Бүгінгі мақала кейіпкерінің есімі – Қарашаш. Қарашаш Еркінбекова. Өз аты да, тегі де тегін емес көрінді. Қарашаш – қазақ қоғамында елге қамқорлығын аямаған, ақылды әйел, ана образында, Жиреншедей шешеннің жары ретінде белгілі. Күллі Түркі әлемі үшін қадірлі Қожа Ахмет Иассауиді дүниеге келтірген анасының есімі де – Қарашаш. Шымкент қаласында көненің көзіндей болып Қарашаш ана кесенесі сақталған. Ол жерден ел аяғы ешқашан үзілген емес.
Кейіпкерімді ұзақ іздедім. Осы жылдың бас кезінде бір газеттен, әлде сайттан ол кісі туралы шағын ғана мақалаға көзім түсіп, қатты таңғалғаным есімде. Кейіннен интернеттен іздеп таба алмай қойдым, соңында мақаланы жариялаған газеттің «Айқын» екені есіме түскендей болды. Журналист Жадыра Аққайыр қарындасыма хабарластым. Онда да не мақаланың, не мақала кейіпкерінің, не авторының есімін білмеймін, әйтеуір жалпы оқиға желісін және кейіпкеріміздің сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты ауыл әкімі, әйел адам екенін айттым. Жадыра қарындасым қызметі ауысып кетсе де, бұрынғы әріптестеріне шығып, «Айқын» газетінің облыстағы меншікті тілшісінің аты-жөнін анықтап берді. Ол шымкенттік журналист Назгүл Назарбекова екен. Содан әлеуметтік желі арқылы іздеп тауып, телефон нөмірін алып, мән-жайды сұрастыра келсем, ол кісі – мен таба алмай жүрген мақала авторының дәл өзі болып шықты. Назгүл сөзге келместен Қарашаш Еркінбекованың телефон нөмірін берді, өзі де мен хабарласады деп алдын ала ол кісімен сөйлесіп, нағыз журналиске тән қағылездік танытты. Ол үшін Назгүлге алғыстан басқа айтарым жоқ.
Қарашаш апайымызбен телефон арқылы ұзақ сөйлестік. Өйткені ол кісінің он жыл бойғы көрген қиындықтарын, тартқан жан азабын түсінгім келді. Менің таңғалатындай жөнім де бар екен. Бір емес, екі емес, бақандай он жыл бойы өзінің адал аты үшін күресу, азаматтық санаттағы іс емес, қылмыстық іс, оның өзінде сыбайлас жемқорлықпен байланысты іс бойынша он жыл бойы соттасып жеңіске жету, өзіне іс қозғатқан, тергеген, қадағалаған, соттаған лауазым иелерінің қателескендерін дәлелдеу – қандай шыдамдылықты, ерік-жігерді қажет етеді?!
Бір ғана детальды көрсете кетейін. Қалайда шындыққа жетем деп шапқылағанына он жылға жуықтаған кезде, Жоғарғы Соттың да, Бас прокуратураның да есігі бұл кісіге тарс жабылады. Себебі Қарашаш Еркінбекованың атынан өзінің кінәсіздігі туралы арыздар бір емес, бірнеше қайтара түсіп, қанағаттандырусыз қалдырылғаны өз алдына, сол мекемелердің табалдырығын тоздырып жүріп, барлық басшының қабылдауында да бірнеше мәрте болып шыққан еді.
Содан сол кездегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровтың қабылдауына кіріп, ол кісіге жергілікті жердегі қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері туралы айтып беруге бел буады. Осы мақсатта агенттікке барған Қарашаш апайымыз, сол мекеменің кіреберісін 18 күн (!) «күзетіп» барып, Қожамжаровтың алдына кіруге қол жеткізеді.
Осындай он жылға жуық тоқтаусыз күрес нәтижесінде, Қарашаш Еркінбекова бұл күндері өзіне қатысты жала айыптың бәрінен құтылғаны өз алдына, бұрын атқарған Түркістан облысы (бұрынғы ОҚО), Келес ауданы, Бірлес ауылдық округі әкімі қызметіне де сот арқылы қайта қол жеткізген. Енді кейіпкеріміздің басына түскен осы бір шырғалаңға толы оқиғаны ретімен баяндайын.
Қарашаш Еркінбекова мектепті алтын медальмен бітірген соң, жоғары оқу орнына экономист мамандығы бойынша түседі. Қалаған мамандығына ие болған ол, алғашқы қызметін техникумда оқытушылықтан бастайды. Кейіннен мамандығы бойынша Келес аудандық өндірістік комбинатында, Бірлес ауылдық округі әкімдігінде әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеп, 2007 жылы сол округтің ауыл әкімі қызметіне тағайындалады.
Осы қызметті атқарғанына екі жылға жуықтаған кезде басына іс түседі. Ресми тағылған айып бойынша Еркінбекова пара алушы деп танылады. Сот актілерінен үзінді: «Сот үкімімен К.Еркінбекова, Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Бірлес ауылдық округінің әкімі қызметінде істеп жүріп, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам бола тұра, пара берушiнiң пайдасына жасаған әрекеттері үшiн, өзіне ақша түрінде жеке өзі пара алу мақсатында, 2008 жылы Шымкент қаласы, Самал-3 мөлтекауданының тұрғыны К. Тургуноваға Бірлес ауылдық округіне қарасты 28-інші бөлімшесінен тұрғын үй салуға жер телімін беруге шешім шығарып беру үшін пара алуға келісіп, оның 20 000 теңгесін алып, қалған 20 000 теңгесін 2009 жылғы 12 наурызда қолма-қол алғаны үшін айыпталған».
Сол 2009 жылы Келес аудандық қаржы полициясының қызметкерлері пара алу бабымен қозғаған қылмыстық іс бойынша, Еркінбекова үй қамағына алынып, іс ылдым-жылдым тергеліп, араға бес ай салмай жатып, сот үкімі де шығып үлгереді. Тергеу құрылымы да, заңдылықты қадағалаушы прокурор да, сот та, Еркінбекованың өзін ақтап шырылдаған үніне құлақ аспағаны былай тұрсын, істегі бадырайып көрініп тұрған сәйкессіздерге көз де салмайды.
Нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы №2 аудандық сотының 27. 08. 2009 жылғы үкімімен «К.Еркінбекова ҚР Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) (16.07.1997 жылғы редакция) 311-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша 5 жыл мерзімге мемлекеттік лауазымды атқару қызметімен айналысу құқығынан айыра отырып, мүлкін тәркілеп, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде» жаза тағайындалады.
Бар үмітін сотқа артып, «әділдік болады, ақиқатқа қол жеткіземін, шындықты дәлелдеймін» деп жүрген Қарашаш Еркінбекова үшін ауыр күндер енді басталады.
Істі болып, ағайын-туыс, балашағасы, ел-жұрттың алдында масқара болғанын, бала күнінен мектепте, оқу орнында, одан кейінгі атқарған қызметтерінде де сөзге қалмай, халықтың алдында, елдің алқауында жүрген оның, сол кездегі ішкі жан дүниесіндегі ұят, намыс, әділетсіздікке деген төзбеушілік тудырған алапат сезімдерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді.
Басқасын былай қойғанда, тоқтаусыз жазу мен талай табалдырықты тоздырып жүріп, 2010 мен 2016 жылдардың аралығында Жоғарғы Соттың кассациялық алқасына Еркінбекова өзіне қатысты қылмыстық істің бес мәрте қайта қаралуына қол жеткізеді. Оның екеуі Бас прокурордың наразылығы бойынша болатын. Бірақ соның барлығы да Қарашаш Еркінбекова үшін еш нәтижесіз аяқталады. Мұндай деңгейдегі істерден кейін кез келген адамның шашы ағарып, жүйкесі жұқарып, денсаулығынан айырылып, қалғанын Аллаға тапсырып, қолдарын бір сілтеген болар еді. Ал біздің кейіпкеріміз болса, бір сәтте дамыл таппай, қолда бар мүмкіндіктің барлығын пайдаланып, күресін әрі қарай жалғастыра берді. Бірақ қылмыстық істің қаралар соңғы сатысы осы Жоғарғы Сот пен Бас прокуратура, одан басқа барар жер, басар тау да жоқ. Жоғарғы Соттың соңғы шешімінен кейін, бұл құзырлы құрылымдағы лауазым иелері Еркінбекованы қабылдауды да, оның арызшағымдарына жауап беруді де біржола доғарады... 2017 жыл кейіпкеріміздің істі болғанына сегіз жыл уақыт өткен.
– Барлық мүмкіндік сарқылған, өзгелер тұрмақ өз туғандарым да үміттерін біржола үзіп, мені қолдаудан үзілді-кесілді бас тартқан кез еді. Маған деген сеніміне селкеу түсірмеген жалғыз адам анам болатын. Кейде ашық, кейде жасырып зейнетақысынан жолыңа деп ақшасын беріп, ақ батасын тілеп, әр сапарымнан үміттеніп отырудан бір танбады, – дейді кейіпкеріміз.
Сегіз жыл бойы жұмыссыз, ақиқат іздеп, іс-қағаздарын арқалап, талай мекеменің табалдырығын тоздырып жүргенде, басқа кәсіппен айналысуға да мұршасы келмеген. Қарашаш апайымыз қаржының тапшылығына қарамастан, тағы бір мәрте ауылдан Астанаға жол тартса керек. Мақсаты –сол кездегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровтың қабылдауына кіріп, жергілікті жердегі агенттік қызметкерлерінің келеңсіз істерін жеткізу. Алажағым кетсе де, айта жағым кетпесін деген принцип. Бірақ ғимараттың күзет қызметі «алдын ала жазылмағансыз» деп, ішке кіргізбесе керек. Содан сол жерде, сол орында, ала таңнан кешке дейін, 18 күн қатарынан отырады. Астанада тұратын үйі, қонақүй жалдап тұратын қаражаты жоқ адамның, тамыр-таныстарының үйлерін жағалап жүріп, қабылдар-қабылдамасы, қабылдаса да көмегі тиері күмәнді. Жоғарғы Сотта пәлен қайтара бас тартылған іс бойынша осынша күн бойы есік алдын күзетіп жүрген күйін көз алдыңызға елестетіп көріңізші.
Шамасы, іштегі адамдардың бірі жеткізсе керек, он сегізінші күн дегенде ойламаған жерден Қожамжаровтың өзі қабылдайды. Ол кезде кейіпкеріміз етек-жеңін жинаған, істің, іс тұрмақ қылмыстық заңнаманың бүге-шігесіне дейін меңгеріп алған, агенттік басшысына кіре, тоқтамастан бір сағаттың үстінде сөйлесе керек. Бір таңғаларлығы, сөзін бөлмей, барлығын мұқият тыңдаған төраға, қарамағындағы тәжірибелі мамандардан топ құрып, 8 жыл бұрынғы істі қайта тексертіп көреді. Нәтижесінде қылмыстық істі тергеу барысында жол берілген заңсыздықтар мен көзге ұрып тұрған анық сәйкессіздіктер анықталып, Қожамжаров өз бастамасымен, Бас прокуратураға сот актілеріне наразылық беру туралы ұсыныс жолдайды.
Осымен Қарашаш апайымыздың өшкелі тұрған үміті қайта жанып, Қожамжаровтың өзі қол қойған жауабын алға тартып, Бас прокурорға кіруге бет алған. Істі әу бастан тергеген құрылымның ең жоғарғы басшысы өз қателіктерін мойындап тұрса, одан басқа не дәлел, не дәйек керек? Алайда ол қуанышы да ұзаққа бармады. Бас прокуратура Қожамжаровтың өтінішін қанағаттандыруға, наразылық беруге негіз жоқ деп табады. Сонымен барлығы да бітті, қылмыстық іске қатысты «үштік» – тергеу, прокуратура, сот құрылымдары басшыларының бәрінің алдында бір емес, бірнеше мәртеден болып, енді еш амал қалмады деп отырған сәтінде, кеше ғана агенттік төрағасы қызметіндегі Қайрат Қожамжаров Бас прокурор болып тағайындалады. Бұл жаңалықты ести сала, Қарашаш апайымыз тағы да елордаға асығады. Біраз әуре-сарсаңға түсе жүріп, тағы да Қожамжаровтың жеке қабылдауына қол жеткізеді. Бұл жолы Бас прокурор Қожамжаровқа өзінің агенттік төрағасы ретінде берген ұсынысы бойынша, прокуратура тарапынан берілген жауапты алдына тосады...
(Жалғасы бар)
Абзал Құспан, адвокат,
"Заң және біз" арнайы бетінің қоғамдық редакторы