Орал қаласында БҚО қоғамдық даму басқармасының қолдауымен және «Ақ отау» отбасы орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Әулеттің алтын діңгегі» атты облыстық жас келіндер байқауы өтті.

Бұл ауқымды шараның басты мақсаты — қазақ келінінің қоғамдағы және отбасындағы рөлін насихаттау, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды заманауи форматта жаңғырту. Өңірдің ең үлгілі келіндері бас қосқан бұл додада Қазталов ауданының намысын Қараөзен ауылдық округінен келген Ғилмановтар әулетінің келіні Гүлсезім Тайырова қорғады.
Бес түрлі тартысты кезеңнен тұратын облыстық байқауда Гүлсезім Медетқызы өзінің парасатымен, ұлттық салт-дәстүрді меңгеру шеберлігімен және өнерімен қазылар алқасын тәнті етті. Сайыс қорытындысы бойынша қараөзендік жас келін жоғары дайындығын көрсетіп, жүлделі екінші орынды иеленді. Бұл жетістік жалпы Қазталов ауданындағы отбасылық құндылықтар мен аналар мектебінің деңгейі жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеп берді.
Жайна Қабиболла,
Қазталов ауданы