17.11.2022, 11:01
Оқылды: 167

Пайдасы көп жүнұйық, Қадірін біл, мол ұғып

Шыны керек, аяққа киетін кәдуілгі жүн ұйықтың (кейде «жүн нәски» деп аталып жүр) өзі мұражайға, ал атауы көнерген сөздердің қатарына еніп бара жатқандай көрінеді. Өйткені, балалардың «Жүн ұйық деген не?» деп таңырқай сұрағанын естіп жүр мына құлақ. Хош, сонымен... 

IMG-20221117-WA0017

Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде төрт түлік малдың жүні әу бастан-ақ орасан зор мәнге ие екені әмбеге аян. Жалпы, шаруашылықта мал жүнінің ең асылы және бұйымдар жасауға көп қолданатыны – түйе және қой жүндері. Мінекей, осы жүндерден тоқылатын жүн ұйықтың пайдасы көл-көсір. Ауа райының қатты суығында қадірі артатын бір киім болса, ол – жүн ұйық. Оның жылы болмағы – денсаулықтың кепілі. Себебі, суық алдымен аяқтан өтеді. Дәрігерлер адам аяғының температурасы төмендегенде денедегі жылу да күрт азайып, ағза небір ауруларды жұқтырғыш келетінін айтады. Аяққа суық тигенде қанның қызметі де баяулайды. Соның салдарынан қан құрамындағы инфекциямен күресетін иммундық жасушалар семеді екен. Сайып келгенде, сырқаттың көбі аяқтан болады. Сондықтан, суық күндері алдымен аяқты жылы ұстау керек. Бабаларымыз мұны бұрыннан біліп, аяқтан жүн ұйықты еш тастамаған.

Аяқтан өтіп бойды алар, суық күннің ызғары

Шаған ауылдық округінің тұрғыны Роза әжеміздің жасы сексенге таяп қалды. Күні бүгінге дейін қолынан ине-жібі түспеген. Ол тіккен көрпе-жастықтардың көркі көздің жауын алады. Сонымен қатар тоқыма тоқудың хас шебері.

- Жүн жайлауы малға, қорасы қойға толы қазақ атамыздың қажетіне қашан да жарап отырған. Көшпелілердің жайы да  киізден болған. Төсеніші, тұтынатын көрпе-көрпешесі де жүн өнімі. Үстіндегі киімі мен аяқ киімі де былғары мен жүннен істелген. Астына жаятын төсеніші де осы өнім. Бір сөзбен айтқанда, жүн  қазақтың тұрмыстық қажетін толық өтеген. Ол табиғи өнім екенімен ерекше. Экологиялық жағынан да адам денсаулығына пайдалы. Жүннен киім-кешек және т.б. бұйымдарды дайындамас бұрын жақсылап тазартып, сұрыптап, өңдеп, иіріп, жіп алған. Жалпы, жүннен тоқылған шәлі, кеудеше, шұлық суық өткізбейді. Жүн ұйықты бала кезімізден киіп өстік. Біле білген пендеге мұның  пайдасы мол. Қазіргі жастар бұл ұйықты киюге ұялады. Есесіне, жұп-жұқа әрі қонышы қысқа шұлықтарға әуес. Тіпті, сән қуамын деп суық күндері шұлықсыз аяқ киім киіп жүргендерді де көріп жүрміз. Содан да болар, жастар ауруға көп шалдығады, - дейді Роза Аманқұлова.

IMG-20221117-WA0019

Айтпақшы, әжеміз ютуб желісінен тоқыма тоқудың түр-түрін үйреніп, заманауи бұйымдарды да тоқиды екен.

 Шарананы ширықтырған «28 ілмек»

Қазіргі жаңартылған білім мазмұнын жан-жақты игеріп, шәкірттерге терең білім, тағылымды тәрбие беріп жүрген Госплемстанция жалпы орта білім беретін мектебі – көпке үлгі мектеп десек, артық айтқандық емес. Өйткені, аталмыш оқу ордасының ұстаздары ұйымдастырған әр алуан шаралардың берері бар. Соның бірі - «28 ілмек» жобасы. Неге жиырма сегіз? Бұл хақында мектеп директоры Гүлдариға Амандықовамен тілдескен едік.

IMG-20221117-WA0018

- Мектебіміздегі «28 ілмек» жобасының мақсаты – салмағы аз болып туылған сәбилерді өмірге бейімдеу үшін тоқыма бұйымдармен қамтамасыз ету. Негізінде 500-2000 гр, яғни, 2 келіге дейінгі балалар «шала туған» деп есептелінеді екен. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде жыл сайын дүниеге келетін сәбилердің 4-12 пайызы мерзімінен бұрын дүниеге келеді. Дәрігерлердің айтуынша, шала туған сәбилер үшін жүннен дайындалған тоқыма бұйымдар қолданылады. Мұндай сәбилердің тыныс алу орталығы дұрыс жұмыс жасамайды. Сондықтан олар ұзақ ұйықтап кетеді. Сол кезде аталмыш бұйымдар нәрестенің денесіне әсер етіп, қозғалысқа бейімдеп тұрады. Көбінесе бас киім, шұлық және кеудеше пайдаланылады. Себебі, жаңа туған сәбидің басындағы жылу тез жоғалады және аяғы мен қолдарының ұшына келгенде қан айналымы салқындап жүрмей қалады.

Қайырымдылық клубымыз өткен жылы қараша айында құрылды. Құрамында ұстаздармен қатар ата-аналар да бар. Жалпы, клубқа тоқу қолынан келетін кез келген адам мүше бола алады. Ал енді «неге 28 ілмек?» дегенге келетін болсақ, шұлық, бас киімнің барлығы 28 көзден тоқылғандықтан, жоба атауын солай атауды құп көрдік, - деген мектеп басшысы, жоба биыл да  жалғасын табатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, 17 қараша – халықаралық шала туған балалар күні екен. Қашан да өзінің әлеуметтік, азаматтық жауапкершілігін сезінетін атаулы мектеп ұжымы қандай да болмасын ізгі істерге өз үлестерін қосуды жөн санайды. Себебі, жас ұрпақты қайырымдылыққа, мейірімділікке тәрбиелеу арқылы қоғамдағы көптеген келеңсіздіктің алдын алуға болады. Олар жиналған бұйымдарды шаһардағы перзентханаларға табыстауды жоспарлап отыр.

«Бір күнде бір шұлық тоқимын»

Тоқыма тоқу – қазақ халқының ежелден келе жатқан қолөнері. Сондықтан да дүкеннің дайын өнімі ешқашан қазақтың қолөнерін алмастыра алмайтыны айдан анық.

«Тоқыма тоқиды» десе, көз алдымызға бірден ақ жаулықты әжелер келе қалады ғой. Қазір олай емес, өйткені  тоқыманың түр-түрін тоқуды  жастар қауымы да  қолға алған. Оған дәлел – Сарыөмір  ауылының тұрғыны Зәру Қуанышәлиева.  Өмірде әр нәрсенің өз бастауы болады. Ол бастау адамды қанаттандырып, биіктерге жетелейді. Зәрудің де  ісмерлік  жолын таңдауына анасы ықпал еткен. «Ана көрген – тон пішер» демекші, анадан алған тәлім оның шебер атануына септігін тигізген.

- Үйдің тұңғышы болғандықтан, анам тоқыма тоқуды алдымен маған үйретті. Бүгінгі таңда қалған баурыларымның бәрі де тоқи алады. Бұл өнермен 4-сыныптан бастап «дос» болдым. Ең әуелі, жүн ұйықты тоқып үйрендім. Бұл іс табандылықты, математикалық есеп пен асқан зеректілікті талап етеді. Әйтпесе, шұлықтың пішіні өзгеріп кетеді. Кейін кеудеше, көйлектерді тоқыдым. Тоқу сүйікті ісім еді, енді кәсіпке айналдырдым. Менің тоқитынымды көпшілік біледі. Сұраныс мол. Қазір жүн ұйық киюдің мезгілі жақын. Тапсырыс көп. Қолым жаттығып қалғандықтан болар, жүн ұйықты бір күнде тоқып беремін. Түрлі дизайндағы жүн ұйықтарды YouTube әлеуметтік желісінен қарап аламын. Тоқуға арналған жіптерді Орал қаласынан немесе ауылдағы дүкендерден сатып аламын. Жүн ұйық тоқумен бірге, бас киім, балалардың есімі жазылған кеудешелерді де тоқимын, - деді Зәру Ержанқызы.

Жас тоқымашы осы өнерін оқушыларға үйрету мақсатында Х Есенжанов атындағы мектепте «Сырғалым» үйірмесінің жетекшісі қызметін атқарып жүр.

Тобықтай түйін:  Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі.  Егер денім сау болсын десеңіз, аяғыңыздан жүн ұйықты шешпеңіз! Жүн ұйық – ұлттық қолөнеріміздің туындысы. Сайып келгенде, сіз бір жүн ұйық арқылы денсаулығыңызды һәм ұлтымыздың тоқыма өнерін сақтайтыныңызды біліп жүргейсіз!

Самал Жамет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале