Наурызнама аясындағы «Ұлттық спорт» басталған «Бабалар ізімен» атты облыстық ұлттық спорт лигасы дүбірлі бәйгемен түйінделді. Дала төсін дүбірге бөлеген қылқұйрықтар додасы елдің делебесін қоздырып, ұлттық рухты асқақтатқан тағылымды шараға айналды.

Ата дәстүрдің айшықты көрінісіне айналған бәйге облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, Орал қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі және облыстық бәйге федерациясының ұйымдастыруымен, облыс әкімдігінің қолдауымен жоғары деңгейде өтті.
Бұл ұлттық мұраны ұлықтауға бағытталған жүйелі жұмыстың жарқын көрінісі.

Жарыс ережесіне сәйкес, сәйгүліктер 6 шақырымдық құнан және 12 шақырымдық топ бәйгеде бақ сынады.
Алдымен көпшілік алдына құнандар шықты. Бірнеше айналымға созылған тартысты додаға 16 құнан қатысты. Додаға түскен әр сәйгүлік өз бабын, шабандоздар шеберлігін паш етті. Ат тұяғының дүбірі мен жанкүйерлердің қолдауы жарыс көркіне көрік қосты.
Бұл бәйге – жай ғана спорттық жарыс емес, бұл – ұлттың болмысын, рухани тамырын танытатын, ата-бабадан мирас болған асыл дәстүрдің жалғасы. «Бабалар ізімен» лигасы аясындатөткен дода жас ұрпаққа өнеге, ел бірлігінің нышаны ретінде айрықша мәнге ие болды.

Қорытындысында құнан бәйгенің бас жүлдесін казталовтың Абат Сәрсеновтің "Сұркөжек" атты құнаны жеңіп алды.?(Шабандозы Абзал Сәрсенов)
Екінші орын Жәнібек ауданының атынан шыққан Нұралы Мералиевтің "Бақторысына" (шабандозы Жанәлі Мұратұлы) бұйырса, үшінші орынға қаратөбелік Нұрболат Исмагуловтың "Қарқын" құнаны табан тіреді.(Шабандозы Аршат Жексенбай).
Бабалар ізімен облыстық ұлттық спорт лигасын 12 шақырымға созылған топ бәйге түйіндеді.
Қыстан шыққан жүйріктердің маусымашар бәйгесіне тек өңір атбегілерінің сәйгүліктері қатысты.
Топ бәйге жүлдесіне 13 тұлпар таласты.

Қорытындысында үшінші орынға Ақжайық ауданы Нұфманов Бағдат (сәйгүліктің аты Айналайын), екінші орынға Сырым ауданы Қайырсапа Шерхан (сәйгүліктің аты Архитектор) және бас жүлде Ақжайық ауданы Ешов Болат (сәйгүліктің аты Ханым).


Түгелбай Бисен
«Орал өңірі»