19.08.2020, 11:54
Оқылды: 68

Шыңғырлауда 28 жас жәрмеңкеден жұмыс тапты

Дүние қалай дүрбелеңге түссе де ілім-білім саласындағы жұмыстар тоқтамауы тиіс. Мынау елді елеңдетіп, сары уайымға салып қойған карантиндік шектеулер қалай болғанда ұлтымыздың болашағы – балаларымыздың қауіпсіздігін қорғауды басты мақсат етіп қойып отыр.

Jarmenke (1)

Сол себепті де шағын мектептерде әдеттегідей қоңырау сыңғыр қағып, оқу басталатын болса, еліміз бойынша орта мектептерде алғашқы, бәлкім, одан кейінгі тоқсандар да қашықтықтан оқытылмақ. Жыл сайын мектептерде сабақ басталар алдында пән мұғалімдерінің дайындығы, қажет мамандарға сұраныс пысықталып жататыны белгілі. Арнайы жоғары оқу орнын бітіріп келген жастарға да жұмыс тауып беру жағы да уақытымен ойластырылуы керек. Сол себепті де жаңа оқу жылы қарсаңында Шыңғырлау аудандық білім беру бөлімі дәстүрлі бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырды. Шыңғырлау ауданының білім саласына келген 50-ге жуық жас маман осы жәрмеңкеге тұрақты жұмыс іздеп келді. Нәтижесінде, барлық қосымша білім беру ұйымдары мен мектеп басшылары, балабақша меңгерушілері бас қосқан жәрмеңкеден 28 жас тұрақты жұмыс тауып, қуанып қайтты.

Jarmenke (2)

Жолдама алған жастардың басым бөлігі еңбек жолдарын ауылдық жерлердегі шағын мектептерден бастауды мақұл көріп отыр. Жас ұрпақты тәрбиелеу жолында жастық жігерді, биік мақсаттарды жалау еткен жастар жаңашыл бастамаларымен, тың ізденістерімен ауыл мектептеріне соны серпін алып келеріне сенеміз.

                                                                                           Гүлшат Ибрагимқызы,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале