Жер бетінде найза шыңдары көк тіреген небір биік таулар бар... бірақ олардың ешқайсысы да өздігінен пайда бола қалмаған. Таулардың бәрі жеті қат жер астындағы ғаламат тектоникалық дүмпулердің әсерінен дүниеге келеді. Сол секілді адамзат қоғамында да атақтары айдай әлемге мәшhүр тұлғалар бар. Бірақ бұлар да өмірге оп-оңай келе салмаған. Олардың да бәрі – сол өздері өмір сүрген қоғамның тығырыққа тірелген тұстарында, ірі-ірі әлеуметтік сілкіністер кезінде тарих сахнасына шыққан саңлақтар.
Толғағы қысқан тарих уақыты жеткен кезде ондай тұлғалардың талайын өмірге әкелген, бұдан былай да әкеле берер деп ойлаймыз.
Құдайға шүкір, қасиетті қазақ топырағы ұлағат тұтар ұлдарға кенде болған емес. Еліміздің тәуелсіздігі жолында арыстанша алысып өткен ерлер бізде де баршылық. Солардың ішінде, әсіресе, орыстың озбыр отаршылдығына қарсы күрестің ту байлар жерінде тұрған Сырым Датұлының есімі тіпті ерекше аталуы тиіс. Ол қазақ елінің азаттығы мен қазақ даласының тұтастығы һәм әлеуметтік әділеттілік үшін атқа қонған аруақты ерлермен, әйгілі тұлғалармен қатар тұратын, солармен терезесі тең қайраткер екенін қадап айтар кез әлдеқашан жетті деп ойлаймыз.
Сырымның азамат болып, ат жалын тартып мінген заманы Ресей патшалығының барлық жағынан бірдей күш-қуаты толысып, енді жан-жағындағы елдерге ауыз сала бастаған кезеңмен тұстас келді. Империя, әсіресе, өзінің экономикалық және әскери артықшылықтарын пайдалана отырып, бодан елдерге шеңгелін батыра түсті. Сөйтіп, олардың мойнына құлдық қамытын мәңгілік кигізіп, кіріптар қылып қою үшін жан-жақтарынан әскери шептермен тас қоршауға ала бастады. Осы мақсатпен тек 1755-1772 жылдар аралығында ғана Кіші жүз бен Орта жүз жерінде, Жайықтан Өскеменге дейінгі 3,5 мың шақырым шеп бойына бекіністер салынды.
Бұлардың қаншалықты жақын орналасқандығын және әскери күштің қаншалықты қуатты болғандығын байқау үшін тек Жайықтың ғана бойында 48 бекініс, 50 редут, 48 форпост, яғни 146 әскери нысан болғанын айтсақ та жеткілікті болар. Бұларға қоса, Жайықтың теңізге құяр сағасымен Қараөзенге дейін Жайық казактары, Елек бекінісі мен Верхнеуральск бекіністерінде Орынбор казактары тұрғанын және бұлардың қай-қайсысы да патшалық Ресейдің отарлау саясатын өте қатал жүзеге асыруға көмектескенін айтсақ, жағдайдың қаншалық қиын болғаны айқындала түспек. Ол ол ма, әрбір жаңадан салынған бекініске сырттан казак-орыстарды көшіріп әкеліп, оларға жер бөліп беріп, қазақтардың мал жайылымдарын тарылтқан үстіне тарылта түсті және бекініске жақын отырған қазақ ауылдарына әлсін-әлсін шабуыл жасап, малын айдап, адамдарын байлап әкетіп отырды. Шабуылдар тіпті ойдан шығарылған сылтаулар арқылы да жасалынған. Бұл, сірә, күштінің әлсізге қылар зорлығының ежелден келе жатқан әдісі болса керек. 1830 жылдары француз әскерінің Алжирге басып кіруі – осы ел басқарушысының шыбын үркітетін желпуіші қасында сөйлесіп отырған француз консулының бетіне тиіп кеткендігінен, «елшімізді қорладың» деген желеумен басталғаны сияқты, орыс отаршылдарының қазақтарға тиісуі де: «Малдарың жинап қойған шөбімізді шашып кетті», «Су ішкен жылқыларың Жайықтың балығын үркітіп, өзенді лайлады» деген сияқты себептерден де болған. Мұны Орынбор әкімшілігінің өзі де мойындайды. Орынбордың әскери губернаторы Н. Н. Бахметьев кейінірек император Александр 1-ге жазған хатында: «...Осы жаман әдет арқылы өзіне дүние-мүлік жинап, байып алғандар көп» деп баяндауы әрине, тегін емес (қараңыз: «Материалы по ист. КазССР.,. IV том, 193-бет).
1783-1797 жылдары Кіші жүзде Сырым Датұлы бастаған қазақ халқының ұлттық езгіге, отаршылдыққа қарсы күресінің шығуы, міне, осындай жағдайларға тікелей байланысты.
Жалпы, осы қозғалыс туралы сөз болғанда, бұл өзі халықтың ұлттық езгіге, отаршылдыққа қарсы күресі болса, оны неге елдің басшысы ханның өзі басқармаған деген сұрақ еріксіз туындайды. Өте орынды сұрақ. Өзін Сырым көтерілісінің тарихын зерттеумен айналысып жүрмін деп есептейтін кез келген адам бұл сауалды айналып өтуге тиіс емес.
Бұл сұраққа нақты да дәйекті жауап беру үшін, ең алдымен, сол кездегі қазақ қоғамының өміріндегі басты-басты екі мәселенің басын ашып көрсетуіміз керек. Ол қандай мәселелер еді?!
Біріншіден, XVIII ғасырдың сексенінші жылдарында Қазақстанның осы батыс өлкесін жайлаған жұртшылықтың жерден таршылық көруі күннен-күнге күшейе түседі. Өйткені жылдар өткен сайын елдің малы мен басы қабат өсіп, қоныс пен өріс мәселесі ең көкейкесті мәселеге айналады. Мұны шешейін десе, қазақ білікті кісілерінің алдынан екі түрлі кедергі кездеседі. Оның бірі – қазақтардың ертеден қиыр жайлап, шет қонып жүрген жерлері, сонау Жайықтың оң жақ бетіндегі шүйгін жайылымдарға оларды шекара әскерлерінің жібермеуі. Екіншісі – ешқандай тыйым салынбағанына қарамастан, тіпті Жайықтың өз бойына да қазақтарды жақындатпай, жергілікті әкімшіліктің қақпайлай беруі. Шындығына келгенде, XVIII ғасырдағы патша жарлықтарының ешбірінде Жайық өзенінің сол жақ бетінде қазақтардың көшіп-қонып жүруіне заң жүзінде тыйым салынбаған («Жайыққа 15 шақырым жақындамасын» деген жарлық XIX ғасырдың бас кезінде ғана шыққан). Соған қарамастан, жергілікті әкімшілік зорлық жасап, қазақ ел билеушілеріне үнемі үстемдік көрсете беруі күннен-күнге елдің зығырданын қайната бастайды.
Екінші мәселе – Ресей протекциясына өздерінің ханы арқылы бодан болған ерікті ел сияқтанғанымен, Ресейдің тағы бір бодан жұрты башқұрттар мен Жайық бойындағы казак-орыстардың үздіксіз шапқыншылығынан елдің көз аша алмауы еді.
Ел өміріндегі осындай ірі-ірі екі проблеманың шешімін таппауы, яғни айтқанда ел басшысы Нұралы ханның бұл мәселелерді шешіп бере алмауы халықтың ханға деген үлкен наразылығын туғызады. Әрине, жағдай басқаша болса, халық Нұралыға өкпе артпас та еді, бірақ хан, біріншіден, Орынборға – орыс қолына ел атынан аманаттар беріп отыр. Екіншіден, орыстан қолға түскен жесірлерді елдің ханы ретінде шығарып беріп отырған да сол. Үшіншіден, қазақ даласын басып өтетін орыс керуендерінің амандығын қамтамасыз етуді де мойынға алып отыр. Сонда бұл елдің басшысы орыс әкімшілігінің айтқанын екі етпейді де, өз айтқандарының бірін де орындата алмайды. Сонда ол қандай елбасы, қандай хан? Міне, ел оған наразы болғанда, «Патша өкіметінің қитұрқы саясатына сен қарсы тұра алмадың» деп емес, «бір елдің хан өкіметінің беделін түсірдің» деп наразы болатын себебі осы. Бұлай деуге негіз де жоқ емес-ті. Нұралы ел өміріндегі шетін бір оқиғаға байланысты бұрын да осалдық көрсеткен жері бар болатын. Сонау 1760 жылдары қазақ даласынан пайдалы кендер іздеуге шыққан Тимашев дейтіннің кен барлау экспедициясына кірген башқұрттар сол тұста ханның елшісі болып Орынборға барып қайтып келе жатқан Мәмбетәлі сұлтан мен оның қасына ерген қазақтың 20 шақты ру басылары мен билерін қырып тастаған-тұғын. Соған ел қатты ашынып, тіпті ханның өз інісі Айшуақ сұлтан 10 мың жігіт жиып, шекараны тас-талқан етпек болғанда, Нұралы хан орыс әкімшілігімен шекісуден тайсақтап, бұғып қалған-ды. Сондай-ақ ел Нұралыға: «Хан деген атағыңды аяққа бастың!», «Бір елдің бетке ұстар адамдарын былай қойғанда, өзіңе қандас сұлтанның кегін ала алмасаң, қалайша хан боласың?!» деп дуылдасқан болатын. Бұл тұста ел соны да тағы есіне түсіріп, наразылық өрши түседі.
Әрине, осындай жағдайда Нұралы өзінің хандық билігіне елеу-лі нұқсан келгенін сезеді де, бұдан былай қазақ ру басыларына, билер мен ел ағаларына үміт артуын тоқтатып, биліктен айырылып қалмау үшін ендігі жерде патша әкімшілігімен бұрынғыдан да жақындаса түсуге ұмтылады. Ал мұндай жағдайда күннен-күнге өршіп келе жатқан ел наразылығын қайткенде де біреу басқаруы керек болады да, елдің еркі сол тұста санаттағы билердің бірі болған әрі батыр, әрі шешен Сырымға беріледі. Сөйтіп, ғасырлар бойы халқы үшін отқа түсіп, кеудесін оққа төсеп келген хандарымыздың ендігі ұрпағы өз халқының еркіне қарсы шығып, озбыр отаршылдармен ауыз жаласады да, ел тізгіні қазақтың қарадан шыққан білікті кісілерінің қолына өтеді.
Бұл мүлде жаңа бір дәуірдің басталғаны еді.
Осы жерде бір ақиқаттың басын ашып айта кеткен дұрыс. Бұл – Нұралының ғана әлсіздігі, Нұралы ханның ғана жеңілісі емес, бұл жалпы хандық биліктің, хан өкіметінің күні өткендігінің белгісі болатын. Шындығына келгенде, бұл – қазақтың үш жүзіне бірдей ортақ, ең соңғы ұлы ханы Әз Тәуке өлген соң, алпыс-жетпіс жылдай бұрынғы инерциясымен өмір сүріп келген ұлы хандық биліктің бөлшек-бөлшек болып ыдырап, әр жүздің басына бір-бір, кейде тіпті екі хан отырып, ел билеудің бұл үрдісі әбден азып-тозған шақ еді. Әрине, мұны сол тұста-ақ анық ұққандар да болды, сонымен бірге хан өкіметін баяғыша мемлекеттігіміздің идеясы, негізі деп емексіп, емешесі үзілумен күн кешкендер де жетерлік-тұғын. Сырымның өз замандастарының көбінен ойы озық екені, міне, осы жерден көрінеді.
Ол тек озбыр отаршылдыққа ғана қарсы күресіп қоймай, ендігі жерде патшаның қазақ даласындағы тыңшыларына әрі соның құрақ ұша қызмет қылатын шенеуніктеріне айналып бара жатқан бұл әулеттен біржола безінеді. Безінгенде де, жұртқа ұқсап Нұралыны қайткен күнде де басқа ханмен ауыстыру керек демейді: елге пайдасы жоқтығы өз алдына, өз халқының еркіне қарсы әрекетке көшкен бұл билікті түп-түбірімен қопарып тастауға бет бұрады. Өзі болып-толып тұрған заманында (1786 жылдары) Сырым бұл ойын жүзеге асырады да. Мұндай ой ол тұста Сырым замандастарының көбінің басына келмеген болатын. Кейін Нұралы ханды тақтан тайдырған кезде де «хансыз өмір сүру» идеясы миларына мүлде сіңбейтін біраз адамның, тіпті Сырымға тілеулес, онымен пікірлес адамдардың біразы бұған қарсы болу себебі де осыдан.
Сырымның ерен еңбегі оның тек қана ханды тақтан тайғызғандығында емес, сонымен бірге тақтан түсірілген сол ханның да, хандық биліктің де орнына ел билеудің мүлде жаңа үрдісін дүниеге әкелгендігінде. Осы жерде біздің тарихшыларымыздың батылы барып айта алмай жүрген бір шындықтың басын арши кеткеніміз дұрыс. Ол – Сырым Датұлының мемлекеттік ауқымды масштабта ойлай алатын басшы, ірі қайраткер болғандығы. Оған дәлел – өзіне дейінгі жұрт естімеген ел билеудің жаңа формасы «Халық кеңесін» Сырымның қолданысқа енгізгендігі. Және бұл шындықты мойындай алар жұрт бар болса, тек қазақ халқының тарихында ғана емес, бақ-дәулеті кемеліне келіп тұрған сол тұстағы өркениетті елдердің өзінде де жүзеге аса қоймаған демократиялық ел басқару идеясының өмірге енуі еді; ол идеяның керемет дамыған әлдебір елде де емес, өзі біреудің боданында отырған қазақ елінің пұшпағында өмірге енуі еді және соны Сырым секілді қазақтың бір шаруасының баласы үрдіске енгізгені еді.
Адам баласының тарихында әлем халықтарының қажетіне жарарлық әлдебір жаңалық бола қалса, оны тек өркениетті елдерден, Еуропадан, Батыстан шыққан етіп көрсетуге тырысатын бір жаман әдет бар екені қазір баршаға аян. Ал егер хандықты кішкентай монархиялық құрылыс деп есептесек, Сырым сол монархиялық (яғни хандық) билікті де, монархты (ханды) да құлатып, «Елді бұқараның өз ортасынан шыққан халық өкілдері басқарсын!» деуі, бұл сол тұстағы Еуропаның да есін тандырарлық жаңа идея еді. Және бұл Париждегі қалалық өзін-өзі басқару органы «Париж коммунасын» дүниеге әкелген 1789-1794 жылдардағы Ұлы француз революциясынан да төрт жыл бұрын қазақ даласында дүниеге келген ел басқару әдісі екенін ескерсек, өзі бастаған көтеріліс нәтижесінде Сырым адам баласының қоғамдық өміріне қандай үлкен жаңалық әкелгенін тереңірек ұғар едік.
Ендігі бірер сөз: Сырым ханды тақтан тайдырып, ел билігін қазақтың білікті кісілерінің қолына беру керек десе, мұндай ойды ол аяқ астынан тапты ма, әлде оның тарихи негіздері бар ма?! Міне, осы туралы ой бөлісейік. Менің ойымша, бұл аяқ астынан пайда бола қалған идея емес.
Жалпы, ғасырлар бойына ата жолымен, дәстүр бойынша елді тек Шыңғыстың кіндігінен тараған төрелер ғана басқарып келе жатқанына наразылық тарих қойнауында әлдеқашан пісіп-жетіліп, тек жарыққа шығар сәтін тосып жатқан секілді. Мұны халықтың өзі де мақалдап: «Бақпен озған төреден мимен озған қара артық; сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық» деп айта бастаған болатын.
Бұған XVIII ғасырдың басынан бастап Әз Тәуке жарық дүниеден озған соң, біртұтас қазақ хандығының ыдырай бастауы да себеп болған сыңайы бар. Соны сезген қазақтың білікті кісілерінің бірқатары ойларын ашық айта бастағанға да ұқсайды. Мәселен, соңғы жылдары баспасөз беттерінде жарық көрген Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанында менің де көңіліме күдік ұялатар жерлері бар болғанымен, осындағы Алшын Әйтеке би айтыпты-мыс делінетін сөздерге пәлендей күдік келтіре алмадым. Қане, оқып көрелік:
Басқарар енді уақыт жеткен, – деді...»
Малтаңды, би мен бектер езбе, – деді...».
Міне, мәселенің төркіні қайда жатыр? Міне, Сырым идеяларының бастау алған көздері қайда?! Ел ұстаған би, сөз бастаған шешен ретінде де, исі қазаққа аты әйгілі Әйтеке биді өнеге тұтып өткен Сырым оны осынау идеяларында өзіне темірқазық еткеніне еш күмән болмаса керек. Сондықтан да Сырым өз заманында елін сатқан төрелерден, шынында да, біржола безініп, ханды тақтан тайдырып, қарағаштай қалың қазақты тұтас ел қылып, Кіші жүздегі үш атаның баласын өздерінен шыққан билерге басқартып (Әлімұлын Шекті Сегізбай биге, Байұлын Шеркеш Торманбет биге, Жетіруды Табын Тіленші биге тапсырып), сол уақытқа дейін сойқан салып келген казак-орыстардың шапқыншылығын Уфа және Сібір әкімшілік аймағының наместнигі О. Игельстромға айтып, тыйым салғызып, оның үстіне, ертеден шешілмей келе жатқан ұлы дау Жайықтың арғы бетіне елді өткізуге рұқсат әперіп, хан Нұралы шеше алмаған мәселелердің аяғын түгел жерге тигізген.
Ал әлгі жырда аттары қатар аталатын өз тұрғылыстары үйсін Төле би мен Қаз дауысты Қазыбек ауыздарына да алмайтын мұндай қауіпті идеяларға Алшын Әйтеке бидің өзі қалай келген?!
Иә, Алшын Әйтеке би, Хан, сұлтан, төре күні өткен...», «Қазағым, өзіңді өзің тұтас ел ғып, Басқарар енді уақыт жеткен...» десе, басқа-басқа, оның бұлай деуге толық қақы бар еді. Өйткені ендігі жерде қазақтың өзін-өзі басқару идеясы, қарадан туып-ақ хан болу (яғни ел басқару) мүмкін екендігі оған өз әулетінің мысалынан-ақ ап-айқын жайт еді. Бұл оған өзінің атасы, Самарқанды қырық жыл билеген кәдуілгі қара қазақ (төре емес) Жалаңтөс баhадүрдің тағылымынан етене идея еді. Өзге қазаққа өмірі орындалмайтын іс сияқты көрінгенмен. Әйтеке үшін қара қазақтың ел басқаруы еш оғаштығы жоқ, табиғи hәм заңды нәрсе секілді болатыны да сондықтан-ды.
Қалай болғанда да, осы идеяны қазақ топырағында тұңғыш рет жүзеге асырған, сөйтіп, қазақ тарихында бірін-ші рет ханды тақтан тайдырып, қарадан туған ұлдың да халықты басқара алатынын дәлелдеген; хандық биліктің орнына ел басқарудың мүлдем жаңа жүйесін «Халық кеңесі» деген демократиялық үрдісті енгізген; бұған қоса, малына өріс, жанына қоныс таппай қиналған елінің қолын Жайықтың арғы бетіндегі шүйгін жайылымдарға жеткізген, сөйтіп жер мәселесін шешіп берген; отаршылдардың тынымсыз шапқыншылықтарына қарсы бірде қолына қару алып шайқасса, енді бірде қарсыластарына мәмілегерлікпен, саясатпен, ақылмен тоқтау салып, ақыры ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен, қол бастаған батыр әрі мемлекеттік ауқымдағы үлкен қайраткер Сырым Датұлы бүгінгі тәуелсіз Қазақ елінің қалай мақтануға да тұрарлық тұлғалы қайраткерлерінің бірі екені сөзсіз.
...Осыдан жетпіс жылдай бұрын, орыстың зиялы адамдарының бірі, белгілі тарихшы Михаил Порфирьевич Вяткин: «Тарих мынаны айқын көрсетеді. Ол – Сырымның өз халқына білдірген асқан сүйіспеншілігі; өз халқын сатқан ел басшыларымен ешқашан ымыраласпайтындығы; өз Отанының бостандығы үшін, оның мемлекеттігін нығайтып, дамуы үшін, жанын аямай күрескені... Қазақтар халық қамы үшін күрескен осы бір батырды ешқашан есінен шығармақ емес» деп жазып еді. Одан бері қаншама уақыт өтті... талай нәрсе ұмыт болып, талай нәрсе ескірген шығар. Бірақ Михаил Порфирьевичтің бұл қорытындылары ескірді деуге әлі күнге ешкімнің аузы барған емес. Ескірмейді де! Өйткені бұл ақиқат сөз еді.
Ал ақиқат ешқашан ескірмек емес!
Қажығали Мұханбетқалиұлы,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері