12.04.2022, 9:15
Оқылды: 98

Техника тілін меңгерген...

Дәурен Көшәлиев – көп уақытын білім-ғылымға арнап жүрген азамат. Бірнеше жыл бойы оқып, бүгінгі таңда өз ісінің тәжірибелі маманы болып отыр. Бірқатар жетістікке де жетіп үлгерді. Біз онымен әңгімелесу барысында осыны байқадық.

3e860317-c087-4af3-a6b3-72d3936f574c

Ол 1983 жылы дүниеге келген. 1-7-сыныпты Орал қаласындағы №18 мектепте, 8-11-сыныпты №21 мектепте оқыған. Әкесі Тасқала ауданындағы 2-Шежін ауылының, ал анасы Шыңғырлау ауданындағы Тасмола ауылының тумасы.

2001-2005 жылдары Алматыдағы Азаматтық авиация академиясында инженер-ұшқыш мамандығы бойынша білім алған. Бұл жоғары оқу орнында аэродинамика, ұшақ жүргізу, радиоэлектроника және метеорологияны меңгерген.

– Ұшқыш болу – бала кезден арманым. Аспанда самғаған «темір құстарға» телміріп, ұзақ тұратынбыз. Сол кезден бастап ала бұлтты жарып, діттеген жерге әуе арқылы баруға деген құлшыныс пайда болды. Армандай бастадым және мақсат-мұратыма қол жеткіздім. Оқу кезінде арнайы ұшуға арналған орындарда ұшақ жүргіздік. Бұл асқан жауапкершілікті талап ететін іс. Ұшқыш жатқа білуі тиіс қағидаларды санамызға құйдық. Диплом аларға таяу көзімнің көру қабілеті нашарлап, көзілдірік киюге тура келді. Сол кезден бастап-ақ болашағымды ұшақпен байланыстыра алмайтынымды түсіндім. Өзімді емес, өзгелердің тағдырын ойладым. Сөйтіп, басқа салаға бет бұруға бел будым, – деді Дәурен Көшәлиев.

Ол ұшқыш ретінде жұмысқа орналасып, өмірін әуе кеңістігімен байланыстырмағанымен, техникадан алыстамады. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне оқуға түсіп, 2008 жылы машани жасау мамандығын алып шықты. Аталмыш білім ордасы қабырғасында 2009 жылы көлік, көлік техникасы және технологиялары магистрі атанды.

– Кез келген адамның өмірінде бағыт-бағдар сілтейтін тұлға болады. Әкем Қайсар Жалитұлы мен үшін сондай адам. Ол маған адамзатқа ғылымның не үшін керек екенін түсіндірді және мақаланы сапалы жазуды үйретті. Әрқашан ақыл-кеңесін айтып отыратын ардақты жан қазіргі таңда Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті ветеринарлық медицина және мал шаруашылығы институты, ветеринарлық клиникалық ғылымдар  жоғары мектебінің жетекшісі, – дейді кейіпкеріміз.

Дәурен Қайсарұлы осымен оқуды тоқтата қойған жоқ. 2010-2014 жылдар аралығында Ресейдің Саратов қаласында тәлім алды. 2016 жылы 2 қазан күні Оренбург қаласында кандидаттық диссертация қорғап, 2017 жылы 28 сәуір күні дипломға қол жеткізді. 2018 жылы оған философия докторы (PhD) дәрежесі берілді. Ол әлі де білімін тереңдетуді, біліктілігін арттыруды қалайды. «Болашақ» бағдарламасымен Қытайда немесе Германияда білім алғысы келеді. «Dual Education for Industrial Automatization and Robotics in Kazakhstan/DIARKAZ» жобасымен Сербияға барып, тәжірибе алмасып келді.

Дәурен

Дәурен Көшәлиев қызметте де өзінің алғырлығымен көзге түсті. 2007 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне аспап жасау шебері ретінде жұмысқа орналасты. 2008 жылы машина жасау технологиясы кафедрасында оқытушы, 2009 жылдан 2018 жылға дейін сол кафедрада аға оқытушы болды. 2016-2018 жылдары «Технопарк Алгоритм» ЖШС инновациялық кеңсесінің басшысы, 2018-2019 жылдары кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2019-2020 жылдары «Agromech hub» жобасына жетекшілік етті. 2017 жылдан бері доценттің міндетін атқарушы. Ал 2020 жылдан бастап машина жасау жоғары мектебін басқарып келеді. Бұл мектепте машина жабдықтаудың технологиясы, роботтық техникалық жүйелер оқытылады. «Машина жасау», «Өндіруші салалардың машиналары мен жабдықтары», «Мехатроника» білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярлайды. Бүгінде түлектері әртүрлі кәсіпорындарда, зауыттарда және басқа да мекемелерде жұмыс істеп жүр.

– Біздің мектепте 8 оқытушы қызмет атқарады. Оның төртеуі – кандидат, төртеуі – магистр. Оқу-әдістемелік жұмысқа баса назар аударамыз. Жылдық оқу жүктемесі аудиториялық сабақтардан, студенттердің оқытушылармен бірге жасайтын курстық және дипломдық жұмыстарынан, оқу-өндірістік сараманнан тұрады. Оқытушылар әртүрлі халықаралық конференцияларға, ғылыми семинарларға қатысады. Профессор-оқытушылар құрамы жыл сайын еліміздегі және шетелдегі алдыңғы қатарлы университеттер мен мекемелерге барып, тәжірибе алмасады. Тамбов мемлекеттік техникалық университетіне (РФ), Тұрақты дамудың халық-аралық ғылыми мектебіне (РФ, Дубна қаласы), «Технопарк Алгоритм» ЖШС-ға жиі барамыз. Оқытушылар көбіне ғылыми жұмыстармен айналысады. Үздіксіз ізденістің, еңбектің нәтижесінде бизнес жоба гранттарын да иеленді. Студенттер де халықаралық және республикалық деңгейде көп жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға қол жеткізіп жүр. Былтыр бұл мектепті 155 түлек тәмамдады, – деді Дәурен Қайсарұлы.

Жұмысы жайлы біраз ақпарат айтқан кейіпкеріміз жеке жобаларына да тоқталды. Ол амортизаторларды қайта қалпына келтірудің жолдарын ойлап тауып, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің 24 миллион теңге тұратын грантын ұтып алғанын тілге тиек етті. Бүгінде университет шеберханасында, кейде үйде амортизаторлармен жұмыс істейді. Оған аталмыш техника бөлшегінің бұзылғанын алға тартып, хабарласатындар өте көп. Ол қаржыны оқу-білімге жұмсағанды ұнатады. 2018 жылы «Жылдың үздік ұстазы» байқауында 600 беттік еңбегі үздік деп танылып, 5 миллион теңгені жеңіп алды. Осы қаржыға Саратов, Оренбург, Астана және басқа да қалаларға барып, тәжірибелі мамандармен кеңесіп, өз саласы бойынша тың ақпарат жинады.

– Бізге мемлекет тарапынан қолдау жиі көрсетіледі. Университет ректоры Асқар Мырзахметұлы да әр кез қолдап отырады. Индустриалды-технологиялық институт директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Сәрсенбек Монтаевты ұстаз ретінде құрметтейміз. Ол да әр кез көрген-білгенін айтып, бағыт-бағдар береді. Роботтық техника бойынша 7-22 мамыр аралығында іссапармен Австрияға, Германияға барамыз, – дейді Дәурен Көшәлиев.

Айнара Нұрболатова, «ТМК-Казтрубпром» ЖШС техникалық бақылау бөлімінің аға сапа бақылаушысы:

48

– Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті стандарттау, сертификаттау және метрология мамандығының 2017 жылғы түлегімін. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дейді. Университетте үздік жас ғалым, техника ғылымдарының кандидаты Дәурен Көшәлиевке қарап, бой түзедім. Ол жетекшілік еткен жастардың біразы ғылым саласында көтерілді. Жаңалық пен ғылымды, технологияны, техниканы өндіріспен тығыз байланыстыру мақсатында Қазақстанда индустриалды-инновациялық даму көзделген. Мен ғылыми-инженерлік бағытта жұмыстанып, «Сорбциялық катализатор арқылы атмосфераға тарайтын газ тәріздес зиянды заттардың шығарындыларын тазалау үшін жаңа құрылғыны өңдеу» тақырыбында ғылыми жоба жасадым. Бірнеше облыстық, республикалық байқауда жеңімпаз атандым. Осылайша Дәурен Қайсарұлының ақыл-кеңесін жеке ізденістеріме ұштастыра білдім деген ойдамын.

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале