16.11.2021, 14:50
Оқылды: 41

Келесі жылы Қазақстанда мемқызметшілердің шығындары мен кірістері салыстырылады

Келесі жылы мемлекеттік қызметшілердің шығындары мен кірістерін салыстыру басталады. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов айтты.

211116135235777a3862769i

«Ескеріліп отырған жаңашылдықтардың бірі - негізсіз баю фактісі үшін жауапкершілік енгізу. Қазіргі кезде тиісті заң жобасы Парламент қарауында. Бұл өз кезегінде жалпыға бірдей декларациялаудың іске қосылған тетігінің логикалық жалғасы. Өздеріңіз білесіздер, биыл мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары (зайыптары) активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны жаңа форматта тапсырды. Келесі жылдан бастап олардың шығындарын кіріспен салыстыру басталады. 2025 жылдан бастап дәл осы тәртіппен өздерінің кірісі жайында Қазақстанның барлық азаматы есеп береді. Ал 2026 жылдан барша халық үшін шығыстарды декларациялау процесі басталады.

Атап айтқанда, Салық кодексінде жеке тұлғалар үшін тиісті сомадан асып түскенде 10 пайыз салық түрінде жауапкершілік бекітілген. Мемлекеттік қызметшілерге қатысты олардың жауапкершілігін күшейту ұсынылды», - деді М. Ахметжанов үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен онлайн-кездесуде. Осы орайда ол шығыстар заңды кірістен асып түссе және шенеунік оған түсінік бере алмаса, онда оған қатысты айырмашылықты айыппұл түрінде алу қарастырылғанын айтты. Ал негізсіз табыс қомақты сомада болса, онда теріс себептермен қызметінен босату қадамдары жүргізіледі.

«Новеллалар 2027 жылдан бастап іске қосылады. Сол кезеңде халықтың активтері мен мүлкі туралы нақты жағдайды көреміз. Біріншіден, бұл қадамдар халықтың активтерін «көлеңкеден» шығаруды ынталандырады. Екіншіден, экономикалық нәтиже болады», - деді агенттік басшысы. Оның пайымынша, жаңа ереже мемлекеттік қызметке баю мақсатымен келудің мәнін жояды. Осы орайда ұзақ мерзімді перспективада өнегелі әрі білікті ұрпақты қалыптастыруды қамтамасыз етеді. «Кіріске қарағанда шығындардың көлемі артық көрінсе, бұл өз кезегінде қаржылық тексеруді бастауға белгі болады», - деді агенттік басшысы.

ҚазАқпарат

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале