Соңғы жылдары «Өзім түсіретін кино, сондықтан өзім білемін» деп уәж айтатын продюсерлер мен режиссерлер көбейіп бара жатыр. Кино заңдылықтарынан алыс адамға «Бұлай етуге болмайды» деп те айта алмайсың. Мұның өзі жеке тұлғаның құқығына қол сұғу болып саналады. Кино өнеріне деген қызығушылығы жоғары,әуесқой режиссерлер фильм түсірмес бұрын кәсіби шеберлігін жетілдіріп, шыңдауы қажет. Қазір комедиялық фильмдерді түсірушілер көбейді. Сенімді дереккөздерге сүйенсек, соңғы кезде қазақ киноларының 90 пайызы комедиялық жанрда түсіріледі екен. Әрине, бүгінгі заман ағымына сай коммерциялық кино бағытының дамығанын қолдау қажет. Қазіргі жас режиссерлер кинопрокатқа өнімдерін молырақ ұсынсын деген ой ғой біздікі. Дейтұрғанмен көрермен сұранысы да өтелуі қажет.
Бұл тұрғыда облыс бойынша авторлық және қысқа метражды фильмдер, музыкалық клиптер түсірумен айналысып жүрген Аманат Рзағалиевтың өзіндік ой-пікірі бар. Ол «Қазір режиссерлер өте көп, олардың кәсіби шеберлігінің аздығы өз алдына, көпшілігі қалада өскен орыс тілді, қазақ тілінде көркем шығарма оқып көрмеген жастар қатарынан саналады» деп біздің пікірімізді қуаттады.

– Әуесқойлар «Осы жұрт кино түсіріп жатыр, мен де түсірейінші» деген оймен ютубқа кино түсіреді. Бір жағынан, ютуб – жас режиссерлер үшін тиімді платформа. Өзің сценарий жаз да түсіре бер. Деңгейіңді көресің, жақсы тәжірибе жинайсың. Егер қаралым көп жинаса, ютуб авторға жақсы ақша төлейді. Осылайша сәтті шыққан туындылар арқылы көп қаралым жинап, жақсы табыс тауып жүрген сериалдар бар. Бірақ бұл – басқа әңгіме. Қазір киноның айналасында жүргендердің көпшілігі киноны жан-дүниесімен жақсы көрмейді, киноман емес, сапалы киноны іздеп жүріп көрмейді. Оқиғаның көркемдік жағына үңілмейді. Сценарийдің қалай жазылатынын да білмейді. Олар киноны өздері тез танылу үшін немесе ақша табудың жолы ретінде ғана көреді. Қазір кино парктегі карусель сияқты аттракционға айналып барады. Жұртшылық көреді де ұмытып қалады. Екінші рет қайта көру түгілі, есіне де алмайды. Бүгінде киногерлер арасында «Сен, шын мәнінде, режиссерсің бе, әлде режиссердің рөлін ойнап жүрсің бе?» деген сауал тарап кетті. Сол айтқандай, көпшілігі режиссердің рөлін ойнап жүреді, – деді ол.
Аманат киноны өнер ғана емес, бизнес деп те таниды. Қаржы игеріп жатқан авторлар да бар екен. Олардың басым көпшілігі комедия жанрына ден қояды. Себебі қоғамның талғамы сол. Комедиялық фильмді тамашалаған көрермен 1-2 сағат болса да, өз өміріндегі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді, қиындықтарды есінен шығарып, көңілі жеңіл әзілге ауады. Мысалы, бір адам кино түсіріп, дистрибьюторға алып келді дейік. Ондағылар сол түсірген фильмді кинотеатрда көрсетуге тұрарлық па, әлде жоқ па немесе қаншалықты табыс әкеледі деп таңдап, талдап, сараптайды. Ұнамаса, қабылдамайды. Қабылдаса да, көрерменнің кино көретін ыңғайлы уақытына қоймайды. Көрермен көп бара бермейтін түскі мезгілге қояды. Оларға негізінен комедиялық кино, соның ішінде тойдың айналасындағы комедиялық фильм түсірушілер ұнайды. Ондай фильмдердің сценариін ұнатып, сол бойынша туынды түсірілген соң жарнамасымен айналысады. Фильмді көрермендер көп келетін ыңғайлы кезге, яғни кешкі мезгілге қояды. Сол арқылы дистрибьюторлар мен кинотеатр ақша табады. Кинотеатрға тарихи, авторлық немесе әртүрлі тақырыптардағы әлеуметтік фильмдерді түсіріп апарайын десе, олар қабылдаған сияқты болады. Бірақ түсірген киносын түске дейінгі не түскі мезгілге қояды. Кино көп көрермен жинап, өзін-өзі ақтап, табыс әкелуі керек. Сөйтіп түсірілген киносы табыс таба алмағасын, басым көпшілік амалсыздан комедия түсіруге бет бұрды. Жарнамасы әлеуметтік желіні «жарып тұрған» соң, халық ақшасын төлеп, қатардан қалмай кинотеатрға барады. Киноның сапасы мен көркемдік жағы маңызды емес. Бастысы, кинодағы арзан, бір-бірімен байланыспайтын, анекдот тәріздес әзіл-қалжыңға қанып алған көрермен жақсы кино көрдім деп ойлайды. Осыдан кейін ой-өрісі кең көрермен қалыптаспағасын, жоғары мәдениетті қоғам орнығады деп айту қиын.
Қазір көпшілік арасында ән мен кино туындылары қандай болса, қоғам сондай деген әңгіме де айтылып жүр.
Сөйтіп, жеңіл-желпі комедиялық фильмдерді көргендер кемеліне келіп, разы болып қалады. Ал осындай фильмдерді түсірген киногер қалтасын қампитып, табыс тауып, қарық болады. Бұған қарап, арзанқол кино өндірушілерді алаяқ па деп қаласың. Киноның дамып, өркендеуі кинотеатрларға да байланысты. Кинотеатрлар да қазір жекенің қолына көшті. Продюссерлерді көрерменнің талғамы, рухани ой-өрісінің дамуы қызықтырмайды. Бір жағынан, оларды да түсіну керек, белгілі-бір фильмге ақша салғасын, оны еселеп, үстемелеп қайтаруға тиіс. Әйтпесе, шығынға батып, күйіп кетеді. Алайда көрермен осындай фильмді қалайды екен деп, олардың ығына жығыла беру де дұрыс емес. Мәселен, 1980 жылы режиссер Владимир Меньшовтың «Мәскеу көз жасына сенбейді», сондай-ақ 1994 жылы Стивен Кингтің хикаятының желісімен түсірілген Фрэнк Дарабонттың «Побег из Шоушенка» фильмі экранға жол тартты. Аталған туындылар кино тарихында өте көп көрермен жинап, шығындарын жапқанымен, айтарлықтай қаржылай табыс тапқан жоқ. Алайда бұл фильмдерді білмейтін, шынайылығына сүйсінбейтін көрермен кемде-кем. Қайталап көрген сайын жаңа қырлары ашыла беретін туындылардың экранға шыққанына 30-40 жыл уақыт өтсе де, бұл фильмдер әлі жұртшылықтың аузында жүр, әлеуметтік желіден іздеушілердің қатары да сиреген емес. Екі фильм де әлемдік классикалық үздік фильмдер тізіміне еніп, «Оскар» сыйлығын иемденді. Сондықтан қаржылай көп табысқа жеткен фильмді шедевр туындының көрсеткіші деп қабылдай беруге болмайды.
А. Рзағалиев бізбен әңгімесінде, сондай-ақ көрермен бұрын-соңды естімеген партизандық кино жөнінде сөз қозғады. Оның сөзінше, партизандық киноны ешкім қаржыландырмайды. Мұндай киноны түсіру үшін кілең пікірлес адамдар бірігіп жиналады. Олардың ішінде режиссер, сценарист, актер және оператор бар. Бұлар киноны өз күшімен түсіреді.
– Пікірлестер қысқа немесе толық метражды фильмдер түсіріп, фестивальге жіберіп жатады. Бұлар киноға жан-тәнімен беріліп жұмыс істейтін, өз ісіне мейлінше адал жандар. Киноны ешкімнен қаржы алмай, өздері түсіретін болғандықтан, партизандық киноға жұмсалатын шығын көп емес болса да, азын-аулақ олардың өз қалтасынан кетеді, – дейді ол.
Аманат бала кезінен әдебиетке, тарихқа қызығып, осыған сай киноларды көріп өскен. Ол әлі күнге дейін экранға жол тартқан кең көлемді фильмдерді үлкен экраннан көру үшін кинотеатрға жиі барады. Шынайы, сапалы киноларды телефоннан емес, тек үлкен экраннан көру керек деп есептейді. Студенттік шағынан музыкалық клиптер түсірумен айналыса бастаған. Қазіргі уақытта тапсырыспен қысқа метражды фильмдер мен әлеуметтік роликтер және клиптер түсіреді. Бүгінгі күні вестерн жанрында тарихи-драмалық толық метражды фильмнің сценарийін жазуды бітіре келген. Фильмнің оқиғасы Кеңес үкіметінің алғаш құрылған жылдары ел ішінде банда атанған Құныскерей Қожахметовтың өмірімен қатар, 1920-1930 жылдар аралығында болған қазақ даласындағы ұжымдастыру, күштеп жер аудару, ашаршылық кезеңін қамтиды. Егер қаржы табылған жағдайда, ол туындысын біздің өңірде түсіріп, фильмде батыстың актерлері ойнағанын қалайды.
– Сценарийін жазып болғасын, фильмді жарыққа шығару үшін қаржы қарастыруды бастаймын. Сценарийді қысқа метражды фильмдер мен роликтерге өзім жазамын. Негізінен басқа сценаристердің болғаны жақсы.
Жұмыс жиілеп кетсе, үлгіре алмаймын, уақыт алады. Сол кезде біреуге идеясын беріп, сценариін жаздырып, фильмді өзің түсіре бергің келеді. Өкініштісі сол, облыс көлемінде сценаристер жоқтың қасы. Сценарий жағынан тұралаймыз. Бізде игерілмей жатқан жанрлар көп. Мәселен, мистика, үрей (ужас), триллер, детектив фильмдер өте сирек түсіріледі. Фантастикалық кино мүлдем түсірілмейді, – дейді Аманат.
Оның айтуынша, біздің облыста басқа да режиссер жігіттер бар. Мысалы, орыс тілді режиссер Идрис Галимуллин өзіне ұнаған тақырыпқа сценарий жазып, түсіре береді. Түсірген фильмдерін ютубқа салады. Былайша айтқанда, мұны хобби қылып алған. Ол «Хабар» телеарнасынан әртүрлі оқиғалардың желісіне құрылып, көрсетілетін сериалдың бір бөлімін экрандады. Сол сияқты Айбек Нығмет есімді режиссер – жігіт жақында Алматыда өткен «Питчингке» қатысып, қордан өзінің қысқа метражды «Анасы бар адам» фильміне қаржы алып, жақында түсіріп, монтажын аяқтады. Бұйыртса, тырнақалды туындысы алдағы уақытта фестивальдерге жол тартады. Сондай-ақ алматылық Әділхан Ержанов деген режиссер – авторлық фильмнің өкілі. Туындыларын фестивальге арнап түсіреді. Фестивальдық фильмдер ақша табу, бизнес ретінде қарастырылмайды. Олардың өзіндік тақырыбы және жас буыннан құрылған өз толқыны бар. Аманат Рзағалиевтың сөзіне сүйенсек, авторлық фильмді түсірушілер таза өнерді бағалап, өзінің қиялына, ойына сай туындыларды жарыққа шығарады. Мұндай дүниелерді киношылардың жас толқыны телефонмен және әуесқой немесе кәсіби камералармен де түсіре береді. Негізінен авторлық фильмдерді көбірек көру керек. Ол фильмдер қоғамның ой-өрісімен бірге, талғамын дамытады. Көрермен талғампаз болса, комедиялық арзанқол туындылар азаяр еді.
– Біздің облыс Алматы, Шымкент сияқты үлкен мегаполис емес. Кинемотография саласы соншалықты дами қоймаған. Оралдағы Гагарин кинотеатры жанынан құрылған кино клуб бар. Оқта-текте жиналып, кино көреміз. Мұнда, сондай-ақ кездесулер де ұйымдастырылады. Сонымен қатар облысымызда «jaiyq film fest» кинофестивалі өткізіліп тұрады. Бұл өнер мерекесі 2021 жылы облыс орталығында халықаралық деңгейде ұйымдастырылды. Елімізге танымал өзіміздің «Назар аудар» әзіл-сықақ театрының жігіттері Алматыға барып қаржы тауып, «Маған назар аудар» атты отбасылық комедиялық драманы түсірді. Биыл ақпанның аяғында еліміздің барлық кинотеатрында көрсетіліп, көрермен көңілінен шықты, – деді Аманат Рзағалиев.

Иә, еліміздің кино нарығында жыл сайын прокатқа санаулы фильмдер шығып жатады. Киногерлер бәсекелестікті тудыруға, дамытуға барынша үлес қосуда. Қазір кинода комедияның, жеңіл әзілдің белең алғаны рас. Бұған кино түсірушілердің де, сол фильмді көрушілердің де жазығы жоқ деп айта алмаймыз. Мұның өзі дүниежүзінде болып жатқан құбылыс. Тек кино әлеміне тән деп тағы айтуға болмайды. Мұны адамзаттық мәселе десе де болады. Құндылықтар құлдырады, жеңіл ойлы, түкке тұрғысыз кейіпкерлерді әспеттеу, үлгі ету сәнге айналып барады. Мұның астарында үлкен саясат жатыр. Сондықтан мұны түйсік арқылы ұғынып, таңдау жасау қажет.
Нұрымбек Жапақов,
«Орал өңірі»