6.04.2022, 18:10
Оқылды: 246

Тастөбе тасада қалмасын

Тарих толқынына көз салсақ кең байтақ қазақ сахарасының түкпір-түкпірінде империялық саясаттың үстемдігіне, билеуші таптың озбырлығына қарсы бұқара жұрттың наразылығы күшейіп, олардың қанқұйлы әрекеттері түрлі толқуларға ұшырап, келе-келе халықтың жаппай қарулы көтерілісіне ұласып отырған.

IMG_1231

Әйгілі Сырым Датұлы, атақты Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілістер ондаған жылдарға созылып, құдіретті Ресей империясын өздерімен санасуға мәжбүр еткен. Ақиқатына келсек, жиырмасыншы ғасырдың басындағы Қарқаралы, Торғай жұртының Ресей патшалығының саясатына қарсы бас көтеруі, Жаңақала өңірінде мыңға жуық адамның бір мезетте империя бұғауына қарсылық білдіруі азаттықты аңсаған, бостандықты көксеген бұқараның Тәуелсіз ел болуға бағытталған бұлқынысы еді.

Оның жалыны ғасырдың соңына дейін өшпестен 1986 жылдың желтоқсанында жастарымыздың бойында алау болып жанды.

Бүгінгі төбемізде желбіреген көк байрағымыз бір адамның білегімен көтерілген жоқ. Онда сахи бабаларымыздың бостандық жолында ғасырлар бойы пида еткен жаны, кешегі алаңдағы бағландарымыздың Тәуелсіздік үшін төккен қаны бар. Сондықтан да көк туымыз көз жасындай қасіретті, ана сүтіндей қасиетті.

Халықтың рухын оятып, жігерін жануда 1837-1838 жылдардағы Исатай-Махамбет бастаған халық көтерілісінің тарлан тарихта ерекше құбылыс болғаны ақиқат.

Найзаның сүңгісін, қылыштың жүзін, садақтың жебесін кекке суарып, көк темір құрсанып, зеңбірекпен жасақталған әскерге қаймықпастан қарсы шапқан сарбаздардың көзсіз ерлігі қарсы жақтың кәнігі қолбасшыларында таңдай қақтырды. Тастөбе соғысы сайыпқыран сарбаздардың сақылдаған патша әскеріне қарсы көрсеткен ержүрек ерліктерімен тарих бедеріне өз таңбасын қалдырды.

Көтерілісті басуға 2000 әскермен келген подполковник Докеніңөзі соғыс алаңындағы жанкешті шайқастан соң «олар жеңілген жоқ»- деп мойындауға мәжбүр болды.

Тастөбе соғысын зерттеген көптеген орыс тарихшылары азаттық үшін    арпалысқан дала қырандарының ерліктеріне тәнті болды. Солардың бірі – тарихшы А.Рязанов «Исатай батырдың есімі – халықты азат етуші күрескер ретінде, революционер ретінде қазақ халқының ұлттық ерлерінің қатарына қойылу керек» - деп жазды.

Кеңестік империяның қаһарынан сескенбей Тастөбе соғысын ұлт азаттық деңгейіне көтеруге Х.Досмұхамедов, Е.Бекмаханов, С.Аспандияров, М.Тынышпаев, Х.Сүйінішалиев сынды қайраткерлер ерекше еңбек сіңірді.

Исатай-Махамбет бастаған көтерілісті жан-жақты талдап, терең зерттеп, ұлы күреске қатысқан ерлердің есімдерін анықтап, уақыт тозаңына көміліп, көмескілене бастаған деректерді тарих төріне шығаруда елімізге танымал тарихшылар Исатай Кенжалиев пен Зұлқожа Шарафутдиновтың еңбектерін айрықша атап өткеніміз жөн болмақ.

Халқының қамын жеп, намысын ту етіп көтерген қос батыр бастаған көтеріліс жөніндегі мәліметтерді ел аузынан тірнектеп жинап, мұрағаттарда тапжылмастан айлап отырған ғалым Исатай Кенжалиев«Исатай-Махамбет» атты монографиялық еңбегін жазса, кейбір саяси белсенділер мен жалған тарихшылардың қарсылығына қарамастан тарихшы Зұлқожа Шарафутдинов нақты тарихи құжаттармен дәлелдеп «Тастөбе соғысы» атты өте құнды еңбегін жарыққа шығарды.

Осы еңбектердің қай-қайсысында өз тізгініміз өз қолымызға тиген мынау ақ қайнар уақытта мектеп оқулықтарына енгізсе, кейінгі ұрпаққа баға жетпес рухани қазына болареді.

Исатай-Махамбет бастаған көтерілістің себеп-салдарын ғалымдар мен жазушылар қаламы жеткенше жазды, тілі жеткенше айтты. Біз ешқандай жаңалық ашқалы отырған жоқпыз. Оны санамызда қайта жаңғырту үшін Махамбет ақынның тілге орала бермейтін мына бір шумақтарын дәйек етсек те жарар-деген ойдамыз.

Қапыда өткен дүние-ай,

Халқымның көрген қорлығы.

Хандардың еткен зорлығы,

Ақ жүрегін тебірентіп,

Ақсүйектің баласын

Қара ұлына теңгеріп,

Қоңыраулы найза өңгеріп,

Жетімдерге жем бердім,

Жесірлерге жер бердім. Міне, көтерілістің түпкі мақсаты да осы еді.

Ұрпақ ұлы бабаларының ұлы істерін ұмытқан жоқ.

Есімдері аталған ғалым-тарихшылардың ғанибетті істерінің нәтижесінде көтеріліс тарихы ұлт жадында сақталды.

Жаңақала ауданын ұзақ жылдар басқарған қоғам қайраткері Төлеген Мерғалиев көнекөз қариялардың айтуымен соғыс болды-ау деген аймаққа ақ мәрмәрдан белгі қойды. Ұлтжанды азамат Лавр Хайретдинов өңір басқарған жылдары аудан орталығына Тастөбе құрбандарына арнап ескерткіш белгі қойды.

Ендігі айтпағымыз Тастөбе соғысы тарихын ұрпақ жадына мәңгілік қалдыру үшін аудан орталығынан мұражай ашылса дейміз. Мұражайда Тастөбе құрбандарының қолда бар есімдері, олардың қару-жарақ, киім үлгілері, мұрағаттық құжаттар, сол уақыттағы қолданыстағы шаруашылық, тұрмыстық құралдар, олар жөнінде жазылған жүздеген еңбектер орын алса, жас ұрпақ үшін тарихи танымдық мұра болар еді.

Ел Президенті Қ.К.Тоқаев әр ұлт өз тарихын өздері жазу керек – демеп пе еді. Ендеше, Тастөбе тарихы да тасада қалмауға тиіс.

Закария Сисенғали,

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале