Бүгін Казталов ауданында ақбөкендер санын реттеу мəселесіне қатысты жануарлар дүниесін қорғау мекемелерінің мамандары, Батыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылық саласының мамандары, Казталов, Бөкей Ордасы аудандарының шаруа қожалық жетекшілері жəне БАҚ өкілдері мен белгілі блогерлердің басын қосқан жиын өтті.
Жиынға төрағалық жасаған Казталов ауданының əкімі Рүстем Зұлқашев ауданның ауыл шаруашылығы туралы қысқаша мəлімет беріп, киік мəселесіне де тоқталып өтті.
Жиында сөз алған Орман шаруашылығы және жануарлар дүнесі комитетінің орынбасары Данияр Тұрғамбаев: - Биылғы аэросанақ қорытындысы бойынша Қазақстанда киік саны шамамен 1 млн. 500 мыңға жетті. Осы киіктің басым бөлігі, яғни, үштен екісі Еділ мен Жайық арасын мекендейтін Орал популяциясына жатады. Алдағы шілде айында Үкімет қаулысымен «Бөкей ордасы» мемлекеттік резерваты мен «Ащыөзек» табиғи қаумалы құрылуға тиіс. Батыс Қазақстан облысындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақ 1 шілдеден бастап нақты іске кіріседі. Киік санын реттеу 15 шілдеде нақты шешім қабылданатын болады. Бұған республикалық бюджеттен 390 млн теңге қаржы бөлінбек. Табиғи аумақтың жалпы ауданы – 650 мың гектар. Аумақта шамамен 250 мыңдай киік жайылмақ. Біздің негізгі мақсатымыз – батыс Қазақстан облысындағы шаруалардың киікке қатысты көтеріп жатқан мәселелерді тыңдау, арнайы комиссия арқылы киіктен келген шығынды анықтау болып табылады. Осыған байланысты мәселені жоғары жаққа жеткізетін боламыз. Осыдан кейін ғана тиісті шешімдер қабылданбақ,- деді.
Жиында шаруа қожалық жетекшілері аудан аумағында биылғы жылы шөп бітік шыққанымен оны ақбөкендер таптап, жеп қойып жатқанын алға тарты. Сонымен қатар қуаңшылық жылдары киіктен келетін залалдың екі есеге дейін көбейетінін жеткізді. Киіктің күзгі күйек пен төлдеу уақытында көп қырылатынын жəне ақбөкен өлексесінің жиналмай далада жататыны туралы мəселе көтерілді. Əсіресе, кəсіпкер Нұрлыбай Жолдыбайұлы шаруашылықтардың соңғы уақытта киіктің көбеюі мал азығын дайындауға кері әсерін тигізіп отырғанын және киік санын реттеудің уақыты жеткенін ашық жеткізді.
Расымен, қай жәндік немес хайуан болсын, шектен тыс көбейіп жатса айналасына зиян тигізетіні белгілі. Жиынға қатысқан Жәнгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлы-техникалық университетінің профессоры Қайсар Кушалиев ақбөкендер санын реттеу үшін Батыс Қазақстан аграрлы-техникалық университетінде арнайы тұжырымдама жасалып, қазіргі күнде құжаттың дайын екенін жеткізді. Ғалымның сөзіне сенсек, ғылыми тұжырымдама бойынша еркін өсіп, көбеюі үшін әрбір киікке кемінде 20 гектар жер қажет. Әр киік күніне 6 келі шөппен қоректенеді. Биыл ресми есеп бойынша киік саны 1 млн. 500 мың басқа жетті. Сонда олар қанша жерде жайылады, қанша азықты жейтінін ойша есептей беріңіз?! Жергілікті халық нақты цифр бұдан екі есе көп екенін айтады. Ақбөкеннің Орал популяциясы жайлайтын аумақта ең көп дегенде 300-350 мыңнан аспауға тиіс. Тұжырымдамада киіктің санын қалай реттеу қажет екенін де жазылған екен.
Сонымен бірге аталмыш университет профессоры киік арқылы тарайтын жұқпалы аурулардың да түрін атап шықты. Тыңдап отырсаңыз, төбе шашың тік тұрады. Бірінші кезекте пастереллез, бруцеллез, айналма – ценуроз, жыбырлақ – жұқпалы энтеротоксемия секілді жаман аурулар. Ғалым бұрынғы киіктің жаппай қырылуы осы бір жұқпалы аурудан болғанын айтады. Сонда сар даламызда төрт түлік малмен қатар жайлып жүрген ақбөкендер жұқпалы аурыға ұшыраса, жаппай эпедемиялық жағдай орын алмайтынына кім кепіл?!
Жиын барысында шарулар киікке қатысты жазаның да қатал екені тілге тиек етті. 1 бас киіктің бағасы – 500 АЕК, яғни 2 млн. 83 мың 500 теңге екендігі көрсетілген. «Бұл қайдан шыққан баға? Ірі малдың бағасы мұның ширегіне жетпейді. Ең төменгі жалақы 60 мың теңгені екінің бірі ауылда ала алмайды. Сонда бұл қалай болғаны?», деп күйінді жергілікті шаруалар. Ақбөкендер далада өзінен өзі қырылып жатыр. Әсіресе күйектен кейін текелер зорығып өледі. Бұл табиғаттың заңы. Сол арам өлген киіктің мүйізін ақшаға қызығып алған жігіттерге тым қатаң жаза берілді тағы бар. Ауданымыз бойынша біраз азаматтар темір торға тоғытылып немесе біраз миллиондарды мойынына арқалап алды.
Аталмыш жиынға қатысқан мамандар алдағы уақытта киіктерді қорғау үшін арнайы резерват ашылып, ақбөкендерді санын реттеу жүргізілетінін жеткізді. Бірақ, қалай реттейтіні белгісіз?! Оны барлық жәйттерді зерделей отырып, жоғарыдағы азаматтар шешпек.
Қайрат Жақып,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz