Мен тәуелсіздіктің таңымен бірге түлеген ұрпақпын. 1991 жылы 31 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Жосалы (Қоңыр) ауылында дүниеге келдім. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің құрдасы болу – мен үшін үлкен жауапкершілік. Себебі осы елдің тумысынан алғашқы азаматтарымыз. Тәуелсіз мемлекет мәртебесі қазақтың маңдайына ауыр-ауыр жағдайлар, қаншама ата-бабаларымыздың, ағартушы тұлғалардың, қазақтың өз заманындағы саналы-салмақтыларының көз жасы, төгілген қанының нәтижесінде келген аса бір керемет құбылыс болды. Тәуелсіздік қазаққа келген оңай олжа еместігін бала күнгі естеліктеріме қарап, есейгенде түсіндім.
Елмен бірге біздің де бастан кешкен тоқырау сәтінің лебін біз де көрдік. Сонау 1990 жылдардың орта тұса, яки аяғына қарай Қазақстан экономикасы әлі де тұрақтала қоймағандықтан қарапайым халық біраз әуре-сарсаңға түсті. Ауылдық жерде тұрған соң көп саяси сәттерді білмесек те, теңгенің ауысып, жаңа валюта келіп, ақша құнсызданып, көптеген Кеңес үкіметі кезеңінен қалған зауыт, фабрикалар жабылып, ел ішінде жұмыссыздық белең алып, халық қалтасы жұқарып, салдарынан ұрлық көбейіп, қарапайым ел қорадағы жалғыз қашары мен күнкөріс кепілі, жем-суын қамдайтын жалғыз жылқысынан, бала-шағасынан жырып бағып отырған он саулық қойларынан айырылып жатты. Бұның бәрін мен 5-7 жасымда атам мен марқұм әжемнің әңгімесінен еститінмін. Азық-түлік тапшылығы сезілді. Менің есімде қалғаны, сол заманда азық-түлік тапшылығынан әкем өзіміздің үйге, қала берді, кейбір көрші-көлемге, қалдық ауыл-шаруашылық техникасы детальдарынан диірмен жасады. Сол диірменнен қызыл бидайды марқұм әжем мен анам жақсылап түйіп, кезектесіп ұн тартып нан, қойдың бүйрек майын шыжғырып тұрып кеспе пісіретін-ді. Сол күнгі жеген нанның дәмі әлі күнге аузымнан кетпейді...
Мектеп қабырғасында тәуелсіздік мерекесіне орай түрлі шаралар, тәрбие сағаттары өткізілетін. Мен мектеп, сынып белсенділері қатарында болғандықтан түрлі шараларға қатысып, сол уақытта бала болсам да тәуелсіздік деген түсінікті саналы түрде жақсы сіңірмесем де, сабақ барысында, өткізілетін іс-шаралар барысында түрлі тақырыптар талқыланған кезде, Қайрат ағам мен сол сияқты жастардың тәуелсіз ел мәртебесі үшін күрес жолында, қанша зәбір, қорлық көргенін естіп, «Желтоқсан желі» әнін айтқанда қатты қайғырып көзімнің жасын тыя алмайтынмын...
Тәуелсіз Қазақстан менің санамда, менің естіп, көріп, білуіммен осылай қалыптасты.
Осылайша, маған мәлім, санама сол уақытта жеткен ауыр сәттерден өтіп, күнен-күнге дамып-гүлдеп келе жатқан жас мемлекет болсақ та, біздің елдің азаматтарының, арқасүйер аға буын, өкшелеп келе жатқан жас буынның жігері мен ынтасының арқасында әлемге танылып, үлкен кеңістікте белгілі бір мәртебесі бар, тамаша, сұлу, тұла бойы кенге бай табиғатымен, ойлы-қырлы кең байтақ жерімен, өскелең ұрпақтың өнерімен, естіген жұрт таңқалып, сұрап, білгісі келетін, зайырлы, тәуелсіз, құқықтық елге айналдық. Елмен бірге көштен қалмай, мен де өсіп келемін. Сонау өткен және осы күнге дейінгі естіп, көріп, түйгенім, оқып білгенім бар, сонымен өз құлшынысым мен ынта-жірегімнің арқасында қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының №2 соты кеңсесінің бас маманы қызметінде еңбек етіп келемін. Бұл мекеме қабырғасында арнайы орта білім мекемесін тәмәмдай салысымен түрлі қызметтер атқара келіп, кейіннен жоғары білім дипломын алған соң бас маман қызметіне орналастым. Осы мекеме қабырғасында жүріп, өз мамандығым бойынша көп мағлұмат алдым. Көптеген жолдастарым бар. Дегенмен де бұл саланың басты тұлғасы – судья мәртебесіне жеткім келеді. Кейіннен жақсы жетістіктерге жетіп сақарған шағымды Парламент депутаты болып, тәуелсіз ел құқықтық тұрғыда алдымен өз азаматтары сүрінбейтіндей, кейіннен өзге ел қызығып қарайтындай жетістіктерге жетуіне өз үлесімді қосқым келеді.
Арай Дүйсенова,
Орал қаласының №2 сотының бас маманы, сот отырысының хатшысы