30.07.2020, 14:08
Оқылды: 53

  «Дипломмен ауылға» жобасымен ауылға тұрақтаған жас отбасы тиянақты тірлігімен үлгі

      Қолынан іс келетін жігерлі жастарға қай жерде де орын бар. Еңбекқорлық пен ізденіс қатар ұштасқан жандарда жағдай іздеп бәлсіну, өздеріне ерекше назар аударту деген нәрсе болмайтыны рас. Осындай қасиеттерді өз бойларына жинаған Шыңғырлау ауданы Ақтау ауылындағы жас отбасының тірлігін тілге тиек еткіміз келіп отыр.

40EE60B9-50F0-418B-85C3-C297D9039FCF

«Дипломмен ауылға» жобасымен осыдан екі-үш жыл бұрын Ақтау ауылдық округіне табан тіреген жас отбасы Біржан мен Динара Ғұмаровтар келе салысымен мектепке жұмысқа орналасты. Қайткен күнде де алған білімдерін ұрпақ тәрбиелеу жолында мейлінше пайдаланып, мектептің қиын да қызықты жұмыстарының бел ортасында жүруге тырысты. Біржан еңбек пәнінен дәріс берсе, Динара физика-математикадан сабақ береді. Ертеңгі күндерін ауылмен байланыстыруды алға қойған олар бос отырмай шаруашылықты кеңейту жәйін де ойластыра жүрді. Ауылда тұрған соң аулаңда маңыраған қойың, мөңіреген сиырың, қыт-қыттап шауып жүрген шөжелердің болғаны сәнді емес пе? Әрі отбасының бюджетіне де үлкен демеу болмақ. Осыны түйсінген олар «Бизнес-бастау» жобасына қатысып, 500 мың теңгеге грант алып, 7 баспақ, 10 шақты қой сатып алды. Ендігі басты мақсат - осы алған мал басын көбейту. Қыстың қамын жазда ойла деген тәмсілді ұстанған олар малдың жем-шөбін де қамдап алды.

9AF82E7D-2EF7-4C1C-9E69-015788875C34

Біржан Бәйтерек ауданында тұратын әкесі Бауыржанды үстіміздегі жылы өз үйі - өлең төсегі, жеке пәтеріне қол жеткізген соң көшіріп алуды ұйғарды. Әкесі дәнекерлеуші, қолынан келмейтіні жоқ пысық жан екен. Ол да балаларына қарап отырмай көмек қылып, келер қысқа қора-қопсыны сайлап, таңнан кешке дейін тыным таппауда.

D058FEF8-96A3-424E-A9B7-7B13FF4A2560

Жас отбасы бау-бақша салуды да қолға алыпты. Өз аулаңда өскен балғын көкөніске не жетсін, үйдегі кішкентай балалары да бақша суарысып, арам шөбін жұлысып, өздерінше мәз. Аулада жүрген құстың балапандарын баққан бүлдіршіндер де еңбекке ертеден баулынуда. Бұған қоса Біржан үйде қоян ұстауды да қолға алыпты. Арнайы орында күтімге алынған қояндар бұл күнде көжектеп, көбеюде екен. Міне, ауылға келіп әрі жұмыс тауып, әрі мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көріп отырған, ең бастысы осы ауылды жерсініп отырған жас жанұяның бүгінгі тірлігі кім-кімге де үлгі болса керек. Әйтпесе, бағдарламамен ауылға келіп, уақыты қашан бітер екен, қашан қалаға қайтар екенмін деп күн өткізіп жүрген жастардың да бар екендігі жасырын емес. Ал Біржанның бүгінгі тірлігі қайтсем де осы жерде өсіп-өнсем екен, ұрпағымды таза ауамен тыныстатып, таза суға қанықтырып, еңбекке баулысам екен деген ниетке саяды.

F99777F1-DEC9-403C-99AB-F98649449AD8

- Бұл жас отбасы алдымен еңбекқорлығымен ерекшеленеді. Адамды жатырқамайтын мінездері, үлкенді сыйлауға деген ізгі ниеттері ерекше тәнті етеді. Ауылға келіп, жастарымыз осылайша тұрақтап, өз шаруаларын дөңгелетем деп жатса біз де қуаныштымыз әрі қолдан келген көмегімізді беруге әзірміз»,-дейді Ақтау ауылдық округінің әкімі Мұрат Тасболатов.

4DB040E6-BBBD-41AA-9360-00A05C058187

                                         Гүлшат Ибрагимқызы,

Шыңғырлау ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале