Банк жүйесі саласында 40 жыл қызмет істеп, бүгінде еңбегінің зейнетін көріп жүрген Борис Ізбасаровтың есімі көзі қарақты оқырмандарымызға жақсы таныс. Өткен ғасырдағы тоқырау жылдарында еліміздің экономикасын дамытуға, тәуелсіздіктің елең-алаң шағындағы қаржы саласының еңсесін тіктеуіне, ұлттық валютамызды айналымға енгізуге сіңірген еңбегі зор. Экономикалық байланыстар үзіліп, өңірдегі тұрғындар жалақы, зейнетақы ала алмай, қаржыдан тарыққан кезде облыс басшылығына білім-білігімен көмектесіп, талай қиын жағдайлардан шығуға сүйеніш, тіреу болғаны да көпшілікке аян.
Борис Ізбасарұлы 1975 жылы Алматы қаласындағы есеп-кредит техникумын бітіріп, өзінің туыпөскен жері Казталов ауданында, кейін Жаңақала ауданында мемлекеттік банктің бөлімшелерінде қызмет етті.
1986 жылы Орал қаласына қызметке ауысып, мемлекеттік банктің Орал облыстық кеңсе басқарушысының орынбасары болды. Өңірдің агроөнеркәсіп саласын несиелендіру жұмыстарына бас-көз болды. Өте жауапты қызметті атқара жүріп, сол кездердегі банк кеңсесінің басшылығында болған Марина Валышева, Евдокия Применко, Григорий Марченков сынды ғазиз жандардың тәлім-тәрбиесін, ағалық қамқорлығын көріп, шыңдалды. Содан үш жылдан кейін кеңестер одағында банк жүйесін реформалау жұмыстары аясында мамандандырылған банктер құрыла бастады. Жаңадан құрылған «Агропромбанк», «Промстройбанк», «Кредсоцбанк» сынды банктердің қызметтерін мемлекеттік банк реттеп отырды. Борис Ізбасарұлы 1989 жылы әлеуметтік, жеңіл өнеркәсіп, сауда салаларын несиелейтін «Кредсоцбанктің» 1990 жылы өнеркәсіп, құрылыс салаларын, кен игерушілерді несиелеумен айналысатын «Промстройбанктің» облыстық басқарма бастығы қызметін абыроймен атқарды. Қазіргі тілмен айтқанда, осындай банктердің облыстағы бөлімшелерінде басшылық қызметтерді атқара жүріп, экономиканың барлық саласын несиелендіру, қаржыландыру мән-мәнісінің түбіне терең бойлап, тәжірибе жинақтады, кәсіби білім-біліктілігін жетілдірді. Содан көп ұзамай-ақ 1992 жылы банк жүйесінде ысылған, іскер, ұйымдастыру қабілетімен көзге түскен Б. Ізбасаров мемлекеттік банктің облыстық басқармасының бастығы болып тағайындалады. Сол кезде бұл банк Ұлттық банк филиалы болып атауын өзгертті.
– Кеңестер одағы тұсында, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында банк жүйесінде мамандардың 80-90%-ы өзге нәсілден, ұлттық мамандар аз болды. Еліміз егемендік алғаннан кейін ҚР Ұлттық банктің басқарма төрағасы болған Ғалым Байназаров: «Нарықтық экономикаға байланысты ертең коммерциялық банктер құрылады. Сонда ұлттық мамандар керек.
Кімді қай банк филиалы басшылығына тағайындайтыныңызды өзіңіз шешесіз, сіздің ұсынбаңызбен лауазымдық қызметке тағайындалады», – деп мамандар даярлауға көңіл бөлуді тапсырғаны бар. Сол уақыттағы Орал облысының әкімі Нәжімеден Есқалиевпен тығыз байланыста жұмыс істедім, – деп еске алады Борис Ізбасаров.
Өткен ғасырдың 90-жылдарында кеңестер одағы тарихында КСРО Премьер-министрі деген лауазымдық қызметі жалғыз өзіне «бұйырған» Валентин Павлов нарықтық қатынастарға көшу саясатын ұстанды. Ол бұрынғы жоспарлы экономикадан бас тартып, тауардың құнын еркін айналымға жіберуді қолдады. Қарапайым халыққа әр мекеме, ұжым өздері өндірген тауардың құнын өздері қояды. Оған Үкімет араласпайды деп түсіндірді. Нарықта қандай өнім көп болса, нарық соның бағасын қалыпқа келтіреді десті. Негізі нарықтың заңы солай. Бірақ іс жүзінде сол саясат дұрыс болмай, ақша айналымы жүйесі бұзылады. Колхоз-совхоздар өздері өндірген өнімдерін ет комбинаттарына тапсырып, оның қаржысы банкке түсіп, еңбегін сол банктер арқылы алып отыратын. Зауыттардың да шығарған бұйымдары басқа жерлерде сатылып, олардың да тапқан-таянған қаржы-қаражаты банктерге түсетін. Енді нарыққа еркін жіберілген жерде шаруашылық жүргізуші субъектілерінің бұрынғы қарым-қатынастары сеңдей сетінеп сала берді. «Ресей жағы өнімдерімізді алмады. Өнім өткізілмеген соң, ақша қайдан болсын? Содан дисбаланс басталып, 1991 жылдан бастап елдің экономикасы тығырыққа тірелді. Банкке ақша тек саудадан түсіп отырды. Саудада тауар айналымы, мемлекеттік банкке мемлекеттік кассалық жоспарлар берілетін. Сауда орындарында тауар, банктерде қаржы жоқ, осылайша келеңсіз жағдай орын алды. Инфляция 300%-ға дейін өсті. Осы кезде Павлов реформа жасады. 1 мың рубльді 10 рубль, 100 мың рубльді 10 мың рубль етіп төмендетті. Ондағы мақсат – қиюы қашқан экономиканы қалыпқа келтіру. Павловтың реформасы экономиканы тұрақтандырмады. 1991 жылы Қазақстан егемендік алғаннан кейін Ресей «өз күндеріңді өздерің көріңдер» дегенге келтіріп, бұрынғы одақтың ақша қаражатын біздің елге бермейтінін білдірді. Ол кезде елдегі саясиэкономикалық жағдай қиын еді. Егемендік алған кезде елдегі қазақ халқы 40% шамасында, өзгесі басқа ұлт пен ұлыс өкілдері. Елбасы сол рубль аймағында қаламыз деген ұстанымын білдірді. Барлық өндіріс орны жұмыстарын тоқтатты. Колхоз-совхоздар бартермен, өндірген тауарын, өсірген малын басқа керек-жарағына айырбастаумен күнелтті. Одан келіп шаруашылықтар таратылып, жұмысшыларға пай үлестірілді. Бір қап қантқа бір бас сиырын айырбастаған заман болды. Зейнетақы алты айлап берілмеді. Жалақы да берілмей жатты. Оралдағы кірпіш зауыты жұмысшыларына жалақының орнына кірпіш беріп, есептескені есімде. Орал механикалық зауыты жұмысшыларына жалақы орнына үтікпен есеп айырысты, – деп еске алды тарих қойнауына еніп кеткен қүндерді Борис Ізбасарұлы.
1991-2000 жылдары елімізде коммерциялық банктер ашыла бастады. Бұрынғы мамандандырылған банктер коммерциялық банктерге айналды. Мысалға, «Промстройбанк» «Тұранбанк», «Сберкасса» «Сбербанк» болып құрылды. Ақ Жайық өңірінде алғаш болып «Казком» банкі филиалы құрылды. Одан кейін «Темірбанк», «Дорбанк», «Крамсбанк», «Игілікбанк», «Центркредитбанк», «Почтабанк», «Внешноэкономбанк», «Қамқорбанк», ұзын саны 12 банктің филиалдары құрылды. Осы екінші деңгейдегі банктердің құрылуына облыстың бас банкирі ретінде кейіпкеріміз әріптестерімен бірге көп еңбек сіңірді. Сол шаруалардың басы-қасында жүріп, жастарға жол нұсқады. Осы банк филиалдарының ашылуына байланысты облысымызға қаржы-қаражат құйыла бастады. Өңір экономикасы біртіндеп қарқын алды. Бюджетке түсім көбейіп, жалақы, зейнетақы және өзге де төлемдер уақытылы беріле бастады.
– Ара-тұра Алматы қаласынан қолма-қол ақша түсетін. Орал облыстық әлеуметтік қорғау басқармасының бастығы Роза Көжекова «Зейнетақыны қалай береміз?» деп жиі қоңырау шалатын. Жасыратыны жоқ, кей уақытта заңсыз қадамдарға баруға тура келді. Күн сайын облыс әкімдігі «Ана мекеме жұмысшылары нәпақасыз қалды, мына ұжымдағылар көтеріліп жатыр, зейнеткерлерге зейнетақы түспей қалды, енді қалай істейміз?» деп шақырып алатын. Ұлттық банкке түскен қаржыны бірде ана ұжымға, бірде мына мекемеге, бірде қалаға, енді бірде ауыл-ауданға деп келісе отырып, қылдай бөліп беретінбіз. Орталық Ұлттық банктің тапсырмасымен Орынбор мемлекеттік банктің сол кездегі басшысы Сергей Павловпен (жерлес болып шықты) келісіп, 1 миллиард рубльге корреспонденттік есепшот ашып, облыстың мекемелеріне Ресеймен есеп айырысуға жол аштық. Мақсатымыз – ел ішіндегі тыныштықты сақтау, халықтың наразылығын өршітпеу. Мекемелердің алажақ-бережағын үйлестіріп, соның есебінен де ақша берген кездеріміз де болған, – деп терең ойға берілді еңбек ардагері.
1993 жылдың маусым айында Ресей өзінің рублін айналымға енгізді. Қазақстан рубльмен жұмыс істейміз деп күтті. Бірақ олай болмады. 1992 жылы ҚР тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ұлттық банк басшылығына алғашқы теңгелерді басуға құпия тапсырма берді. Бұл өте маңызды әрі құпия ақпарат еді. Өйткені мұны ел-жұртқа алдын ала айтар болса, қоғамда дүрбелең туар еді. Тек екі жыл ішінде тауар бағасы 20 есе өсті. Құлдыраған экономиканы көтеру үшін ұлттық валютаны айналымға енгізу міндеті тұрды.
«Ұлттық банкте қызмет істейтіндердің өздері теңгенің айналымға шығатынын білмей қалды. 1993 жылы Ұлыбританиялық “Harrison and Sons” компаниясында басылып шыққан алғашқы банкноталар Қазақстанға әкелінді. 1993 жылы 12 қарашада Президент ұлттық валютаны енгізу туралы Жарлық шығарды. 13 қарашада Ұлттық банк басшыларын Алматы қаласына жинады. 15 қарашада ашасыздар деген құпия нұсқау қағазын беріп, 14-і күні ақша тиелген ұшақпен бірге облысқа қайтарды. Облыс басшылығына ақша ауыстыру жөнінде комиссия құру туралы тапсырма берілді. Ұшақтан түскенде милиция, қауіпсіздік саласының қызметкерлері қарсылап алып, инкассаторлық көліктермен ақша салынған фанер қорапшаларды қазіргі Ұлттық банк филиалы қоймасына түсірдік. Түнімен ұйықтамай пәшкі-пәшкі ақша санадық. 15 қараша күні ақшаны ауыстыру, аудандарға жеткізу міндеті тұрды. Қаладағы ақша айырбастау, яғни рубльді теңгеге айырбастау жұмысын коммерциялық банктерге беру керек. Дегенмен халық кезекке тұрып, айқай-шу болады деп алаңдадық. Содан ірі зауыт-фабрикаларда жұмысшылардың ақшасын айырбастау үшін инкассатормен бірге кассирлерді жібердік. Бұл өзімізге алған үлкен жауапкершілік еді. Сол кезде 1 теңге 500 рубль деп бекітілді. Облыс орталығына жақын аудандарға (Чапаев, Ақжайық) ақша инкассациямен жіберілді. Шалғай аудандарға (Казталов, Фурманов, Жәнібек, Жаңақала, Шыңғырлау, Қаратөбе) теңгені жеткізуге сол кездегі облыс әкімі Қабиболла Жақыпов ұшақ бергізді. Өңір аумағында ақша ауыстыру жұ-мыстары 10 күн ішінде толықтай аяқталды. Осы күндерде облыс қаржыгерлері бел шешпей, еңбек етті, шала ұйқы болып жүретінбіз. Елімізде осылайша 15 қарашада ұлттық валюта – теңге айналымға енгізілді. 3 күн рубль мен теңге қатар пайдаланылды, 19 қарашадан бастап Қазақстан аумағында жалғыз валюта айналымда болды», – деді Борис Ізбасаров. Оның айтуынша, ақша ауыстыру кезінде Ұлттық банк шешім қабылдап, әр адамға белгілі бір мөлшердегі рубльді теңгеге ауыстырды. Олай жасамаса, бәзбіреулер Ресейден қап-қап рубль әкеліп, әп сәтте байып шыға келер еді. «Жасыратыны жоқ, Орынбор жағынан, «мешок-мешок» ақша әкеп, «Мынаның 70 пайызын сіз алыңыз, қалғанын ауыстырып берсеңіз» дегендер болды. Елім тәуелсіз болды, төл теңгеміз бар деп қуандық, «алтын көріп, жолдан таймадық». Теңгені айналымға енгізіп, екінші күні дүкенге барғанымызда тауар бағасы 80-жылдардағы қалыппен тұрды. Жаңа жылдан кейін баға өсе бастады. Тауар жоқ, өндірістер тоқтады. Ресейге бару үшін ақша айырбастау керек болды. Коммерциялық банктер ақша айырбастау пункттерін ашуға дайын болмады, сондықтан өңірде Ұлттық банк филиалы жанынан айырбастау пункттері ашылды. Олардың алғашқылары қазынашылық ғимаратынан, облыстық денсаулық сақтау басқармасының ескі ғимаратының (орталық базар қасында) 1-қабатынан ашылып, жұмыс істеді. Долларды Алматыдан Ұлттық банк жіберіп отырды. Басында қазақстандықтар Ресейге доллармен шығып жүрді, сонда оны рубльге айырастайтын. Бірер жылдан соң рубль келе бастады», – деді Б. Ізбасаров.
1992 жылы аудандардағы ғимараттар, қоймалар коммерциялық банктерге өтіп кетті. Білікті мамандар да коммерциялық банктерге жалақысы жоғары қызметтерге ауыстырды. Бірінші міндет 16 аудандағы банктердің ғимараттарын коммерциялық банктерден Ұлттық банкке қайтару, білікті мамандарды қызметке шақыру мәселесі шешілді. Бұған Б. Ізбасаровқа өзінің бар абырой-беделін салуға тура келді. Өңірдің бас банкирі мамандарды қызметке шақырып, оқыту курстарына жіберіп, мамандар даярлау ісін қолға алды. Ондағы мақсат – Ұлттық банктің бұрынғы жүйесін қайтадан қалпына келтіру. Банктің аудандағы бөлімшелерін компьютерлендіру, аудандарға оптикалық талшықты кабель тарту үшін «Қазтелеком» мекемесімен тығыз байланыс орнатылды. Бүкіл ауданға кабель тартылып, Ұлттық банк филиалы директорының орынбасары Валерий Павлович Чудный осы мәселеге бас-көз болды. Сол кабель әлі күнге интернет байланысымен қамтамасыз етіп келеді.
Бұрын мемлекеттік бюджеттің орындалуы мемлекеттік банктің қарамағында болды. Түскен қаржыны бұл банк өзі реттеп республикалық не жергілікті бюджетке бөліп отырды. Осы функция «Кредсоцбанк» құрылғанда соған берілді. Осыдан бюджеттің түсуі нашарлады. Республикалық, жергілікті бюджеттерден жалақы алатындар бар, олардың барлығына банк бақылау жасай алмады. Коммерциялық банкке мұндай функцияны беріп қою, сол кездегі қателік болатын. Сол функция 1992 жылы Ұлттық банкке қайтарылды. 1997-1998 жылы бюджеттің орындалуын бақылау «Бюджетбанкке» берілді. Бұл банктің бөлімшесінің құрылуына Борис Ізбасарұлы атсалысты. Мықты мамандарды банктің жұмысын жолға қоюға жіберді. Олардың ішінде Маржан Бапаева, Ютич, Юдина және басқалары бар. Ұлттық банктің қарамағындағы екінші қызыл тастан өрген ғимаратты да банкке бергізді. Кейін бұл банк «Қазынашылық» мекемесі болып өзгертілді.
Қаржы реформасынан кейін Ресейге қайта өткіземіз деп бес жыл бойы қоймада сақталған «пішен» ақшаны «ақша қожайыны» қайтып алмайтын болды. 1997 жылы облыс көлемінде жиналған қолма-қол ақшаны вагон-вагон етіп тасып, «Зенит», «Орал арматура зауыты» және Ақжайық ауданының қазандықтарында өртегендері Борис Ізбасаровтың әлі есінде. «Сонда облыс басшысы Қабиболла Жақыпов: «Аудандардағы қазандықтарда жағатын көмір жоқ, соларға жіберейік. Халық ақшаның қызуына жылынып қалсын», - деп күлдіргені бар», - дейді банк саласының ардагері.
Білікті банкир Борис Ізбасаровтың соңынан ерген шәкірттері аз емес. «Дорбанк» құрылғанда шәкірті әрі әріптесі Валерий Чудный, «Тұранбанкке» басшылыққа Мирхат Ахметов қызметке келді. «Центркредитбанк», «Тұрғын үй құрылыс жинақ банк» филиалдары ашылғанда алғыр шәкіртері Ғарифолла Сүйербаевты, Қуаныш Хамзинді басшылыққа ұсынды. Тағы бір шәкірті Ғалия Сатыбалдина Ұлттық банк филиалы директорының орынбасары болып 20 жылдай бірге қызмет атқарды. Ақша айырбастау кезінде бірге жұмыс істеген әріптестері, ұстазы Ахмет Жүсіпқалиевтің және Нұрбек Рысқалиевтің, Рузия Бурминцованың, Лариса Рогованың, Нұрила Әубәкірованың, марқұм Маржан Бапаеваның және басқа да қаржыгерлердің ақ адал еңбектерін мақтан етеді. Борис Ізбасарұлының екі ұлы да – қаржыгер. Тұңғышы Сырымбет банк саласында біраз жыл қызмет етті, қазір басқа салада қызмет етеді. Екінші ұлы Бейімбет те банк жүйесінде еңбек етті, бүгінде «Автоломбард» мекемесінде директор. Зайыбы екеуі екі ұл мен бір қызғалдағынан тараған үрім-бұтағының ортасында, шүкіршілікпен жарасты тірлік кешуде.
Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress