Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылындағы мәдениет үйінде «Ақылдың кені – қария, білімнің кені – ұстаз» атты білім саласында көп жыл қызмет еткен зейнеткер ұстаздармен сазды кездесу кеші ұйымдастырылды.

Сахна төріне қырық жылдан астам ғұмырын ұстаздыққа, ұрпақ тәрбиесіне арнап, еңбегімен ел құрметіне бөленген ардақты ұстаздар Ғазиза Рахметова мен Аманғали Қосмағұлов шақырылды. Кеш кейіпкерлері – «Еңбек ардагері» медалінің иегерлері.
Кеш барысында ардагер ұстаздарға құрмет көрсетіліп, әсем әндер шырқалды. Қонақтар балалық шағынан бастап бүгінге дейінгі өмір жолынан сыр шертіп, ұстаздық жылдардағы естеліктерімен бөлісті.
Ақжайық ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Айбек Әбілқалым ардагер ұстаздарға ізгі тілегін білдіріп, саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған еңбектері үшін алғыс айтты. Кейін оларға гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табыстады.
Дамир Мұрадымов
Теректі ауданы