Осы күні шетелге барып жұмыс істеп келдім деп біреуді таңғалдыра алмайсыз. Қазақ жігіттері былай тұрсын, тіпті қыздардың өзі елден жұмыс таппай, шетелден нәпақа іздеуді әдетке айналдырды. Жаз болса, колонна-колонна болып солтүстік көршімізге ағылатын оңтүстік көршілеріміздей біздің де азаматтар мен азаматшалар шетелге барып, ақша табуда. Арғысы Корея мен Араб елдеріне, берісі Ресейде жұмыс істеп жатыр. Соңғы жылдары Кореяға кетіп жатқан азаматтар көп.
«Бәлен жерде батпан бар, бара қалсаң...» дегендей, ол жаққа қыруар ақша шығарып барып, әуежайдан кері қайтқандар да көп. Арнайы көші-қон тексерісін ойдағыдай еңсеріп, жұмыс жасап жүргендер де жетерлік. Әсіресе екі ел арасында визасыз жүріп тұру режимі орнатылғалы таңғы самал еліне баратын қандасымыз көбейген. Кореяда жұмыс табу қиын ба? Ол жаққа барып, жұмыс жасағысы келетін жан нені білгені дұрыс? Корей елінің көші-қон министрлігі жұмысшыларды қалай тексереді? Және тағы да қандай қиындықтардың бар екенін білмек болып, сол жақта жұмыста жүрген отандасымызбен байланыстық. Белгілі себептермен атын атамауын өтінген азаматтың Кореяда жүргеніне екі жылдан астам уақыт өткен.
- Шынымды айтайын, алғашында бұл жаққа емделу үшін келдім деп заңсыз кірдім. Жарты жылдай гастарбайтер болғанымды да жасырмаймын. Қазір барлық құжаттарымды реттеп, заңды түрде жұмыстанып жатырмын, -деді сөз басында отандасымыз.
Кейіпкеріміздің айтуынша, ол шетелге отбасын асырап, өмір бойы пәтерде тұрып келе жатқан ата-анасына үй алып беру мақсатында аттаныпты. Оның сөзінше, еліміздегі жалақы оны қанағаттандырмаған, сондай-ақ бізде берілетін мардымсыз жалақыға үй алу мүмкін емес екен. Алған күннің өзінде банкке төлейтін пайызы қымбат.
- Өмір бойы спортпен шұғылдандым. Жеткен жетістіктерім де бір төбе. Бірақ жасың келген соң спорт та адамды жалықтырады екен. Оны қойып, тұрақты жұмысқа орналастым. Жалақысы ештеңеге жетпеді. Күндердің бір күнінде жолдас жігіттер хабарласып, Кореяға жұмысқа барып келгенін айтты. Айына миллионға жақын табыс тауыпты. Мені де шақырды. Тек ол жаққа жетіп алу үшін 500 мыңдай қаражат керек болды. Банктен несие рәсімдеп, досыма ілесіп, Кореядан бір-ақ шықтым, - дейді ол.
Содан бері екі жылдан астам уақыт өткен. Біраз қаражат жиған отандасымыз туған ауылында мал бордақылау орнын салыпты. Ол істі осы күні інісі жүргізіп отыр екен. Қорасы малға толмаса да, бірер айда алған ірі қараны тапсырмақ. Ендігі мақсаты – Ақтөбе қаласынан ата-анасына пәтер сатып алу. Бұл бір ғана адамның мысалы. Әрине барлығы бірдей Кореядан байып келіп жатқан жоқ. Ақша шығарып барып, көші-қон тексерісінен өтпей жүргендер де бар.
- Корея қалай дегенде де – шет мемлекет, оның өз заңы мен салт-дәстүрі бар. «Шекарадан өттім. Ақшаны қырып табамын» деп ойлау қате болады, - дейді отандасымыз.
Шекарадан өту қиын ба?
Екі жылдан бері таңғы самал елінде жүрген қандасымыз Кореяға жұмысқа келіп, нәпақа тапсам деген жан аздап болса да бұл ел туралы ақпарат жинауы керек екенін айтады. Өйткені әуежайда күдік туғызған азаматтарды арнайы сұрақ-жауап бөлмесіне кіргізіп, тергейді екен.
- Егер турист болып келсеңіз, осы елдің туристік аймақтары туралы толық ақпарат жинау керек. Мен ем алу мақсатында келе жатқан соң Сеулдегі жақсы клиникаларға қаралатынымды айттым. Жолымның болғаны шығар, мені тергеген адам орысшаға сауатты болды. Арамызда түсіністік орнаған соң өте алдым. Көзімше бірнеше отандасымды кері қайтарғанын да көрдім, - дейді ол.
Жұмыс табу қиын ба?
Аман-есен шекараны кесіп өткен азамат Кореяда жұмыссыз қалмайды екен. Отандасымыз да алғашында өтуін өттім, енді жұмыс қалай табамын деп көп уайымдағанын айтты. Бірақ осы кезге дейін жұмыссыз отырған кездері болмапты. Тек пандемия өршіп, барлығы тоқтаған кезде ғана аздаған қиындықтар болған.
- Мені бұл елге жақсы танитын досым шақырған соң келісімен жұмысқа орналастым. Зауыттар мен фабрикаларда, тіпті ауылдық жерлердегі бақшалар мен жылыжайларда жұмыс жасаған кездерім де болды. Жалақым да көңілімнен шығады. Ұнамаса екі жыл жат елде сенделмес едім. Бірақ жаттың аты – жат, сол себепті барынша тыныш жүруге тырысасың, - деді әңгіме барысында жас жігіт.
Сондай-ақ шетте жүрген отандасымыз Кореяға келген соң шыдамды болу керек екенін де атап өтті. Неге десеңіз, жұмыс ауыр екен. Белгіленген уақытта аяқтау керек. Бейуақта демалып алайын немесе темекі шегіп алайық деген түсінік жоқ көрінеді.
- Ақсаусақтар немесе ауыр жұмысқа шыдамайтын адамдарға Кореяға келуге кеңес бермес едім. Өйткені жұмыс бар болғанымен, өте ауыр. Әрине оңай жұмыс жоқ. Бірақ, бұл жақтағы жұмыс біздің елдегіден өзгеше. Сондықтан келген соң барлығына дайын болған жөн. «Алма піс, аузыма түс» деген болмайды Кореяда, - деп сөзін қорытты жерлесіміз.
Полицей мен көші-қон
Заңсыз да, заңды да жұмыс жасап көрген отандасымызды корейлік полицейлер таңғалдырған. Екі жылдан бері бірде-бір полицей оның құжатын тексеріп, жөнсіз тиіспеген. Тіпті көші-қон қызметкерлері де оның жұмыс жасап жатқан жеріне келіп, тексеріс жүргізбепті. Айтуынша, заңға бағынған адамға Кореяда өмір сүру оңай екен.
- Шетте жүрген соң осы елдегі отандастарымызбен тығыз байланыс ұстап отырамыз. Кейбір азаматтарды елден шығарып жібергені туралы да хабарды естиміз. Артынша елге қайтарылғандардың заң бұзып, арақ ішіп, жұмыста шу шығарғанын біліп жатамыз. Сондай кездерде бізді де бір күні елге қайтаратын шығар деген ой келеді. Бірақ осы кезге дейін жөнсіз тексеріп, жайсыз тергеген кез болмады, - дейді ол.
Қандай қиындықтар бар?
- Алғашында бар қиындық тілде болды. Осы күні тіл меңгердім, аздап болса да түсінісе аламын. Қазіргі кездегі бар қиындық – елге деген сағынышты жеңу. Екі жыл бойы туған жеріңнен жырақта жүру қиын екен. Қажетті қаражат жидым. Енді келісім-шартым аяқталысымен елге қайтам деген ойдамын, - дейді отандасымыз.
Көргеніңіздей, шетте жүріп те нәпақа табуға болады. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл мақалада бір адамның жат елдегі тағдыры мен жұмысы сөз болды. Ол жақта сондай мыңдаған отандасымыз жүр. Жүздеген адам жиған-тергенін Корей сапарына жұмсап, тексерістен өтпей келгенін де білеміз. Сондықтан шетке жұмысқа аттанар алдында тек физикалық тұрғыда ғана емес, моральды тұрғыда да барлығына дайын болған жөн. Ешкім құшақ жая қарсы алмасы анық. «Әр елдің салты басқа, иттерді ала қасқа» дегенді де естен шығармаған абзал. Барлығы Қиыр Шығыс асып, кетпесі түсінікті. Десе де осындай шешімге бел буған отандастарымыз сақ болса екен дейміз.
Осы күні «әлемнің кез келген елінен жұмыс тауып береміз» деп уәдені үйіп төгіп, артынша азаматтарымызды алдап кетіп жатқан пысықайлар да пайда болды... Бірақ ол алдағы мақалалардың тақырыбы. Жалғасы бар...
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz