4.05.2026, 19:00
Оқылды: 11

Бәйтерек ауданында «Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі» ауқымды іс-шарасы өтті

Жасөспірімдер арасында жол қозғалысы қауіпсіздігін насихаттау, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және жауапкершілік сезімін арттыру мақсатында «Жас қозғалыс инспекторлары» атты аудандық слет ұйымдастырылды. «Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі» тақырыбында өткен ауқымды іс-шараға аудан мектептерінің белсенді оқушылары қатысып, өз білімдері мен ептіліктерін ортаға салды.

image-04-05-26-05-05-3

Слеттің ашылу салтанаты ерекше көңіл-күйде басталып, қатысушы командалар сап түзеп, өздерін таныстырды. Байқауға Раздольное, Махамбет, Т.Бигелдинов, Киров, Бауыржан Момышұлы және Новенькое жалпы орта білім беретін мектептерінің командалары қатысты. Жас инспекторлар жол қозғалысы ережелерін сақтауға, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және өзгелерге үлгі болуға ант беріп, өз міндеттеріне адал болуға серт етті.

image-04-05-26-05-05-1

Іс-шараның ашылуында Бәйтерек ауданы білім бөлімінің әдіскері Гүлім Жұмағалиева сөз сөйлеп, балалар қауіпсіздігі мен жол мәдениетінің маңыздылығына тоқталды. Ол жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығы мен жауапкершілігі – қоғам қауіпсіздігінің берік негізі екенін атап өтті.

image-04-05-26-05-05

Слет барысында қатысушылар жеті кезең бойынша сынға түсті. Атап айтқанда, үгіт-насихат бригадалары, жас санитар, жол қозғалысы ережелерін білгірлері, жас реттеуші, велосипедті мәнерлеп жүргізу, автоқалада велосипед жүргізу және эрудиттер турнирі кезеңдерінде оқушылар өздерінің теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын көрсетті. Әр кезеңде балалардың шапшаңдығы, ұйымшылдығы, тапқырлығы мен жол қауіпсіздігіне қатысты сауаттылығы сарапқа салынды.

Байқауға аудандық полиция бөлімі, төтенше жағдайлар қызметі, аудандық аурухана және жас туристер станциясының мамандарынан құралған қазылар алқасы төрелік етті. Қазылар әр команданың дайындығына жоғары баға беріп, қатысушылардың жол қауіпсіздігі саласындағы білім деңгейінің артқанын ерекше атап өтті.

Тартысты өткен сайыс қорытындысында Бауыржан Момышұлы атындағы мектебінің командасы үздік нәтиже көрсетіп, аудандық слеттің жеңімпазы атанды. Жеңімпаз командаға облыстық кезеңге жолдама табысталып, енді олар Бәйтерек ауданының намысын облыстық додада қорғайтын болады.

image-04-05-26-05-05-2

«Жас қозғалыс инспекторлары» слеті – оқушылардың жол қозғалысы ережелерін терең меңгеруіне, қауіпсіз өмір салтын қалыптастыруына және қоғамдық жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Осындай тәрбиелік мәні зор шаралар жас ұрпақтың қауіпсіз болашағын қамтамасыз етуге қызмет ететіні сөзсіз.

Гүлім Мақсотқызы
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале