8-707-808-48-55
18.05.2018, 17:57
Оқылды: 2466
БҚО-да 6-сынып оқушысы 3 жасар баланы құтқарып қалды

IMG_8474 копия1Қазталов ауданы Қошанкөл ауылының 6-сынып оқушысы Нұрдәулет Айболатов кешкі сағат 19-дар шамасында өрістен келетін малды қарсылауға шығады. Ауыл жанындағы қар суынан жиналған тоғанға барады. Сол кезде тоған суының ішінен кішкентай баланың аяғын көзі шалады. Ол суға секіріп, баланы алып шығады. Сәби талықсып кеткен екен. 

Әлі 3-ке толмаған Аршаттың әкесі Медет бізге болған оқиғаны былай деп әңгімелеп берді.

–Суға кетіп қала жаздаған балам - үйдің кенжесі. Өзінен үлкен екі баламмен бірге (үлкенінің өзі 1-сыныпта оқиды) осы тоған жағасына келіп ойнаған. Екеуі өздерімен өздері ойнап жатқанда, Аршат суға түсіп кеткен. Нұрдәулет балам болмағанда, қайғылы жағдай орын алатын еді. Нұрдәулетке барлық бақ қонсын!-деді.

Аршаттың өзін де суретке түсіріп алайық деп ойлағанбыз. Алайда анасы Айнұр Орал қаласына оқуға кетіп, Аршатты Жалпақталдағы нағашы әжесіне апарып тастапты. Сол себепті кішкентай Аршаттың суретін балабақшадан алғыздық.

Нұрдәулеттің  анасы Гүлжан Сисеноваға да жолықтық. –Иә, балам азаматтық іс жасады. Осындай қасиет оның бойында бар екенін көргенде, мақтаныш сезімі биледі,-деді. Ал Нұрдәулеттен  алғашқы көмек беруді қайдан білетінін сұрағанымда: -Мектептің төтенше жағдайларда әрекет ету ережесін күнде көріп жүрмін ғой,-деді.

Біз батырлықты, ерлікті алыстан іздейміз. Ал Нұрдәулеттің кішкентай періштенің өмірін сақтап қалуы – нағыз батырлық. Өркенің өссін, айналайын Нұрдәулет!

 

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ,

Батыс Қазақстан облысы,

Қазталов ауданы

IMG_8479 IMG_848111

 

 

Ұқсас жаңалықтар Басқа да жаңалықтар
Пікір қалдыру