Ардагер-ұстаз, Теректі ауданының құрметті ұстазы Шарапи Шотанов 1951 жылы 1 мамырда Бөкей ордасы ауданындағы Қасымтау селолық кеңесінің «Чапаев» колхозында туған. Әкесі Тәжібай Сауанов 1920 жылы дүниеге келген екен. Фин және Ұлы Отан соғысына қатысқан. Майдангер Ұлы Отан соғысынан жаралы оралған. Одан кейін «Чапаев» колхозындағы май зауытын басқарыпты. Ал анасы Жанша Мұсағалиеваның өмір бойғы кәсібі – сауыншылық.
1952 жылдың мамыр айында Тәжібай Сауанов қайтыс болған. Сол жылы оның отбасы Чапаев ауданындағы Ленин атындағы колхоздың орталығы Дуана ауылы на көшірілген. Ол кезде Шарапи Шотанов 1 жаста еді.
– Еңбекке ерте араластым. Қиын-қыстау кезеңде тұрғындардың қалай күнелткені көз алдымда. Бір үйде 3 ұл, 3 қыз тәрбиелендік. Әкемнің сүйегі туған жерінде қалды. Біз көшіп келген шақта «Ленин» колхозында мал аз болыпты. Бұл жерге Бөкей ордасы ауданындағы «Чапаев» және «Еңбек» колхоздарының тұрғындары өздерімен бірге малдарын да әкелген. Жайықтың бойын жайлағандардың жағдайы осылайша түзеле бастаған. Сол уақытта Чапаев аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған марқұм Кенжебек Меңдалиевке алғысымыз шексіз. Ол елді еңбекке жұмылдырып, егін және мал шаруашылығын дамытты. 1967 жылы «Ленин» колхозының төрағасы Мұхамедқали Хайруллин егін шаруашылығын көркейту мақсатында Дуана ауылының тұрғындарын Теректі ауданындағы Сарыөмір ауылына көшірді. Механизаторлар, комбайншылар, сөйтіп, Шалқар көлінің жағасына табан тіреді. Дуанада 130-ға жуық үй қалды. Неге көшірілді десеңіз, Дуана аудан орталығынан алыс еді және ондағы жер мал шаруашылығына ыңғайлы болды. 1967-1987 жылдар аралығында жыл сайын Сарыөмір ауылының маңындағы 15-20 мың гектар жерге егін егілді. Ал мен Сарыөмір ауылына өз еркіммен көшіп келдім. Осы ауылда жылдар бойы еңбек еттім, – дейді Шарапи Тәжібайұлы.
Айта кетейік, Шарапи Шотанов Чапаев ауданындағы Первомай орта мектебін тәмамдаған. 1973-1978 жылдар аралығында бұрынғы А. Пушкин атындағы педагогикалық институтының жаратылыстану факультетінде білім алған. Еңбек жолын Сарыөмір ауылындағы Х. Есенжанов атындағы мектепте химия-биология пәнінің мұғалімі ретінде бастаған.
Әр жылдары селолық кеңестің төрағасы, ауыл әкімі қызметтерін атқарған және Дуана ауылындағы Ш.Онашев атындағы мектепті басқарған. 1997-2014 жылдары Х.Есенжанов мектебінде директор болған.
– Бөкей ордасы десе, елең ете қаламын. Ол жаққа зейнетке шыққаннан кейін бардым. Таңмен ауылды жалаң аяқ аралап, мұражайға бас сұқтым. Атамекенге бара жатқанымда қарт жездем Жұмақұл Қамиев «Құмаршық ала келші...» деп өтініш айтты...
«Көрген сайын көңіл кірі аршылар,
Әркімнің-ақ туған жері бар шығар.
Бірақ маған сенсіз әлем тар шығар,
Сағынышым ыстық жас боп тамшылар» деген ақын Асылбек Абдрахмановтың өлең жолдары сол мезетте ойға оралып, үнсіз толғанып тұрып қалыппын, – дейді Шарапи Тәжібайұлы.
Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz