ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ел аумағында тұмау, ЖРВИ-дан басқа да вирус түрлерінің таралып жатқанын ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Фото дереккөзі: baribar.kz
«Қазақстанда тұмаудан басқа оған ұқсас вирустар таралуда. Тұмауға ұқсас инфекциялар бойынша 2292 сынама алынды. Оның ішінде 341 сынама немесе 14,8 пайызы оң нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, риновирус – 124, РС вирус – 97, парагрипп – 35, коронавирус – 32, аденовирус – 32, бокавирус – 15 және метапневмовирус – 6», - деді ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Марал Рақымжанова ОКҚ-де өткен брифингте.
Оның айтуынша, кез келген вирустық инфекцияны жұқтыру кезінде катаральдық белгілер басым болады.
«Мұрыннан су ағып, тамақ ауырады. Сол сияқты катаральдық белгілермен бірге температура көтеріледі», - дейді ол.
Сондай-ақ маман аурудың алдын алу үшін профилактика шараларын сақтауды ұсынды:
- адамдар көп жиналатын орындарға, әсіресе жабық жерлерге баруды шектеу;
-бөлмелерді желдету, антисептикалық құралдарды пайдаланып, дезинфекциялық режимді күшейту;
- қолды өңдеу үшін антисептиктерді немесе дезинфекциялық сулықтарды пайдалану;
- науқас адамдармен байланысты шектеу, оларды оқшаулау;
- ауырғандардың 80%-ы балалар екенін ескере отырып, тұмау мен ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдырып, мектепке жібермеген жөн;
- медициналық көмекке уақтылы жүгіну керек.