«Балалар жылы» аясында және Халықаралық отбасы күні қарсаңында «Бір отбасы – бір кітап» отбасылық байқауының қалалық кезеңі өтті. Байқау қорытындысында №19 ЖОББМ кітапханасының оқырманы Сәпиевтер отбасы облыстық кезеңге жолдама алды.
Мектеп кітапханаларының оқырман отбасылары арасындағы байқаудың мақсаты – балалар әдебиетінің шығармаларын насихаттау, оқырман-отбасыларының шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын, тұлғалық сезім мәдениетін дамыту. Байқауға қауымдастықтар бойынша таңдалған отбасылар қатысты. Қатысушылар бірінші – «Біз ұсынамыз: отбасымыздың сүйікті кітабы» бөлімінде отбасылық кітап көрмесі, оқыған кітаптары бойынша таныстырылым жасап, өздері сүйіп оқиын ақын-жазушыларының шығармаларын оқып берді.
Екінші кезең – «Түймедақ» сайысында қатысушы отбасылар әдеби сұрақтарға жауап берді.
Үшінші кезең – «Білім көзі – кітапта» аталды. Бұл бөлімде әр қатысушы отбасылық кітабына жарнама жасады.
Оқырман отбасылар өз шығармаларында білім алуға, өнер үйренуге шақырған Ы.Алтынсаринді, Абай Құнанбайұлының даналыққа толы қара сөздерін оқуды ұсынды. Үлкен-кіші қызыға оқитын Шерлок Холмс пен дәрігер Ватсонның хикаялары, қиындықтан шығуға көмектескен әлемдік деңгейдегі жазушылардың мотивациялық кітаптары ұсынылды.
Қазылар алқасының шешімі бойынша №19 ЖОББМ кітапханасының оқырманы Сапиевтер отбасы – бірінші, №50 ЖОББМ кітапханасының оқырманы Досқазиевтер жанұясы – екінші, №47 ЖОББМ кітапханасының оқырманы – Мақсұт отбасы үшінші орынды иеленді. №32 ЖОББМ кітапханасының оқырманы Красиковтар алғысхатпен марапатталды.
Жүлдегерлерге Орал қаласы білім беру бөлімінің диплом, алғысхаты табыс етілді.
Орал қалалық білім беру бөлімінің баспасөз қызметі