Қазталов аудандық мәслихатының кезекті 41-сессиясы өтті.

Мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашевтың жетекшілігімен ұйымдастырылған жиынға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, салалық бөлімдер мен мекеме басшылары және депутаттар қатысты. Сессияның күн тәртібіндегі алғашқы мәселе ретінде аудандық және ауылдық округтердің 2025 жылғы бюджеттерінің атқарылу қорытындылары қаралды. Баяндамашы атқарылған жұмыстар мен қаражаттың игерілу барысын таныстырғаннан кейін депутаттар сұрақтарына жауап беріп, нәтижесінде өткен жылдың жылдық есебі ресми түрде бекітілді.
Сонымен қатар жиында мәслихаттың Бюджет, экономика және инфрақұрылымды дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының есепті кезеңдегі атқарған қызметі сараланды. Депутаттар комиссия жұмысының нәтижелерін талқылап, өңірді дамытуға қатысты бірқатар ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Басқосудың қорытынды бөлімінде 2026-2028 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы шешімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі қаралды. Ұсынылған жаңа түзетулер депутаттар арасында жан-жақты талқыланып, халық қалаулыларының қолдауымен тиісті шешімдер қабылданды.
Жайна Қабиболла,
Қазталов ауданы