5.05.2026, 16:45
Оқылды: 7

Сырымда бейбітшілік жауынгерлері жарысқа түсті

 

Сырым ауданында “Қайсар” спорт клубының ұйымдастыруымен 7 мамыр - Отан қорғаушылар күніне және Семей ядролық полигонының жабылуына 35 жыл толуына орай Семей, Чернобыль апаттарын қалпына келтірген, ауған - тәжік, Таулы Қарабақтағы әскери қимылдарға қатысқан жауынгерлер арасында спорттық сайыстар өтті.

PHOTO-2026-05-05-12-32-53

Спорттық шараның ашылу салтанатында Батыс Қазақстан облысы бойынша Семей Ядролық Сынақ Полигоны “Ерекше тәуекелді сарбаздар” қоғамдық бірлестігінің мүшесі, “Сырым сарбаздары” қоғамдық бірлестігінің Алмас Абдрахманов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Қатысушылар шахмат, мылтық ату, қол күресі сайыстарынан сынға түсті. Сайыс қорытындысында жүлдегерлер диплом, медаль және бағалы сыйлықтарға ие болды.

PHOTO-2026-05-05-12-32-50

1992 жылдың 7 мамырында елімізде ұлттық Қарулы күштері құрылды. Бұл күн – ел тыныштығын сақтайтын әскери қызметкерлер мен барлық ер азаматтарды құрметтейтін, патриоттық рухты асқақтататын маңызды мереке. Елімізде бұл мереке кең көлемде аталып өтіледі. Сонымен қатар, биылғы жылы Семей ядролық сынақ полигонында іс әрекеттердің тоқтатылғанына 35 жыл толып отыр. 1949-1989 жылдар аралығында түрлі ядролық сынақтар өткізіліп, жергілікті халықтың денсаулығына орасан зор зиян келтірілді. Осы сынақ полигонының салдарын жоюға ауданымыздан да 40-тың үстінде адам қатысты.

PHOTO-2026-05-05-12-32-54

Сырым аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кенжегүл Исатаеваның айтуынша, Ауған соғысына қатысушылар, Тәжік-Ауған, Таулы Қарабақ қақтығысына қатысушылар, Семей ядролық сынақ полигонының салдарын жоюға және Чернобыль атом электр станциясындағы апатты жоюға қатысқан азаматтар ерекше әлеуметтік санатқа ие. Олар аға буын ретінде жас ұрпаққа бейбітшіліктің маңызы туралы жиі айтады.

 

Қоңдыкер Елеуов, 

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале