«Тәрбие сағаты» сабағында ұстазым Гүлсара Темірқұлқызы тақтаға үлкен әріптермен «Қазақстан – тәуелсіз мемлекет» деп жазды. Сосын бізге бұрылып, «Қане, балалар, айта қойыңдаршы, тәуелсіздік деген сөзді қалай түсінесіңдер?» деп сұрады. Сол кезде менің есіме атамның айтқан әңгімесі бірден сап ете түсті.
Маған атам көп жыл бұрын Қазақстан Кеңестер одағы деген алып мемлекеттің құрамында болғанын айтқан еді. Ол кезде Қазақ елінің өз шекарасы, мемлекеттік рәміздері, тіпті өз ақшасы да болмаған екен. 1991 жылдың 16 желтоқсанында еліміз егемендік алып, әлем картасында Қазақстан Республикасы атты жас әрі тәуелсіз мемлекет пайда болғанын зор мақтанышпен айтты.
Жақында біздің еліміздің өз алдына мемлекет болғанына 30 жыл толды. Қазақстан барлық салада көптеген жетістікке жетті. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанды, қазақ деген ұлтты әлем таниды. Өзіміздің туымыз, әнұранымыз, елтаңбамыз бар. Біздің құқығымызды қорғайтын Ата Заңымыз қабылданды. Ана тіліміз - қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды. Ұлттық ақшамыз – төл теңгеміз айналымға енді.
Ең бастысы, ұлттық салт-дәстүрді ұлықтайтын, өткен тарихқа зор құрметпен қарайтын көпұлтты, азат рухты, еркін ойлы, білімқұмар ұрпағы бар. Мен Қазақстанда дүниеге келгенімді, өзімнің тәуелсіз елдің ұланы екенімді мақтан тұтамын! Мен үшін тәуелсіздік ұғымының мағынасы өте кең. Тәуелсіздік – таңдау еркіндігі, сенімді болашақ және армандардың орындалуы.
Салидат Ғиниятулла,
№47 мектептің 3-сынып оқушысы,
Орал қаласы