Биыл мерекелі жыл. Қазақстанның Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Сол Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында облысымыздың тізгінін ұстаған, мен үшін аса қадірлі жан туралы естелік айтып бергім келіп отыр. Ол – облысымыздың құрметті азаматы Нәжімеден Ықсанұлы Есқалиев. Тағдыр маған сонау 1989 жылы осы адамға көмекші болып қызмет атқаруды бұйыртқан еді.
Бұл сонау кеңес елі ыдырап, экономика құлдырап, елдің есеңгіреп қалған жылдары болатын. Ел болып қалу үшін барлығын басынан қайтадан бастап, қиындықты қайыспай көтеруге тура келген кезеңдер еді. Міне, сол ауыртпалықты көтеруде Нәжімеден Ықсанұлы сияқты қазақтың нағыз патриот ұлдары өздерінің өнегесімен өшпестей із қалдырды. Сол кезеңдердегі қиындықтарға қарамастан, облысымызды тығырықтан аман-есен алып шығуда ол кісінің кәсіби шеберлігі, адами қасиеті, қарапайым адамдармен аса жоғары мәдени қарым-қатынасы зор рөл атқарғандығына мен көмекшісі болып жүріп, талай рет куә болдым. Мен ол кісінің жұмыскерлігіне, таңның атысынан түннің біруағына дейін табандатып отыратын жұмыс тәртібіне таңғалушы едім. Ол жай отырыс болмайтын. Облыстың күйіп тұрған мәселелерін тиісті сала, мекеме басшыларымен жан-жақты ақылдасып, қалай да шешуге тырысқан қауырт жұмыстарға толы сәттер еді. Тағы бір ерекшелігі, аудандарды жиі аралайтын. Халықпен жиі кездесетін. Барған жерінде жергілікті активпен, қарапайым еңбеккерлермен, малшы-шопандармен міндетті түрде кездесіп, кеңінен кеңесетін. Ұсыныстарын тыңдайтын. Аудандарға мұндай сапарлары кейде аптаға созылып жүрді. Ол кезде қазіргідей жер тарпып тұрған, жан-жақты қолайлы «Джиптер» жоқ қой. Жолдардың да оңып тұрғаны шамалы. Селкілдеген «УАЗ» көлігімен талай жүздеген шақырымдарды жүру оңай емес. Бірақ Нәжақаң оған қайғырмайтын. Мысалы, Жайықтың сол жақ бетіне Ақжайық ауданының шаруашылықтарына сапарлап, анау Өлеңті ауылына дейін барып, одан Тайпақ ауданына соғып, ол жақтан Жаңақала, Орда, Казталов аудандарын шарлайтын. Қайтарында Зеленов, Тасқала аудандарының шаруашылықтарында болуды да ұмытпайтын. Шаруашылықтардағы жағдайды өз көзімен көріп, қалаға оралғаннан кейін жергілікті жерлердегі өзі көрген, ойына түйген мәселелерді шешуге қызу кірісетін.
Нәжімеден Ықсанұлы небір сындардан сүрінбей өткен саңлақ десем, қателеспеймін. Тағдыр оған ауыр емтихандарды талай рет артқанын да өз көзіммен көрдім. Соның бірі Қазақстанымыз үшін де ел басына күн туған Оралда болған 1991 жылғы қыркүйек оқиғасы. Ол жылы күзде казактар 400 жылдығын тойлаймыз деп Оралға ағылғаны елдің есінде. Арғы жақтарында арам пиғылдары жатқан казак ұлтшылдарының сол бір астамшылдығы қазақ халқының ашу-ызасын туғызды. Егер казактар Оралдың көшесінде шерулетіп, жалаулатып жүрсе, оның аяғы ауыр қақтығыстарға апаратыны айдан анық еді. Айта кету керек, тап сол күндерде орталықтан ешқандай көмек болмады, көпшілігі әліптің артын бағып тым-тырыс қалды. Міне, осындай кезде казактардың пысын басып, ойға алғандарын іске асыртпауда Нәжімеден Ықсанұлының табандылығы, жүрек жұтқандығы, алғырлығы, салқынқандылығы айрықша көрінді. Бұған сол уақыттарда көмекшісі болып жүрген мен куәмін. Бұл туралы оның жақында жарыққа шыққан өзінің кітабында да жан-жақты баяндалған. Сол кездегі Нәжақаңның батыл, дұрыс, әділ шешім қабылдауының арқасында казактар мен жергілікті тұрғындардың арасындағы аяғы қантөгіске апаруы мүмкін қақтығысқа жол берілмеді. Бәрі де бейбіт, тыныш аяқталып, желігіп келген казактар келген жақтарына қайтарылды. Қыркүйек оқиғасынан кейін облыс тұрғындары, еңбек ұжымдары, соның ішінде орыс ұлтының өкілдері Нәжімеден Ықсанұлының табандылығы мен дұрыс шешім қабылдағанына алғыс айтып жатты. Жалпы, халық арасында, еңбек ұжымдарында бірінші хатшы үлкен абырой мен беделге ие болды. Сол жылдарда облыста мәдени-тұрмыстық нысандар, тұрғын үйлер көптеп бой көтерді, су құбырлары тартылды, жолдар салынды.
Сонау 90-жылдары Автомобиль жолдары министрі Ш.Бекболатов біздің облыстан Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланды. Нәжақаң ол кісімен жақсы сыйлас, жолдас екен. Соның арқасында талайдан бері шешілмей келе жатқан Федоров–Бөрлі–Ақсай–Шыңғырлау бағытына асфальт жабынды жолу салу жұмысы қарқынды басталып кетті. Шыңғырлаудан әрі қарай 100 шақырым Ақтөбенің күрежолына да жеткізу жоспарланған еді. Республиканың осы қалай деген жол салушы, мықты үш кәсіпорны жұмысқа қызу кірісті. Бір жылдың ішінде Федоровкадан Ақсайға баратын жолдың асфальті төселді. Әрі қарай Ақсайдан Шыңғырлауға қарай жұмыс жүріп жатты. Бірақ 40 шақырымнан кейін Аманкелді стансасы маңында жұмыс тоқтап қалды. Себебі бұл уақытта кеңес елі ыдырап, экономикалық дағдарыс белең алған еді. Менің айтайын дегенім, сол асфальт төселген жолдың әлі күнге дейін сайрап жатқаны.
Мен бірінші хатшының көмекшісі болғаннан кейін ол кісінің жанұясын да жақсы білдім. Жан жары Ырысты Таужанқызы Нәжақаң үшін туған жандай десем, қателеспеймін. Ол кісі ерінің әр кез қасы мен қабағына қарап, барлық қиындықтарын бірге қайыспай көтерісті, жеңісті, табысты сәттеріне бірге қуана білді. Ырысты жеңгеміз өте қарапайым, асып-тасуды білмейтін, «біріншінің әйелімін» деп ешқашан тәкаппарлық танытпайтын. Дүкенге, базарға өзі барып, үйдің шаруаларын өзі бітіріп жүргенін талай байқадым. Ата-аналарының тәрбиесі ғой, үш ұлы – Артур, Ғани, Ғали да өте мәдениетті, тәртіпті болып өсті. Жақсы оқыды. Бәрі де жоғары оқу орындарын бітіріп, өмірден өз орындарын тапты.
Менің көмекші болып жүргенде тағы бір байқағаным – Нәжімеден Ықсанұлы өзін қандай жағдайда да өте сабырлы, байсалды ұстайтын. Оралға Қазақстанның бірінші басшылары жиі келеді. Оларды қарсылап алатын бірінші хатшы ешқашан абдырап, сасқалақтамайтын. Байыппен әңгімелесіп, өзін олармен тең дәрежеде ұстаушы еді. Кейбір басшылар құсап, қонақтарға тек мықты кәсіпорындар мен шаруашылықтарды көрсетіп қана қоймайтын. Барды, жоқты жасырмайтын. 1990 жылы облысқа Қазақстан Орталық Комитетінің І хатшысы Н.Ә.Назарбаев келетін болды. Нәжімеден Ықсанұлы бірінші хатшыны апаратын жерлерін өзі белгіледі. Мәртебелі қонақтыәуежайдан қарсылап алғаннан кейін тікұшаққа отырғызып, бірден Аңқаты ауылына алып ұшты. Онда канадалық әдіспен мал өсіріп жатқан фермердің қыстағы бар еді. Екі қатарлы коттедж үйі, қорақопсысы сыңғырлап тұрған малшымен кездескен бірінші риза болды. Одан әрі қарай сапар Жаңақаланың Жаңақазанына қарай жалғасты. Ол жақта содан бір ай бұрын қатты жаңбыр жауып, үйлер құлап, малданда шығын болған еді. Ауылдың сол кездегі қиын жағдайын Нәжақаң қаймықпай көрсетіп, республика басшысының ол сапары табиғиапаттың ауыр зардаптарын тезірек жоюға қажетті қаржы мен көмектің тезірек шешілуіне мұрындық болды. Бұл да Нәжақаңның батылдығы еді.
Енді Нәжімеден Ықсанұлының менің тағдырымда қандай орын алғанын айта кетейін. 1986 жылы мен Шыңғырлау ауданында комсомолдың бірінші хатшысы едім. Сол кезде облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына бес үміткерден Нәжімеден Ықсанұлы мені қолай көріпті. Сөйтіп, мен облыс жастарының «көсемі» болып сайландым. Арада бір жыл өткенде, арызданбаса жаны жай таппайтын біреулердің «көмегімен» сол кездегі бірінші хатшы Колбиннің нұсқауымен жұмыстан босатылдым. Арада екі жыл өткенде, Нәжімеден Ықсанұлы мені өзіне көмекшілікке тағайындады. Мұны біраз уақыттан кейін тағы бір арызқойлар Колбин Оралға келгенде оған жеткізген. Ол болса, Нәжімеден Ықсанұлына кәдімгідей ашуланып, ескертеді. Сонда Нәжімеден Ықсанұлы аспай-саспай, «Дәулетжановқа кезінде обал жасалды. Ол жақсы жұмыс істеп жүр», – дейді қыс-қа қайырып. Сөйткен Колбин көп ұзамай келген жағына тайып тұрды. Мен жұмысымды әрі қарай жалғастыра бердім. Өз басын бәйгеге тіккен мұндай мәрттікті ұмытуға бола ма? Ұмытпаймын!
Нәжақаңның жұмыс істеу тәсілі, адамдармен сөйлесу мәнері, адами тазалығы мен адалдығы мен үшін үлкен мектеп болды. Кейін талай лауазымды қызметтерді атқардым, аудан басқардым. Сонда Нәжақаңнан көрген-білгенім, үйренгенім үлкен көмек болғанын мақтанышпен айтамын.
Қыркүйек айында Нәжімеден Ықсанұлы сеңгірлі 80-нің шыңына шығады. Ақ Жайықтай аймаңдай атырапта айшықты ізі қалған әз ағаны мерейлі жасымен шын ниетпен құттықтаймын! Ме-нің бұл құттықтауыма өзім басқарып отырған ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ комитетінің мүшелері де қосылады. Деннің саулығын, ғұмырдың ұзақтығын, ұлдары мен немерелерінің қызығы мен қуанышын тілейміз, аяулы азаматқа!
Аманкелді Дәулетжанов,
Орал облыстық партия комитетінің І хатшысы Н.Ы.Есқалиевтің көмекшісі (1990 жылдар)
БҚО ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының төрағасы