18.09.2018, 11:00
Оқылды: 55

Теректіде футбол додасы аяқталды

Теректі ауданында бақандай төрт айға созылған доп додасының жеңімпаздары анықталып, марапаттау рәсімі өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

 futbol terekti (3)

         -Аудан жастарының спортқа деген құлшынысы көңіл қуантады. Жастар салауатты өмір салтын ұстанса болашаққа деген сенім арта түсері ақиқат. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев әрқашан спортқа айрықша көңіл бөліп, өзі де әлі күнге дейін дене шынықтыру залына бас сұғып, өскелең ұрпаққа үлгі болуда. Аудан орталығында өткен шағын футбол бәсекесіне апта сайын арнайы келіп, бақ сынаған барша ауылдық округтің жастарына алғыс білдіремін,-деді  Алтай Серғазыұлы.

         «Іс үшін – За дело» ЖҚБ ұйымдастырған, аудан басшылығы қолдаған «Теректі лигасы – 2018» турнирінің чемпиондары болып Подстепный ауылының футболшылары танылды. Олар арнайы кубок, медаль және бас жүлде 70 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Екінші орын алған «Теректі» (Федоров ауылдық округі) командасы 60 мың теңге, ІІІ орынды жеңіп алған «Подстепный-94» командасы 50 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйлықты еншіледі. Турнирден бөлек «Теректі кубогі» додасында «Реал» командасы(Федоров ауылдық округі)  топ жарды.

         Жекелей ойыншылар арасында А.Жанабаев («Реал» командасы) «Үздік қақпашы», А.Бердников(«Теректі» командасы) «Үздік қорғаушы», Б.Хадимов («Подстепный-94» командасы) «Үздік шабуылшы» аталымына ие болды. Ал 16 ойында қарсылас қақпасын 40 мәрте дәл көздеген М.Баубеков (Подстепный ауылының командасы) «Үздік сұрмерген»  атанды.

         Турнирдің жоғары деңгейінде өтуіне атсалысқан төрешілер А.Даужанов, А.Ибатов, А.Мұхамбетқали және С.Құлмұханов ұйымдастырушылар атынан Алғыс хатпен марапатталды.

         Ондаған адамның қолынан келе бермес турнирді, ұзақтығы бірнеше айға жалғасқан шараны ұйымдастырған «Іс үшін – За дело» ЖҚБ-нің төрағасы Нұрлан Жасұлановтың еңбегін атап өткен жөн.

Әділет ӘЛІБЕКҰЛЫ,

Теректі ауданы

futbol terekti (1)

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале