«Халық» қайырымдылық қоры «Ел тірегі - Елбасы» атауымен кең ауқымды қайырымдылық акциясын бастады. Бұл жолғы шара Қазақстан үшін елеулі мереке Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келді.
Батыс Қазақстан облысы бойынша ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған 1000 аз қамтылған отбасын қамту жоспарланған. Елімізде бастау алған шара аясында «Халық» қайырымдылық қоры әрқайсысының салмағы 50 келіден асатын 15 мыңнан астам азық-түлік себетін ұйымдастырды.
Қазіргі уақытта азық-түлік себеттері өңірлік әкімдіктер ұсынған тізімдерге сәйкес еліміздің барлық өңірінде отбасыларға таратылуда. Соның ішінде Жаңақала ауданының барлық ауылдық округтерін қоса алғанда 39 отбасыға азық-түлік себеті жеткізілді.
Қайырымдылық акциясы аз қамтылған, көп балалы, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларды қамтыды. Аталған қор пандемияның алғашқы күнінен бастап Қазақстан халқына жан-жақты қамқорлық көрсетуде. Осындай қиын-қыстау шақта ынтымақ пен бірліктің озық үлгісін көрсеткен ауданның ерікті жастары азық-түлікті әр отбасыға жеткізіп, қолдау көрсетті.
«Халық» қайырымдылық қоры кәсіпкерлер мен қайырымдылық ұйымдарының өкілдерін «Ел тірегі – Елбасы» акциясын қолдауға шақырады. Мұндай акция 2021 жылы бірнеше рет ұйымдастырылады деп жоспарлануда.
Ақсәуле Әлжан,
Жаңақала ауданы