21.01.2019, 15:44
Оқылды: 62

Жаңақалада спорт мектебі тозып тұр (СУРЕТ)

Жаңақала аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі 1978 жылы 18 қыркүйек күні құрылған. 2003 жылы бұрын наубайхана болған ауқымды ғимарат қайта жасақталып, мектептің еншісіне беріледі. Сол жылдан 2015 жылға дейін аталмыш ғимарат облыстық спорт басқармасының меншігінде болған болса, қазір ауданның меншігіне берілген.

janaqala sport (1)

         Мектепті әр жылдары Сансызбай Мырзашев, одан кейін Қайрат Мұратов, Махсот Бекболатов сынды азаматтар басқарады. 2009 жылдан бері Жайсаң Есекенов директорлық ететін аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 9 секция жұмыс жасайды. Мұнда 422 тәрбиеленуші тұрақты түрде әр түрлі спорт түрлерімен шұғылданады. Мектеп жаттықтырушылары баптап-баулыған, спортқа жаны құмар жаңақалалық өрендердің арасында республикалық һәм облыстық жарыстардың бір емес, бірнеше дүркін жеңімпаздары да бар. Сөзіміз дәлелді болуы үшін есімдерін атай кетуді жөн көрдік. Мәселен, қазақ күресінен Жалғас Тілекқабылов, Заманбек Саматов, Рахат Замирұлы, Рауан Қуанов, Азамат Бейбітов, Нұрлан Жұмағұлов, Амандық Қадыров, Лунара Шәмшиева, Жанар Қажығалиева, Әсем Бейсенғалиева сынды өрендер спорт ардагері Қ.Қауметовтың жүлдесі үшін облыстық турнирде жеңімпаздар сапынан көріне білді. Бұдан бөлек самбо күресінен 2002-2003 жылы туған жасөспірімдер арасында V республикалық турнирде 48 келіде Ақбота Нәсіпқалиева II орынды иеленсе, 42 келі салмақта Жалғас Тілекқабылов I орынға ие болып, самбо күресі бойынша «Спорт шеберіне үміткер» атанды. Жаңақалалық палуандардың қазақ күресі, дзюдо, самбодан да, тіпті еркін күрестен де жеткен жетістіктері аз емес. Волейбол, футболдан облыстық жарыстарда оғландарымыз алдыңғы қатардан көрініп жүр. Ал ақыл-ойдың ойыны тоғызқұмалаққа келсек, оның жөні тіптен бөлек. Апта сайын жүлде әкелетін Қайрат Шәутеновтің шәкірттері қарсыластарын қашанда қапы қалдырып, облыстан әрі асып, республикаға танылып үлгерді. Соңғы жылдары ауданда ұлттық ойынның бірі асық ату жарысы да жақсы жолға қойылып, Қолғанат Серіковтың шәкірттері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен облыстық жарыстың жеңімпаздары атанды.

         Жарқын жетістіктерге жетіп жүрген өрендеріміздің жаттығатын жері, яғни аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ғимаратының қазіргі ахуалы кім-кімді де алаңдатары хақ. «Ауруын жасырған өледі» дейді қазақта. Ашығын айту керек, алда-жалда спорт мектебіне бара қалып, іші-сыртына нақтылап назар аударсаңыз, көп нәрсеге куә боласыз. «Көрген көзде жазық жоқ» деген, тесік төбені, ескіріп, әбден тозығы жеткен еденді, құлауға шақ тұрған қабырғаларды көргенде көңіліңіздің құлазыры анық. Жаңбыр жауса төбесінен су кететіні, қақаған аязда мектептің жылынбайтыны, едендерінің дымқыл тартып жатырғаны да жасырын емес.

          «Бұл ғимарат салынғаннан бері бір жөндеу көрген жоқ» дейді ауыл тұрғындары. Алдағы уақытта да жөндеу көрмей, дәл осы қалпында тұра беретін болса, адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Тіпті кейбір ата-аналар ғимаратта жаттығатын балалары үшін уайымдап, жазым бола ма деп те алаңдайды. Сондықтан бұл мәселеге бейқам қарауға болмайды.

Ғимарат қазір-ақ күрделі жөндеуден өтуге сұранып тұр. Бұл бойынша аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Еслямғалиеваға хабарласқанымызда, мектепті жөндеу жөніндегі құжаттары дайындалып жатқанын баяндап, алдағы уақытта дене шынықтыру және сауықтыру кешені (ФОК) салыну жоспарда бар екенін жеткізді.

         Иә, бұл күрмеулі мәселе жуық арада жоғары биліктен қолдау тауып, жоспарлы жұмыс жүзеге асса, нұр үстіне нұр. Елбасы Н.Назарбаевтың өзі «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты дәстүрлі Жолдауында «Дене шынықтыру және спорт мемлекеттің қамқорлығында болуы қажет. Саламатты өмір салты халықтың денсаулығының кілті болуы керек» деп атап көрсетті.

         Біз бұл мәселені көтергенде тырнақ астынан кір іздемедік. Әрине, аудан әкімдігі тарапынан бұқаралақ спортты дамытуға, спортшыларға қамқорлық пен қолдаудың қажетті жағдайда жасалып келе жатқандығын көріп жүрміз. Мысал, күні кеше спорт мектебіне су жаңа автокөлік берілгенде ел болып қуанған едік. Міне, осындай думанды күн қайталанып, араға ұзақ уақыт салмай аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебі күрделі жөндеуден өтсе, ел үшін атқарылған игі істің бірі болар еді.

janaqala sport (2)

Алтынбек Ермекқалиев,

Жаңақала ауданы

(суреттер автордікі)

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале