4.06.2021, 9:43
Оқылды: 50

Елдігіміздің белгісі

ҚР Мемлекеттік рәміздері күніне орай Оралдағы Тұңғыш Президент алаңында мерекелік іс-шара өтті.   

аким - флаг (3)

Мемлекеттік рәміздер – еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін әлемге танытатын, өмір салты мен халқымыздың асқақ рухын паш ететін құнды белгілер. Іс-шарада бүгінгідей жарқын өмірдің жаршысы саналатын рәміздерге құрмет көрсетілді. Әскери қарауыл мерекелік салтанатқа Көк байрағымызды құрметпен алып келген соң, әскери оркестр Әнұранымызды орындады.

р2

– Құрметті жерлестер, сіздерді ҚР Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен  құттықтаймын! 1992 жылы 4 маусымда Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері бекітілді. Сол себепті бұл күн Мемлекеттік рәміздер күні ретінде ел тарихында мәңгі қалды. Мемлекетті рәміздер – елдігіміздің, мемлекеттігіміздің белгісі, ұлттық сана-сезім мен отансүйгіштіктің символы. Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлтын, салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер», - деген болатын.

р1

Біздің  мемлекеттік рәміздеріміздің тарихы тылсым тереңнен сыр тартып, бүгінгі азат елдің асқақ келбетін айшықтайды. Бүгінгі таңда әлемнің бүкіл елі Қазақстанның тәуелсіздігі мен ерекше даму жолын мойындады. Қазақ елінің халықаралық деңгейдегі жоғары беделі еліміздің мемлекеттік рәміздеріне де аса құрметпен қарауды талап етеді. Мұны әрбір отандасымыз жақсы түсінеді деп есептеймін, - деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

аким - флаг (1)

Мерекелік шарада өңір басшысы қызметінде адал еңбегімен, ерлік істерімен көзге түскен құқық қорғау саласының бірнеше қызметкерін алғысхатпен марапаттады. Олардың қатарында Бөрлі ауданы полиция бөлімінің аға инспекторы, полиция капитаны  Нұрсұлтан Бекесов пен осы бөлімнің инспекторы, полиция аға лейтенанты Ерлан Өрісбаев, БҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Армат Оразаев пен аталмыш басқарманың аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция капитаны Қайрат Маратов, «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының диспетчері Абзал Сағынғалиев және басқалар бар.

р5

Мерекелік шарада танымал өнерпаздар патриоттық әндер шырқады. «Жаса, елім!», «Көк тудың желбірегені» әндері көк жүзінде қалықтап, рәміздердің мәртебесін асқақтатқан іс-шара жерлес әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен қорытындыланды.

 

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале