14.07.2020, 15:23
Оқылды: 58

Сырымның жігіттері Қажымұқаннан кем емес!

 Ұлы Отан соғысының жүріп жатқан уақыты. Елдегі еркек атаулының бәрі "ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алып" дегендей, мылтық асынып, майданға кетті. Қажымұқан балуан да еркек емес пе? Оның үстіне балуан - батыр деген аты бар. Соғысқа барамын деп шешті. Әйтсе де, әскери комиссариат балуанды жасы келуіне байланысты соғысқа алмады. Не істеу керек? Майданға кіргізбейді, ал Отанға көмек беру керек.

dav

Қажымұқан кассадағы жинаған қаржысын алып, оған ел аралап, өнер көрсетіп тапқан ақшасын қосып, 100 мың сомға ұшақ жасатады. 1944 жылдың күзінде Солтүстік - Батыс майданның көгіне бүйірінде "Ең жақсы қазақ ұшқышқа. Қажымұқан!" деген жазуы бар истребитель көтерілді. Балуанның ұшағы жау үшін ажал құсына айналып, сол ұшқаннан Жеңіс күніне дейін қалықтады. Қажымұқанның жомарттығы сол кезде ерлікке бағаланды.

Коронавирус та - дұшпан. Онымен күресу - соғыс. Дерт дендеп кеткенде, Сырым ауданының да дәрігерлері не дәрі - дәрмекке жарымай, не медициналық аппараты болмай, майдан ішінде оқсыз, қарусыз жүрген жауынгердің күйін кешіп қалып еді. Бірақ Қажымұқандай ерлікке дайын жомарт жүрек азаматтар бар екен.

dav

Осы аптаның басында "Сырым ауданына 3 дана оттегі концентраторы керек!" деп жар салған едік. Кеше Сырым ауданына оттегі өндіретін аппараттың 6 данасы келді. Бұларды елдің азамат жігіттері өз қаржыларына сатып алды. Атап айтсақ, белгілі сырымдық кәсіпкерлер Тілек Махметов, Өркен Қуандықов, Адият Сыдықовтар бір-бір аппараттан, Мереке Молдағалиев пен Ербол Шоқанов сияқты елшіл жігіттер 1 оттегі концентраторын, сол сияқты шаруашылық жетекшілері Эльдар Серікқалиев пен Мейрамбек Мамбетьяров бірігіп аудан үшін 1 дана аппарат сатып алған. Осындай құрылғының және 1-еуіне Мұратбек Мұхамедиев бастаған Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің 2004 жылғы түлектері қаражат шығарған. Олар аппараттарды Жымпитыға Мәскеу қаласынан алдырып отыр. Олар 6 аппаратқа қоса, елдің игілігіне Адият Сыдықов 3 қорап дәрі-дәрмек әкеліпті. Ал енді сұрақ? Бұл жігіттердің соғыс кезінде өз ақшасына ұшақ жасатқан Қажымұқаннан кемдігі бар ма?

Сырым аудандық орталық ауруханасының директоры Роза Тахамбетова елдің басына нәубет төнгенде жәрдем берген азаматтарға халық атынан алғыс айтты.

Айта кетейік, «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің «ашынғаннан шыққан ащы дауысын» естіген «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы да аппарат үлестіруді Сырым ауданынан бастаған болатын. Одан кейін, өңірге келген 160 жасанды тыныс алу құрылғысының 2 данасы біздің ауданға берілді. Алланың қалауымен, бір аптада Сырым ауданына 9 оттегі концентраторы келді.

 Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале