29.06.2021, 9:17
Оқылды: 44

Мәртебелі мамандық иесі

Фельдшер-дәрігерлер, медбикелер мен санитарлар арасында әмбебап медициналық қызметтер атқаратын медицина қызметкерлері. Фельдшер мамандығы ең қажетті медициналық мамандықтар қатарына кіреді. «Feldscher» сөзі неміс тілінен енген. Ортағасырлық Еуропада фельдшер әскери қақтығыстар нәтижесінде жарақат алған ашық аспан астындағы сарбаздарды емдеді. Қазіргі таңда бұл мамандықтың қадірі артып, сұранысы жоғарылай түскені жасырын емес.

57EF0AEA-D658-4F73-8E57-568DC955D945

Адам жанының арашасы болып, дер кезінде көмек қолын созатын ақ халатты абзал жандар Жаңақала ауданында да бар. Науқастың дертіне шипасын дарытып, тән саулығын емдеуге барын салатын фельдшерлердің бірі – Айгүл Орахаева. Ол 1979-1989 жылдар аралығында С.М.Киров атындағы орта мектепте білім алған. 1989 жылы Орал медициналық училищесінің «Емдеу ісі» бөліміне оқуға түсіп, 1992 жылы аталмыш оқу орнын жақсы бағамен тәмамдаған.

- Фельдшер  болу дегеніміз дер кезінде алғашқы сапалы көмек көрсетіп, адам өміріне араша болу деп ойлаймын. Фельдшердің сапалы көмек көрсетуі науқас адамның алдағы өміріне жақсы әсерін тигізеді. Науқаспен жылы сөйлесіп, тіл табысып дертінің күрделілігін түсіндіріп, әрі қарай тексерілу маңыздылығына көзін жеткізу біздің міндетіміз болып саналады. Бір науқасты межеге дейін тексеріп аяққа тұрғызу жетістігіміз болып саналады. Қызығынан гөрі қиындығы көп мамандық. Бұл мамандықта адам өміріне арашашы болу, болашақ аналармен жұмыс жасап өмірге сәби әкелуге көмектесу, жол апатына ұшыраған адамдарға дер кезінде сапалы алғашқы көмек көрсету өте маңызды іс. Науқасты уайымдап, жазылуына барынша әрекет жасап, жанымызды шүберекке түйіп, Алладан жәрдем тілейтін сәттеріміз болып тұрады. Науқастың жағдайы жақсарған уақытта «көмегім тиді-ау» деген қуаныш бойымызды кернеп, өзімізді жақсы сезінеміз,-дейді кейіпкеріміз өз мамандығы жайлы.

Айгүл Мақсотқызы табаны күректей 29 жыл бойы бір салада тынымсыз еңбек етіп келеді. Соның 9 жылында Жаңақазан ауылындағы дәрігерлік емханада меңгеруші болып, бір ұжымды басқарған. Марапаттан да кенде емес. Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының алғыс хатымен, «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы қол қойған алғыс хатпен марапатталған. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің 2019 жылғы 27 мамырдағы №246 бұйрығы бойынша «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісіне ие болған. Қауіпті дерт өршіп тұрған кезде жарғақ құлағы жастыққа тимей, қызмет қылған жандардың қатарында біздің кейіпкеріміз де бар.

- 2020 жылдың маусым, шілде, тамыз айларында індет өршіп тұрған уақытта ұжым болып, үй көрместен халыққа қызмет көрсеттік. Біраз адамдарды індеттен аман алып қалдық деп айта аламын. Ауыл арасында болған үрейді, қорқынышты түсінік жұмыстары арқылы сейілте білдік. Халық дәрігерден қорқатын уақытқа тап болғанда өзіміз де кішкене есеңгіреп қалдық. Бірақ өз- өзімізді қолға алып, халыққа ауруларын жасырмай уақытылы қаралу керек екенін, ауруды дер кезінде емдесе, жазылуға болатынына көз жеткіздік. Қазіргі жұмысымыз алдын-ала екпе алуға адамдарды шақыру және түсіндіру,-дейді А.Орахаева.

Жарқын өмірді сүйіп ынтығып,

Жарқ еткен күндей пейілің тұнық.

Жаралы жанға жұбаныш болдың,

Жанарларыңа мейірім тұнып.

Жабыққанымда жан жүдетпедің,

Жылуын шашқан таңғы леп пе едің.

Дертіме дауа, жаныма шипа,

Ақ халат киген ақ жүректерім,-деп ақын Қалқаман Сарин жырлағандай, ел алғысына бөленіп, уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген фельдшер мамандарға қанша алғыс жаудырып, қандай мақтау айтсақ та жарасатындай.

Ж.Жұмағұлов,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале