16.11.2022, 16:00
Оқылды: 28

«Саяси шешімді эмоциямен емес, сауатпен, санамен қабылдауға тиістіміз!»

Сырым аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Жолдыбай Батырниязовпен сұхбаттасқан едік.
3

- Жолдыбай Жаңатауұлы! ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы – осы жылдың ең басты саяси оқиғасы саналып отыр. Сырым ауданында саяси науқанды ұйымдастыру жұмыстары қандай деңгейде? Сырым аудандық орталық сайлау комиссиясының жұмысына тоқталып өтсеңіз?

- Иә, жалпы биылғы жыл саяси оқиғаларға толы болды. Маусым айында қазақстандықтар ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін бүкілхалықтық референдумға қатысты. Президенттік қызметтің өкілеттілігі 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартылды. Кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде кезектен тыс ҚР Президентінің сайлауын өткізу туралы жарлыққа қол қойды.

Сырым ауданында 10980 сайлаушы бар. Науқанға әзірлік деңгейі – сайлаушылар тізімінің нақты, толық жинақталуымен тікелей байланысты. Референдумнан кейін жергілікті атқарушы органмен бірлескен жұмысшы тобы құрылып, ауданның аумағынан тыс жерде тұрмыс кешіп, қызмет етіп жүрген азаматтарды тұрғылықты жері бойынша есепке орналастырып, нәтижесінде 400 шақты адам есептен шығарылды. Сырым аудандық орталық сайлау комиссиясындағы сайлаушылар тізімі 11467-ден 10980-ге дейін қысқарды.

Сайлау күні 29 учаскелік сайлау комиссиясы 153 адам қызмет атқарады. Комиссияның әр мүшесі біліктілігін жаңартты. Учаскелер кабиналармен, тұрақты және жылжымалы дауыс беру жәшіктерімен, басқа да қажетті жабдықтармен қамтылды. Он күн алдын әр үйге, әр тұрғынға шақыру тараттық. Учаскеге денсаулығына, қарттығына байланысты келе алмайтын тұрғындар тізімі жасалды. Олар үйлерінен дауыс береді.

Сырым ауданы сайлауға дайын.

- ҚР Сайлау туралы Заңында жаңа өзгерістер бар ма? Болса, ол 20 қараша күнгі сайлауда қолданыста болады ма?

- Заңда өзгеріс жоқ. Дегенмен, биылғы сайлауда басты назар саяси іс-шараның мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді болуына аударылуда.

Ауданда мүмкіндігі шектеулі 74 азамат бар. Оның 51-і  зағип, 8 адам есту қабілеті нашарлаған, ол 15 ауылдасымыздың тірек-қимыл аппараты бұзылған. Кабиналар арнайы үстел және зорайтқыш әйнекпен, учаскелер орталық сайлау комиссиясының қызметкерлері туралы, ҚР Президенттігіне кандидат тұлғалар жөнінде ақпарат беретін папкалармен жабдықталды. 29 учаскенің 9-ы мүгедектігі бар жандарға қолжетімділік талабына толық жауап береді. Қалған 20 учаскенің 19-ында пандустар, жолжақтаулар бар. Қолда бар мүмкіндікпен, табалдырықтарды да қозғалуы қиын, арбамен жүрген жандар үшін икемді еттік.

- Әр ұйым, әр партия өз кандидаты үшін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әрине, сайлаушылардың кімге дауыс берсе де еркі өзінде. Ал, сайлауға қатысу – қоғам адамы үшін азаматтық борыш қой. Соңғы сайлаулардың сараптамасы бар ма? Сырымдықтар саяси белсенділігі қай деңгейде?

ҚР Конституциясына өзгеріс пен толықтырулар енгізу үшін болған бүкілхалықтық референдумға сырымдықтардың 82%-ы дауыс беруге қатысты. Одан кейін ауданда 3 мәрте ауыл әкімін сайлау шарасы өтті. Ол жерде де дауыс берушілер үлесі тиісті тұрғындардың 80-90%-ын құрады. Әкімдер сайлауында кандидаттардың өзара бәсекелестігі, жұртпен «тірі» жүздесулер жасауы, белсенділігі кемшін десек, артық айтқандық емес. Халық сосын да саяси науқанға қызықпайды. Таңдаушылардың жорамалын бұзып, жарқ ету – міне, сайлау осындай жаңалықтарға мұқтаж. Оны тек өзіне сенімді кандидат жасай алады.

- Кейінгі уақытта сайлауға үзілді-кесілді қарсы болып, қоғам алдындағы «борышына» салғырт қарайтын жандар көбейді. Халық неге өзінің үлесінен бас тартады? Ұзақ жыл елмен етене еңбек еттіңіз. Мемлекеттік қызметте жасаған тәжірибеңіз не дейді?

Ел ішіндегі саяси оқиғаға немқұрайлылық, сырттану байқалмай қалмайды. Өзінің таңдауы, пікірі қоғамның бір бөлігі екеніне сенбейтіндер бар. Бәлкім, біз тек сайлау болар алдын бой көрсетпей, былайғы уақытта қоғамды демократияландыру, саяси үдерістерге халықты жұмылдыру бағытында жұмыстар жүргізуге тиісті шығармыз.

Дауыс беру – ҚР азаматының конституциялық құқы. Сайлауға қатысып, таңдау жасауы – азаматтың құқығын пайдалануы. Қазір бюллетеньде «Бәріне қарсымын!»  деген де нұсқа бар. Жүйемен, билікпен көзқарасым үйлеспейді деп, сайлаудан тыс қалуға болмайды. Тұрғын қарсылықты да ресми білдіруі тиіс.

Келесі жылдың жартыжылдығында ҚР Парламентінің, жергілікті мәжіліс депутаттарының сайлауы өтеді. Партиялық тізім деген жоқ. Аудандық мәслихат қатарына кандидаттарды ұсыну 100% тұрғындар еркінде. Облыстық мәслихат 50/50, ал ҚР Парламенті құрамы да 30/70 жүйесімен сайланып, халық таңдауына мүмкіндік кеңеймек. Демек, мемлекет тағдыры, саяси жүйенің жауапкершілігі елдің де иығына түсетін сындарлы сәттер алда. Саяси шешімді эмоциямен емес, сауатпен, санамын қабылдауға тиістіміз.

- Сайлау – бірлік пен тұтастықтың белгісі дегенге келісесіз бе?

Оған толықтай келісемін. Бірлігі жоқ, тұтастығы жоқ мемлекет ел бола алмайды. Тұрғындардан ұйымшылдыұ танытып, халықтық қозғалысқа ілесуін, еліміздің болашағы мен оң өзгерістерге дауыс беру үшін сайлау учаскесіне келуін сұраймын.

Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан: Бауыржан Ширмединұлы

Суретті түсірген: Айжан Амангелдина

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале