Тоғыз жолдың торабында орналасқан Подстепный ауылында қазіргі таңда он мыңнан астам тұрғын бар. Халық саны көп болған сайын шешімін күткен шаруа да жетерлік. Жуырда редакцияға подстепныйлық ата-аналар хабарласты. Олар мектептегі сабақтың өте кеш аяқталып, соның салдарынан балаларының үйге жәй оралатынына, сондай-ақ ауыл автобусының жүру кестесі бұл уақытқа сай келмейтініне наразы.
Ең алдымен Подстепный ауылының тұрғыны Гүлшат Құрманәлиеваның пікіріне көз жүгіртелік.
— Қызым қазақ мектебінде оқиды. Мектептен кеш келеді, яғни сағат кешкі сегізге жақын уақытта сабақтан шығады. Бұл уақытта қалаға барып-келіп жұмыс істейтін мен үйге келіп отырамын. Атаулы мәселені ауыл әкімі, мектеп басшылығы тез арада қолға алуы керек. Қазірдің өзін де көшеде тас қараңғы. Ал ертең қыс мезгілінде қалай болмақ? Кеш келетін қызымыз сабағын қай уақытта оқып үлгереді? Жергілікті №12 автобустың жүруі оқушылардың шығатын уақытына сай келмейді. Өткенде қызым автобусқа үлгере алмай қалған. Біздер мектептен алыс, ауылдың ең шетінде тұрамыз. Жаяулатып әкесі барып алып келді.Алақанға салып отырған қызымыз бірдеңеге ұшырап қалса, кім жауап береді?! Көше толған бұралқы ит. Одан қалса, маскүнем адамдар. Шыны керек, осылардан қорқамыз. Сондықтан бұл шаруа оң шешімін тапса екен. Қызымыз үйге келгенше уайымдап, зәреміз ұшып отырады, - деп мұңын шақты анамыз.
Халық саны жыл сайын көбейіп жатқан бұл ауылда қос мектеп орналасқан. Оқушы саны да өсуде. Оған көрші Тоқпай ауылынан қатынап оқитын балаларды қосыңыз. Мінекей, осындай себептермен, яғни мектепке оқушы сыймайтындықтан, мектеп 3 аусымға көшкен. Сондықтан да олар үйлеріне кеш қайтуға мәжбүр.
Осы мәселелердің жай-жапсарын білу үшін Теректі аудандық білім беру бөлімінің басшысы мен Подстепный ауылдық округінің әкіміне хабарласқан едік.
Оқушылардың сабақ уақыты хақында аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жанаргүл Хұсайыновамен тілдескен едік.
- Подстепный жалпы орта білім беретін мектебінің оқушылары 3 ауысымда оқиды. Бастауыш сыныптар бойынша 3-кезеңде 4 «а», «ә», «б», «в», 2 «б» сыныптары, барлығы 81 шәкірт оқиды. Сабақ 2 «б» сыныбына 15:30-да басталып, 19:45 аяқталады. 4 «а», «ә», «б», «в» сыныптарына аптаның 3 күнінде 15:30-да басталып, 19:45-те тәмәмдалады. Тағы екі күнде сабақ 15:30-да басталып, 20:35-те бітеді. Ал негізгі сыныптар бойынша 2 ауысымда бастауыш 3 «в», 2 «ә», 5 «а», «ә», «б», «в», орта буыннан 6 «а», «ә», «б», «в» сыныптары, барлығы 242 оқушы оқиды. Бұл сыныптарға сабақ сағат 14:15-те басталып, 19:20-да аяқталады. Тек аптаның бір күнінде 5«а», «ә», «б», «в», 6 «а», «ә», «б», «в» сыныптарына сабақ сағат 14:15-те басталып, 20:10-да аяқталады.
Бұл мектепке Тоқпай ауылынан қатынап оқитын оқушылар бар. Екінші кезеңде оқитын 2-сыныптың екі оқушысы сабаққа сағат 14:00-де келіп, 18:30-да үйлеріне барады. Ал 6 сыныптың екі оқушысы сабаққа сағат 14:00-де келіп, 19:20-да үйлеріне қайтады. Оқушылар «ПАЗ - 32054» маркалы, 2007 жылы шыққан, мемлекеттік номері «м 991 ос 152» автобуспен тасымалданады.
Осы ауылдағы Подстепный №1 орта мектебінде 906 шәкірт білім алуда. Бұл жерде ІІ ауысымдағы 2-сыныптар үшін сабақ сағат 13.15-те басталып, 18.30-да аяқталады. Сонымен қатар 3-сыныптар үшін14.15-те басталып, 18.40-та бітеді. Сондай-ақ 6,7,8-сыныптар үшін 13-30 басталып, 19.35-те аяқталады. Тоқпай ауылынан бұл мектепке 66 оқушы тасымалданады, - деді Жанаргүл Жеңісқызы.
Мектеп автобусы тек тоқпайлық шәкірттерге ғана қарастырылғандығын жеткізді білім басшысы.
Подстепный ауылдық округінің әкімі Сержан Мәдиев:
— Бұл проблемалардан хабардармын. Мұндай мәселе бар, енді оның шешу жолдарын қарастыру қажет. Күн санап ауыл аумағы кеңеюде. Шалғай көшелер де бар, тіпті жаңа шағын аудан пайда болуда. Расында да, балаларға жаяу жүруге алыс. Алайда ауыл ішінде №12 жолаушылар автобусы жүреді, ол өз бағыты бойынша екі мектепті де қамтиды. Таяуда автобус кестесінде үлкен проблемалар туындады. Осы орайда Орал қалалық ТҮКШ-ке қоңырау шалдым. Ондағылар жүргізушілердің жетіспейтінін алға тартады. Алайда бұл мәселені шешетіндерін, ал келесі жылы автопарк жаңартылатындығы жөнінде уәде берді,- деген ауыл басшысы егер көлік кесте бойынша жүретін болса, онда ешқандай мәселе болмайтындығын тілге тиек етті.
Сөз соңында: Бәрін айт та, бірін айт, әңгіме сабақ пен көлік кестесінің сәйкес келмеуіне тіреліп тұр. Енді бір-бірімен келіспейтін кестенің тезірек келісуін тілейік!
Айшабибі Мәмет,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz