18.08.2020, 11:55
Оқылды: 26

Карантин мен асабаның айтысы

Карантиннің кесірінен тойханалар жабық тұр. Тойдан табыс тауып жүрген асабалар қауымының кәсібі тұралап қалды. Асабалар «той үстіндегі тәтті күндерін» аңсайды. Ал, карантин мырзаның әзірге айылын жиятын ойы жоқ. Бүгін қызық болды. Карантин мен асаба «Қызық айтыстың» алаңында кездесті.

Aitys

 

Асаба:

Карантин қанды іштің ғой келіп алып,

Тойында көре алмай жүр мені халық.

Жатырмын жалдамалы пәтерімде,

Баяғы бал күндерге көңіл ауып.

 

Карантин:

Көрдің бе той қуғанның не боларын?

Тілегенің жөн болар ел аманын.

Сонда да жасырынып той тойлаған,

Тоқтамай тұр ғой әлі «темаларың»

 

Асаба:

Бас алмай отырсың ғой байбаламнан,

Көп іздеп кінәліні айналаңнан.

Кәрі қыз отыра ма, ер үйленбей,

Бұдан жаман күнде де тойға барғам.

 

Карантин:

Бұдан жаман не керек саған енді?

Тәжтажалдан қаншама адам өлді.

Ой қуатын адам ба деп ойласам,

Той қууға жетті ме санаң енді?

 

Асаба:

Көп жер ашық оған түк демейсіңдер,

Той менен тойхананы бөгейсіңдер.

Үйінен шықпай халық жатар еді,

Сендер қайбір жарытып төлейсіңдер...

 

Карантин:

Бәріне үйде бол деп аттандадық,

Сонда да бұл індеттен сақтанбадық.

Бір-екі ай шыдар енді бірдеңе етіп,

Той тойлауға ақшаны тапқан халық.

 

Асаба:

 Жұрт ақшам тасыды деп той қылмайды,

Сөз айтсаңыз қайтеді ойға ыңғайлы.

Соғыста да той қылып, әнге салған,

Қазағым карантинге қайғырмайды.

 

Карантин:

Сыртымнан келемеждеп күлесің бе,

Не айтып отырғаныңды білесің бе?

Жан-жағыңда жаназа боп жатқанда,

Сен ұялмай той тойлап жүресің бе?

 

Асаба:

Карантин берекемді қашырасың,

Өлім бар оны қалай жасырасың.

Қуаныш одан да көп болып жатқан,

Неге сен өлім санын асырасың.

 

Карантин:

Індетпен ауыруда жарты ғалам,

Жөн болар той қуалап шалқымаған.

Ренжіме асаба, тойдан көрсем,

Болады бұл ісіңнің арты жаман.

 

Асаба:

Қалаймын бұл індеттің жоқ болғанын,

Жамандық көрсетуге оқталмағын.

Карантинге карантин жарияланып,

Мен тілеймін жақсылық көп болғанын.

 

Жарқынбек Шынтаев,

айтыскер ақын,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале