1.04.2021, 13:04
Оқылды: 191

Айбатыр Сейтақ: «Орда жұлдызы» талпынысымды шыңдаған шеберханам»

Тұнық жырдың қайнары, ар-намыстың қайрағы Фариза Оңғарсынованың өзі бұл ағамызды «ой мен сөзін қамшыдай тең өрген сөз шебері» деп бағалап, «сондай жігіттер ғана былығы мен бықсығы қордаланған қоғамды «морт сындырып» тазарта алады, ұйқылы-ояу ортаның намысын оята алады» деп сенім білдірген екен. Адуын ақынның сеніміне ие болған ағамыз осал емес. Жиырмасында жыр-жарыста топ жарып, отызында халықаралық байқаудың лауреаты, ҚР Президенті стипендиясының иегері атанды. Шығармалары «Ғұмырнама», «Ай мен ару» жинақтарында оқырманға жол тартты. Бүгінде елу бестің есігін қаққан Айбатыр Сейтақты сөзге тартып, ел мен жер, өлең мен өмір туралы аз-кем сөз қозғадық. Сіз де көзайым болыңыз, оқырман!

 айб

– Айбатыр Самиғоллаұлы, Жайықта ес жиып, Тобылдың терең тұнығын, Есілдің ерке самалын кешкеніңізді білеміз. Әңгімемізді «Сіз осы қайда жүрсіз» деген сауалдан бастасақ артық болмас.

– Иә, Оралда жоғары білім алып, еңбек жолымды бастадым. Қостанайда алты жыл тұрып, тележурналистика саласында қызмет жасадым. 1997 жылдың мамырынан бері Елордада тұрамын. «Сарыарқа» журналында істедім, «Жас Алаш» газетінің Астанадағы тілшісі, Қазақпарат агенттігінің тілшісі болдым. 2000 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің Аппаратына Баспасөз қызметінің консультанты болып қызметке кірісіп, 16 жыл бойы осы ұжымда еңбек еттім. 2016 жылдан бері ҚР Президенті Әкімшілігінің қызметкерімін.

– Шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар?

– Жалпы, өзім өлеңді сирек жазамын. Өлең жаза білемін деп кез келген тақырыпқа сыдыртып жаза салмаймын. Әуелі ой-түйінін тауып аламын. Ақын үшін ешкім айтпаған ойды табу – міндет! Ал ол оңай емес! Қаламгерлер керемет бір ойды терекке қонып тұрған торғайға теңейді ғой. Ол ұшып кетпей тұрғанда ұстап қалуың керек дейді. Ал көшеде келе жатқанда ондай әдемі «торғайлар» күнде бұтақта қонып тұрмайды (әзіл). Әйтпесе, шетінен ұстап алып, шөпті де, шөңгені де өлең жасап, ақ қағаздың бетін толтыра берер едік қой!

Мен көп жағдайда өлеңді соңғы шумағынан бастап жазамын. Соңғы салмақты ойымды тауып алсам, кейінгі шумақтары соған бейімделіп шығады.

Қай кезде де атқарып отырған жұмысымды бірінші кезекке қойдым. Өйткені өзге әріптестеріммен бірге маған да міндет жүктеледі, тапсырма беріледі. «Мен ақынмын!» деп айтқан кезім болған жоқ. Тіпті көп уақыт бойы бірге істеп жүрген адамдардың өзі менің ақын екенімді кейін біліп жатады. Бір тақырыптарды көп ойланып жүремін де, бір күні жазамын. Пойызда, автобуста туған шумақтар өте көп.

– Ерлердің ерені

Ұстайтын берені –

Ақиқат ең басты

Ақынға керегі! - дейсіз. Осы шығармашылық иелері заман үнін тап басып жүр ме? Қазіргі әдебиеттен кімнің шығармаларынан заман келбетін, бүгінгі ақиқатты көресіз?

– «Қазір керемет дүниелер жазылмай жатыр» деп біреулер айтып жүр ғой. Олай деп кесіп айтуға да болмайды. Дегенмен сарқырап-күркіреп ағып жатқан әдебиет сарқырамасының бәсеңдеп қалғаны рас. Өйткені оған сұраныс та жоқ, оған төленетін жөнді қаламақы да жоқ. Дегенмен әр қаламгер өз үйінде жазып жатыр. Кімнің қорасында қанша малы бар екенін ешкім білмейді. Сол сияқты заман үнін беретін әдеби көркем туындылар халыққа кең тарамай отыр. Бүгінде тіршілік қамымен түрлі жұмыстарға жегіліп кетіп, Мұқағали айтқандай, «Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы», ғажап шығармалар тудыруға жағдайы келмей жүрген қаламгерлер аз емес! Уақыт пен тарих кейін шындықты жарқыратып ашады ғой.

«Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» деген ғой. Сол сияқты ұлттың сана-сезімін байытып отыратын, оқыған жанға рухани күш-қуат беретін қаламгерлерді, жалпы өнер адамдарын лайықты құрметтеу, олардың жан-дүниесінен шыққан еңбектерін бағалау – қай кезде де қоғамның міндеті. Ал олардың ми қажытып жазған туындыларына «хобби», еріккеннің еңбегі деген көзқараспен қарай беретін болса, киелі әдебиеттің, өркениетті мәдениеттің лаулап тұрған ошағы өшеді!

Керісінше ақшасы көп, айтар ойы, берер тағылымы жоқ, «жазушылыққа» кейін келіп қосылған дәулеттілердің кітаптары қаптап шыға бермек. Мұқабасы қымбат теріден жасалып, әріптеріне алтын жалатылған ондай кітаптарды оқып көрген оқырмандар тіптен безіп кетуі мүмкін.

Әдебиетте сыншылардың орны бөлек! Өйткені олар қаламгерлердің туындысын жан-жақты талдап, әр тұсын жіліктеп, бөлшектеп береді. Кемшілігін де, жетістігін де ашып көрсетеді. Ал сыншылардан тек дарынсыздар ғана қорқады!

Әрине, сын шын болғаны абзал. Кеңес заманында мінезді ақынды не жазушыны тұқыртып алу үшін әдейі сын мақалалар жазылғанын естіп жүрміз. Ол енді солақай саясаттың озбыр әрекеті. Ондайдан аулақ қылсын. Сондықтан ақ пен қараны айырып беретін сынның болуы қашанда маңызды.

Жүрегінің жанартауы сөнбеген, асқақ рухты поэзияның қандай екенін көрсетіп жүрген ақындар бар. Айталық, Семейде Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Ақтауда Светқали Нұржан, Астанада Әбубәкір Смайыл, Алматыда Маралтай Райымбекұлы және осы биіктегі басқа да ақындарды оқып көріңіздер.

– Қазақты Бақ алдайды,

Зейнеті аз да, бейнет көп.

Бір шөкім бақ, ал қайғы

Келер бұлттай түйдектеп! - дейсіз. Бүгінгі қоғамдағы ақын жүрегін алаңдатқан жайларға сөз берсек.

– Қай қоғамда да кемшіліктер аз болмайды. Азып-тозған қоғамның бір күні қабырғасы да құлап қалуы ықтимал. Нарық заманы адамдардың пейілін

бұзып жіберді. Қазір бір әдеби кештер, салиқалы концерттер өтіп жатса, халық көп жиналмайды. Газет-журналдарды баяғыдай жаздыртып алмайды. Ол үшін халыққа өкпелей алмайсың. Өйткені бәрі де «жұмыс-жұмыс» деп қаржы табудың қамымен жүгіріп жүр. Мысалы, 20 жыл базарда тұрған адам концертке бара ала ма? Оның уақыты жоқ. Бүгінде барлық адамның қолы бос емес. Жұмыстан кейін қосымша ақы табу үшін шапқылап жүргендер қаншама? Себебі алатын жалақысы мардымсыз, ел қатарлы ойнап-күлуге жетпейді. Соңғы жылдары мұғалімдердің еңбеақысы көтерілді деп жатыр, бұл өте қуанышты жайт. Білімді шәкірт білікті ұстаздан шығады.

Қоғамды реттейтін құрал – заң. Заңдарымыз жетілдіріліп, халықтың бақуатты өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалса, мемлекетіміздің экономикасы тұрақты болып, әлем елдерімен терезесі тең сауда-саттық жасап, өз тауарларымен бәсекелестікке түсе алатын деңгейге жетсе, әрбір азаматтың арманы орындалғаны деп білемін. Біз үшін билік пен халықтың өзара түсіністігі қажет. Бай мен кедейге бөлініп, арасы алшақтап, бірі Асан, бірі Үсен болып кетпеуі керек. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарта алған мемлекеттің қана ісі оңға басады.

– 1990 жылдары: «Сырттың да бар «қасқыры»

Бойда удың ашқылы!

Елдің жауы – ең жаман

Қанға сіңген дәстүрі!» - деген екенсіз. Әлі де сол баяғы жартас па?

– Ұлт болып өркениетке қарай ұмтылып, көзге түрпідей тиетін, баспасөзде ел-жұрт үнемі айтып жүрген жаман әдеттерден арылсақ, көш-керуеніміз күймелі болып, өзгелердің алдында мәртебеміз асқақтай түспек. Бұрын бір оқиғаны бейнетаспаға түсіру телекомпания операторының ғана қолынан келетін болса, қазір әркім өз смартфонына түсіріп алып, лезде таратып жібере алады. Сол себепті заманның өзі әдепті, мәдениетті болуға міндеттеп отыр.

– Ісін істеп пақырдың,

Асын ішкен кәпірдің

Көріп сорлы ұрпақты

Қан жыладым, аһ ұрдым, - депсіз. «Көңілі мас , көз жұмып, қазақ қайда барады?» деп налисыз. Бұл уайым сонау алаш қайраткерлерінің шығармаларымен үндес. Қанша су ағып, қанша уақыт өтсе де, өзгермейтін «ұлттық болмысымыз» сияқты ғой. Не үміт күтесіз?

– Бұл да жоғарыдағы ойлардың жалғасы іспетті. Өткен қоғамның жақсы істерін қайта жаңғырту емес, жаман әдеттерінен арыла алмай жүрген замандастарымыз аз емес. Қу арақ түбіне жетіп, шаңырағы ортасына түскендер қаншама? Біреулер өкпе обырына ұшырағанын білсе де, темекіге әуестігін қоя алмай келеді. Одан кейін бұған басқа түрлері қосылды. Насыбай атып, күлімсі иісі отырған жерін алып кететіндер шықты. Кафелерге барып, кальянды соратындар бар. Есірткіге еліткендер отбасының берекесін кетіріп, әке-шешесін, туыстарын қарызға батырып қоятыны өте өкінішті-ақ... Діні мұсылман, Алла деп өмір сүріп, адал ас жеген халықтың ұрпағы осындай

харам істерден арылғаны жөн. Бұл жерде әр адам өзіне шектеу қоя білуі тиіс. Халық та, әр адам да: «Кіммін, қайда бара жатырмын?» - деп өз-өзіне есеп беріп отырса, алды-артын, кем-кетігін біраз түзеп алар еді.

– Бір емес, екі бірдей айтулы ақын шыққан отбасыңыз туралы айта отырсаңыз.

– Әкем Самиғолла Ұлы Отан соғысының ардагері еді, 35 жылдай орманшы болды. Соңына ұрпағымен қатар мыңдаған тал-терек егіп қалдырды. Мысалы, жыл сайын әр орманшыны төрт мың түп қарағай егуге міндеттейді. Соның біразы түрлі себептермен өліп қалса да, кем дегенде жартысы өсіп шығады. Сол кезде Орда орман шаруашылығында істеген орманшылар еккен қарағайлар қазір жайқалып тұр. ХІХ ғасырда бастап егілген ағаштармен теңесіп кетті. Әкем көп сөйлемейтін адам болды. Анамыз Темірғаным тілге шешен еді. Соның арқасында өте бай қазақ тілінің қаймағынан нәр алып өстік. Апам мақал-мәтелдерді, ғибратты сөздерді көп білетін-ді. Анам ашаршылық кезеңі, соғыс жылдарының қайғы-қасіреттері туралы жиі әңгімелейтін. Үнемі «Соғыстың бетін әрмен қылсын. Ей, Алла, елімізге тыныштық бере гөр» деп тілек тілеп отыратын еді.

Бір отбасынан үш ақын шығыппыз. 1951 жылы туған ең үлкен ағамыз Ғарифолла өлең шығарды, аудандық айтыстарға қатысты. Домбыра тартып, керемет ән салушы еді. «Мінген атым астымда Бұқпақара, Ақ бетіңе шаң тисе, ыққа қара!» деп басталатын халықтың «Ақ кербез» әнін айтатыны есімде қалыпты. Өзекті өртейтін өкінішіміз, 27 жасында өмірден қыршын кетті. Спорттың да түр-түрімен айналысты. Суға жақсы жүзе білсе де, 1978 жылы тамызда асау Жайықтың иірімі алып кетті...

Ал ағам Ғайса-Ғалидың өлең әлемі жақсы таныс шығар. Оның алақұйын заман, мың құбылған қоғам, қасиетті туған ел мен жер туралы жырлары оқырмандарды ойландырады деп ойлаймын.

Біз жеті ағайынды болдық. Мен үйдің кенжесімін. Алдыңғы ағаларым жыр жолына түскен соң, мен де өлең шығаруға еліктедім. Алғаш рет 7-сыныпта оқып жүріп, өлең шығардым. 1981 жылы осы «Орда жұлдызына» «Жарқырайды тақталар» атты өлеңім жарияланды. Бұл менің баспа бетін көрген алғашқы жазбам еді. Кейін мектепте өткен шараларды жазып, қаламақы да алып тұрдым. «Орда жұлдызы» менің журналистика деген алғашқы баспалдағым, талпынысымды шыңдаған шеберханам десем болады. Кейін студент болғанда, жазбаларымды облыстық «Орал өңірі» газетіне жолдап тұрдым. Поэзия арғымағының тізгінін ұстау оңай емес! Теңіздің тереңінен шығатын маржан қандай болса, жақұт жыр да сондай бағалы болуы тиіс!

– Айбатырдың біз білмейтін қандай қыры бар? Мүмкін жақсы суретші, не шахматшы шығарсыз?

– Қазақтың әр баласы жарысып өседі. Мен де бала кезімнен спортқа жақын болдым. Құмды ауылда жүгірген адамның аяғы қуатты болады. Әрі кішкентайымызда жүйрік боламыз деп табанымызға құлық жағатын едік. Жақын қашықтыққа, яғни, 60, 100 метрге жүгіруден жақсы нәтиже көрсеттім.

Жас кезімде сурет те салдым. Қазір үстел теннисін жақсы көремін. Дойбы ойнаймын. Жазда шағын футбол алаңында доп теуіп, қыста шаңғы мен коньки тебемін.

– «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деп Аян Сейітов бауырымыз айтпақшы, төлдің дауысын, ауылдың шаңын, жеңгейдің шайын сағынып тұратын шығарсыз? Ауыл жақтан жеткен соңғы қандай жаңалыққа қуандыңыз?

– Туған жерін шығарса егер естен,

Ондай ұлды ұл емес, ез демес пе ең?!

Туған жерім, анамдай ардақтысың,

Және сонша биіксің Эверестен! - деген екем, бір кезде. Мен үшін Ордам жер жәннаты. Есті адамның туған жермен байланысы өмір бойы үзілмейтіні анық. Туған жерің тілекшің ғой. «Осы біздің ауылдан шыққан бала. Өзіміздің шәкіртіміз болды» деп тілеулестігін білдіретін ұстаздарыма, менің өлеңдерімді оқып жүрген жас өркендерге, ақынымыздың мерейтойы деп әдеби шаралар ұйымдастырып жатқан жерлестеріме ризашылығымды білдіремін.

Хан Ордасы – өркениеттің бастауы болған тұңғыштар отаны. Ағартушылық ісі осы біздің өлкеде басталған. Жолы салынып, түрлі сервистер қолға алынса, керемет туризм орталығы болары сөзсіз. Аудан осыдан жиырма, тіпті он жыл бұрынғы аудан емес. Жылдан жылға әл-ауқаты артып, замана көшіне ілесуде. Ауылдан жеткен әр жаңалыққа қуанып отырамын, тілекшімін.

 

Сұқбаттасқан Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале