3.12.2021, 10:00
Оқылды: 45

Ақылына ақы сұрамайды

Жуырда Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада «Кітаппен бірге  –  тәуелсіз елде» атты оқу марафоны өтті.    

36D25B02-8DF5-4929-A4C2-716CFCA4273C

Елімізде қазақ әдебиетінің үздік туындыларын жалпы халық болып оқуға шақыратын «Бір ел – бір кітап» акциясы 2007 жылдан бері  ұйымдастырылып келеді. Биыл Ұлттық академиялық кітапхана  «Тәуелсіздігіміздің  30  жылдығына – 30 кітап» рухани-мәдени акциясын  өткізуді ұсынған еді. Акция аясында қазақстандық танымал қаламгерлердің поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті және аударма саласындағы отыз шығармасы таңдалып алынды.  Әр жанр бойынша алты шығармадан таңдалған. Мәселен, поэзиядан М.Мақатаевтың «Өмірдастанын», Ж.Нәжімеденовтың «Менің Қазақстаным» кітабын атап өтсек, прозада Т.Нұрмағамбетовтың «Періштелердің өлімі», Т.Жармағамбетовтың «Отамалы» кітаптары қызықтырады. Драматургияда Р. Отарбаевтың «Айна ғұмыр» пьесалар жинағының өзі  бір төбе. Облыстық кітапханада өткен аталмыш іс-шарада Тәуелсіздіктің  30 жылдығына орай таңдап алынған 30 кітапты оқу акциясының мән-мазмұны айшықтала түсті.

D4E87E55-EFD5-42DB-AA11-FA3C44ED536A

Іс-шараға  өңір қаламгерлері, оқушылар мен студенттер қатысты. Оқу марафоны барасында кітаптың адам, өміріндегі маңызы, бала тәрбиесіндегі рөлі жөнінде әңгіме өрбіді. Шара қонағы болған журналист, жазушы, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин кітап оқу адамды жан-жақты тұлға ретінде қалыптастыратын бірден бір институт екенін атап өтті. Ұлы ғұламалардың адамзат қоғамындағы  кітаптың зор пайдасы жөнінде айтқан сөздерінен мысалдар келтірді.

– ХVIII ғасырда өмір сүрген  француз философы Дени Дидро  «Егер адам кітап оқуды доғаратын болса, ойланудан қалады» деген екен.  Ал жапондық психологтар мен социологтар ұзақ жыл зерттей келе, «Біздің ағзамызға, денемізге азық-түлік қалай керек болса, адамның жаны рухани эрозияға, рухани тоттануға, рухани каррозияға ұшырамас үшін кітап оқу да сондай керек» деген тоқтамға келеді. АҚШ-тың социологтары біраз жыл әлеуметтік зерттеу жүргізіп, балаларға қатысты байлам жасайды. Олардың тоқтамынша, бала 10 жасқа дейін көркем әдебиет, яғни кітап оқуға дағдыланса, ол баланың санасында өмір бойы өзін өзі біреуге зорлық-зомбылық жасаудан, қиямет көрсетуден, ұрлыққарлыққа барудан, жалпы жамандық атаулыдан сақтандыратын түйсік қалыптасады.  Мінекей, әлі қалыптасып үлгермеген жас сана үшін кітаптың маңызы зор. Балалар, кітапты тек өздеріңіз оқып қоймай, бауырларыңызды да соған баулуларыңыз керек. Біз, ересектер, бүгіндері балалар мен жастар кітап оқымайды деп жиі айтамыз. Ал, шын мәнінде, қазір ересектер бұрынғыдай кітап оқи ма? Меніңше, оқымайды. Ал ұлы мен қызы, немере-шөбересі кітап оқуы үшін  ересектердің өздері кітап оқып, үлгі көрсетуі тиіс. Өйткені ата-ананың жеке басының үлгі-өнегесі оның перзентінің тәрбиесіне тікелей әсер етеді, – деді Бауыржан Файзоллаұлы. Ол жастарға оқуға ұсынылған Бердібек Соқпақбаевтың

«Жекпе-жек» хикаятын жас санаға ерік-жігер, қажыр-қайрат дарытатын шығарма ретінде атап  өтті.

Іс-шараның тағы бір қонағы Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Азамат Мамыров текстология мәселесі жөнінде  ой  қозғады.  

– Біз әлі күнге дейін текстология деген мәселеге мән бермей келеміз. Бұны балалар әдебиетіне де қатысты айтуға болады. Текстологияға қиянат жасауды авторға қиянат жасау деп түсінген дұрыс. Мысалы, Ыбырай Алтынсаринның балаларды оқу-білімге шақыратын өлеңі «Кел, балалар, оқылық» деп айтылып жүр. Ал, шындығында, Ыбырай «Бір Аллаға сиынып, кел, балалар, оқылық» деп жазып кеткен. Яғни кеңестік кезеңде бұлай деп айтқызбаған шығар. Алайда қазірдің өзінде де «Бір Аллаға сиынып» дегенді айтпай келеміз. Негізінде бұдан үркетін ештеңе жоқ. Қазақ әдебиетіндегі басқа шығармаларда да мұндай жағдайлар ұшырасады, – деді доцент. Сондай-ақ ол әдебиеттегі ұлттық болмыс мәселесіне тоқталды. «Мәселен, Қайрат Жұмағалиев  ағамыздың «Жерұшық» деген өлеңі бар. Онда анасы батып бара жатқан күн ауру-сырқауды алып кетеді деген ырыммен ұшықтайды. Ал бұл – қазаққа ғана тән дүние. Міне, ұлттық болмыс осындай бөлшектерден құралады. Қай жанрда жазылатын шығарма  болса да, ұлттық болмыс сақталуы керек деп ойлаймын», – деді ол. Сонымен бірге шара қонақтары балалар әдебиетіндегі мысал жанрының маңызын, жансызға тіл бітіріп, образды түрде ой айтатын шығармалардың құндылығын саралады.  

Кітап оқу марафонында Орал қаласындағы №41 жаратылыстану-математика бағытындағы мектеп-лицейдің оқушылары ерекше дайындықтарымен көзге түсті. Мәдина Серік, Дамира Байыр және Айару Әміртай өздері оқыған  Ы.Алтынсаринның «Өнер-білім бар жұрттар», М.Қабанбаевтың «Жиһанкез Тити», Б.Соқпақбаевтың «Жекпе жек» кітаптары туралы ойларымен бөлісті. Ж.Досмұхамбетов атындағы жоғары педагогикалық колледждің студенті Аяулым Амантаева Мұқағали Мақатаевтың «Кел, болашақ» өлеңін мәнерлеп оқыды. Іс-шараға қашықтан  қатысқан Бәйтерек аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкері акция аясында оқылатын кітаптарға шолу жасады.

Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директорының орынбасары Нұрлыгүл Сағынова іс-шараның шырайын кіргізіп, үлкен-кіші қонақтарына ризашылығын білдірді. Оқу марафонында екі облыстық, бір қалалық, 12 аудан кітапханаларының қай күні, қандай шығарманы наси­хаттайтындары анықталды. Руханият ордасындағы іс-шара кәрі-жасты ақылына ақы сұрамайтын ең құнды қазына – кітаптан қол үзбеуге  үндеді.

 Ясипа

Рахимқызы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале