Жуырда ғана Болгария елінде өткен еркін күрестен ардагер спортшылар арасында әлем чемпионы атанған бұлдыртылық Нұрлан Бекжанов жерлестерімен кездесті.
Сырым елі чемпион ұлын құшақ жайып қарсы алды. Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өткен кездесуде аудан әкімі Төлеген Төреғалиев палуанды жеңісімен құттықтап, қазақы дәстүрмен иығына шапан жауып, ат мінгізді.
- Нұрлан тек сырымдықтар үшін ғана емес, күллі қазақтың мақтанышына айналды. Ағаларынан үлгі алар ұрпағымыз, жас чемпиондарымыз шыға берсін!, - деп тілегін білдірді аудан әкімі.
Аталмыш кездесуге Нұрлан Бекжановтың анасы мен туыстары да қатысты. Бақытжан Азбергенов інісін ел алдында құттықтап, жүрек жарды жылы лебізін білдіріп, спортшы туралы әдемі естеліктерімен бөліссе, Нұрбол Бекжановтың ағасы Ербол Бекжанов ағайындары атынан ат мінгізді.
- Болгариядағы белдесуде қарсыластарым осал болмады. Әйтсе де, жеңісіміздің бас-аяғы бұл емес. Спортқа қызығушылығы бар жастарға айтарым, ең алдымен мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында аянбай еңбек ету керек. Кез келген сынаққа сынып қалмай, мақсатқа қол жеткізу жолында түрлі кедергіге қасқайып қарсы тұру керек, - деді спорттағы жас іні-қарындастарына боз кілем шебері.
Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz