23.11.2021, 20:49
Оқылды: 88

БҚАТУ студенттері қаламгермен кездесті

Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Парасат жолы» жобасы аясында танымал айтыскер ақын, ұлағатты ұстаз, қарымды қалам иесі Дариға Мұштановамен кездесу өтті.

2A41FFC6-50D3-4E4D-9867-A1EAD2E96105

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Білім беру саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалі мен Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері Дариға Ғазезқызымен кездесу кешін «Парасат» ақпараттық білім беру орталығы ұйымдастырды. Алдымен сөз алған университеттің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ақылбек Сұлтанов қадірменді мейманға білім ордасының профессор-оқытушылары мен білім алушылары атынан ыстық ықылас білдіріп, Дариға Мұштанованың ұзақ жылдар білімді, көшбасшы ұрпақ тәрбиесімен айналысып, облысымызда көш бастаған «Үміт» мектеп-гимназиясына басшылық еткенін атап өтті.

1E8E7816-2202-4A8E-8BA7-6379C19AE097

Бұдан әрі жиналған көпшілік кеш қонағының өмір жолы мен шығармашылығы туралы бейнероликті тамашалап, қаламгер, ұстаз жерлесіміз жайлы мағлұматқа қанықты. Кеш шымылдығы студент Ернар Бисенбаевтың орындауындағы «Жаса, қазағым» әнімен түрілсе, Шамшырақ Есенғалиева ақын апамызға арналған Сәрсенғали Рахметовтің «Ақ Жайықтың атын көкке өрлеткен» туындысын оқып берді. Сонымен қатар бір топ студент қаламгердің «Аңыз болған абысындар» шығармасын әңгімелеп, өлеңдерін оқыды. Осылайша білім алушылар кеш барысында Жайықтың ақын қызы жайлы біраз дерекпен танысты.

Сөз тізгінін алған қаламгер Дариға Ғазизқызы мектептегі алғашқы еңбек жолы, Қонысбай Әбілевпен айтысынан кейін «Ақжайықтың Дариғасы» атанған сәті, шығармашылық жолы, ақындық қырлары, кітаптарының жазылу тарихы жайлы әңгімеледі. Ақын ғана емес, аяулы ана, ардақты әже ретінде өзін толғандыратын тіл мәселесі, шешендік өнер, отбасы құндылықтары, ер мен әйелге тән жауапкершілік, адамға керекті төзім мен сабыр жайлы сыр шертті. Ұлы ойшыл Абай ақынның шығармаларындағы көңіл күй лирикасы туралы әңгімелей келе, өзінің де өмірді жақсы көретінін, адамдарды жақсы көру арқылы өмірге құштарлығы оянатынын айтып, жастармен кездесу де өзіне ерекше жігер бергенін жасырмады.

4305C905-1941-4EFA-BF9E-86894832B68F

Тағылымды әңгімелерімен студенттер мен оқытушыларды ұйытқан талантты ақын, білікті ұстаз Дариға Мұштанова университет кітапханасына өзінің кітабын сыйға тартты.

   БҚАТУ медиа орталығы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале