15.10.2018, 15:54
Оқылды: 37

Бөрлі командасы жеңімпаз атанды

Зеленов ауданы орталығындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде аудан әкімі Асхат Шахаровтың жүлдесіне арналған волейболдан ашық турнир өтті.

zelenov sprot (9)

Алғаш рет ұйымдастырылған әуе доп шеберлерінің жарысына аудан ауылдары мен Ақжайық, Бөрлі және Тасқала аудандарының командалары қатысты.

         Жарыстың ашылу салтанатында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Радик Ықыласов сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

         Жарыс ережесіне сай екі топқа бөліген командалар жартылай финалға берілер жолдаманы сарапқа салды.

Тартысқа толы өткен топтық кезең ойындарының қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен Бөрлі мен Ақжайық, Янайкин мен Тасқала командалары жүлде таласын әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік алды.

Жартылай финалдың алғашқы ойынында кездескен Янайкин мен Ақжайық ауданы командаларының тартысында ақжайықтық өрендер жеңімпаз атанса, Бөрлі мен Тасқала ауданы командаларының ойынында бөрлілік жігіттер басымдық танытты.

Осылайша жартылай финал ойындарында жеңіліс тапқан  Янайкин мен Тасқала командалары үшінші орынға таласты. Қызықты ойын қорытындысында янайкиндік жігіттер жеңіске жетті.

 Алаңда топтық кезең мен жартылай финалда жинақы ойын көрсетіп, қарсыластарын қоғадай жапырған Ақжайық және Бөрлі аудандарының командалары. Екі ұжымның шама-шарқын білетін көрермендердің делебесі қозып тұр. Бірі бөрлілік жігіттерді қолдай қиқуласа, екіншісі Ақжайық деп атойлап, сүйікті командасының ойыншыларын жігерлендіруде.

Көрермен қиқуынан күш алған ойыншылар да қарап қалмады. Әр допқа жан таласа ұмтылып, волейболдың небір әдемі комбинацияларын көрсетіп бақты. Алғашқы сетте бөрлілік жігіттер жеңіске жетсе, екінші сетте жинақтала білген Ақжайық ауданының командасы жеңімпаз атанды.

Үшінші шешуші кезең. Есеп 10:10 болғанша иық тірестіре келгенімен ойынның соңғы жағында қарсыластарының осал тұсын таба білген тәжірибелі бөрлілік ойыншылар аудан әкімінің жүлдесіне арналған жарыстың бас бәйгесін иеленді.

         Барлық жүлдегерлер мен жеңімпазға жарыс демеушісі «Киргенев» шаруа қожалығы ұсынған көлемді ақшалай сыйлықтар мен кубок және медальдар табыс етілді.

Сондай-ақ командасын алға сүйреп, үздік ойын көрсеткен Айбар Жеткіншеков «Үздік байланыстырушы», Бауыржан Бақтияров «Үздік қорғаушы», Нұрболат Хисен «Үздік шабуылшы», Баян Қайырғали «Үздік тосқауыл қоюшы», Қайрат Төлешев «Үздік ойыншы» аталымдарын иеленді. Оларға да жарыс демеушісі ұсынған бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Түгелбай БИСЕН,

Зеленов ауданы,

zhaikpress.kz

zelenov sprot (2) zelenov sprot (7) zelenov sprot (15) zelenov sprot (16) zelenov sprot (17)

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале