күмбірлете төгілген күй мен дөңгелене билеген би, әуелете салған әсем әндер тыңдарман жүрегінен жол тапты.

Мегажоба шараларынан кейін Тасқала ауданының әкімі Санжар Әлиев Қазталов ауданының әкімі Нұрлан Бекқайырға эстафета кітабын салтанатты түрде табыстап, жылы шырайлы қабылдағандары үшін алғыс айтты.

Осындай ел мен елді жақындастырған, татулық пен бірлікті насихаттаған мегажоба аясында өткізілген шараға аудан жұртшылығы риза болды.


Гүлфия КӨШБАЕВА,

Қазталов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале