Қазталовта аудандық мәслихаттың екі бірдей тұрақты комиссиясының, атап айтқанда, бюджет, экономика және инфрақұрылымды дамыту мәселелері мен білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамту мәселелері жөніндегі комиссиялардың кеңейтілген бірлескен отырысы өтті.

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Айдар Менеев, аудандық мәслихат депутаттары, сондай-ақ бөлім және мекеме басшылары қатысты. Басқосудың күн тәртібінде Қазталов аудандық мәслихатының «2026-2028 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі қаралды.

Аталған тақырып бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жадыра Сүндетова баяндама жасап, аудан бюджетінің нақтылануына негіз болған негізгі себептер мен ұсынылып отырған өзгерістердің бағыттарына тоқталды. Баяндамашының айтуынша, бюджетке енгізілетін түзетулер, ең алдымен, аймақтағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды дер кезінде қаржыландыруды қамтамасыз етуге, жергілікті инфрақұрылымды дамытуға, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар аясындағы міндеттердің орындалуын күшейтуге бағытталған.

Отырыс барысында халық қалаулылары ұсынылған өзгерістерді жан-жақты талқылап, бюджет қаржысының тиімді әрі мақсатты жұмсалуына қатысты өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Бекарыс Әбіш,
Қазталов ауданы