10.08.2020, 10:55
Оқылды: 445

Жастар неге кітап оқымайды?

Бүгінгі дәуір технологияның өркендеп тұрған заманы. Смартфон мен ғаламтор пайда болған аз ғана уақыттың ішінде қазіргі буын үшін өз беделін көтеріп үлгерді. Жаңа ғасырдың жетістігі көп болса да, рухани әлсіреткен тұстары аз емес. Кітапқа деген қызығушылық пен сұраныс күрт төмендеді. Жастанып жатып кітап оқитын заманның біздерді бір айналып өте шыққаны өзекті өртейді. Жалпы бүгінгі буынның кітап оқуға құлшынысы мен қызығушылығы бар ма?

E05CE846-757A-42A0-8CAB-DF7B3E3293ED

«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана», - деп Әбіш ағамыз айтпақшы, кітап жан сарайыңды байытар жалғыз қазына. Кітап оқу арқылы ой-өрісіңді дамытып, көкірек көзіңді кеңейте аласың. Адамзат баласының ең үлкен құндылығы білім екені белгілі. Десе де, жасөспірімдердің кітап оқуға құлшынысы төмен екенін естіп те, көріп те жүрміз. Жазушы Софы Сматаев бір сұқбатында: «Кітап менің сырласым, мұңдасым, жолдасым болып алған. Өйткені кітаптан жаныма нәр, жүрегіме шер аламын, сол кітаптан жұбаныш табамын. Бетін ашып қалсам, көңілім елжірейтін, жүрегім тебіренетін. Сондағы өлең шумақтары, шығармалар жүрегіме дәрі болатын. Кітап біз үшін әрі білім, әрі ғылым, әрі өнер, әрі мәдениет, әрі әдебиет. Кітап солардың бұлағы деуге болады», – деген еді. Албүгінгі жаһандану заманыңда  кітаптың жастар арасында алар орны төмендегендей. Қазір ата-ана «балам кітап оқымайды» деп, ұстаздар «оқушылар өз ойын толық жеткізе алмайды» деп күйінеді. Қолымыздағы электронды құрылғылар кітапханадан алыстатып, виртуалды әлемге қамаған сайын, кітап оқуға деген құмарлық жойылуда. Жасөспірімдердің көп бөлігі өз ойын қорытып жазуға емес, ғаламтордағы даяр дүниені көшіріп алуға әуестеніп кеткені тағы бар. Кітапханаға бас сұға қалсаң да, жастардың қарасы көрінбейді. Алысыңды жақын, жақыныңды алыс қылған ғаламтор кітаптан да жырақтатып жіберсе, ұрпақ санасын күйретері анық.

Оқушы мен кітап арасында ажырамас байланыс болу үшін ата-ана мен ұстаздың атқаратын қызметі зор. «Балам басқадан кем болмасын» деп қолына смартфон ұстата берсе кітап оқитын бала қайдай шықсын? Ұстаз шәкіртіне көркем шығармаларды көп насихаттаса, баланың қызығушылығы оянары анық. Рухани білімнің қайнар көзімен сусындаған шәкірттің болашағы жарқын болатынын естен шығармауға тиіспіз. Кітаппен дос болған әр адам саналы әрі ой-өрісі жоғары, жан-жақты болып тәрбиеленері сөзсіз.

«Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың келер ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген еді кезінде Ғабит Мүсірепов. Рухани құлдырау – бүкіл ұлтты күретамырымен құртып жіберуге әкеліп соғады. Бүгінгі ұрпақ – ел ертеңі екенін ұғынса игі.

P.S: Ғылым мен білім жарыстыратын заманда телефонға тәуелді ұрпақтың болашағы бұлдыр келеді. Адамды ойшылдыққа жетелейтін жалғыз нәрсе – кітап. Еңсесін енді тіктей бастаған Сауд Арабиясында да, кәрісі түгіл жиырмадағы жас баласына дейін қара танымайтын  Мавританиядағы жаппай сауатсыздықтың қоғамды бірнеше уақытқа құлдыратып тұрғаны ақиқат емес пе? Егер біз виртуалды әлемде санамызды улап, асыл қазынамыздан алыстасақ келешек Қазақстанның хәлі не болмақ?

Дильназ Дидарқызы,

Айдархан ЖОББМ-нің 11-сынып оқушысы

 

Жұлдызай Төлегенова,

Айдархан ЖОББМ-нің 9-сынып оқушысы:

- Мен үшін ғаламтор кітаптың орнын баса алмайды. Себебі мен кітап оқығанда бөлек бір әлемге еніп кеткендей боламын. Кітап оқығанда жанын тынышталып, демалып қаласың. Жалпы өзім кітап оқығанды ұнатамын. Күніне 15-20 минутымды кітап оқуға арнаймын. Менің ойымша, әрбір адам кітапқа арнаулы уақыт бөлуі керек. Кейбір қатарластарым: «Кітап оқығанды мүлде ұнатпаймын» дейді. Мұндай сөздерді тек бұрын-сонды кітап оқымаған адам ғана айтады. Әрі қазіргі танда ғаламтордың дамып жатқанын бәріміз білеміз. Бірақ ол кітап қолданыстан қалып қойды дегенді білдірмейді ғой. Кітаптың өзінше бір ерекшелігі бар. Өз басым «ғаламтор кітаптың орнын баса алады» деген пікірге келіспеймін!

Шұғыла Саматова,

Жаңақала ЖОББМ-ның түлегі:

- Қазіргі таңда ақпараттық мәдениет дамып, қоғамның жаһандануға бет бұрған заманы. Расымен, бүгінде жаңа технологиялар мен ғаламтор өміріміздің бір бөлшегіне айналған секілді. Бұның жақсы да, жаман да жағы бар. Жақсы жағы - өміріміз біршама жеңілдеп, әртүрлі жаңалықтардың куәсі болып, әлемдік көштен қалмай бірге дамып келеміз. Жаман жағы - рухани құндылықтарымыздың құны түсіп, жас буынның кітап оқуға деген құлшынысы төмендеуде. Қазір кітап оқитын жастар бұрыңғыдай емес, азайып қалған. Бірақ жоқ деп те айта алмаймыз. Жеке өзіме келер болсам, кітап оқуға деген құлшынысым әлі күнге дейін жоғары. Ойлап қарасам ең алғаш оқыған кітабым – Сәбит Мұқановтың «Ботагөзі» болған екен. Ал қазір Сайын Мұратбековтың «Басында Үшқараның» атты повесін оқып жатырмын. Сүйікті жазушыларым да жетерлік. Айтпағым, осы оқыған кітаптарым арқылы мен өмірге жаңаша көзқараспен қарай бастадым, адамгершілік қасиет жайын ұғып, бойыма тәлім мен тәрбие өнегесін құйдым. Менің ойымша, ғаламтор қанша қызықты көрсетсе де, кітапты ешқашан алмастыра алмайды. Себебі кітап- рухани азық һәм ең құнды дүние. Кітаптың ішіне еніп, оны бар жан дүниеңмен сезініп оқығаннан асқан рахат сезім жоқ шығар…

Оған қоса, кітаптың берер пайдасы мен айтар ақылы ұшан-теңіз. Бұл сөзіме Абай атамыздың «Артық білім кітапта, Ерінбе оқып көруге», - деген сөзі дәлел болары сөзсіз.

 

 

 

 

 

     

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале