Біздің Жәнібек ауданы жылдан-жылға көркейіп келеді. Тіпті күннен-күнге десем, артық айтқандық емес. Аудан халқы қуана күткен жобалардың бірі – Казталов – Өнеге – Жәнібек автожолына күрделі жөндеу жүргізілгені. Тоқырау жылдарынан кейін жағдай бірден оңалып кете қоймағаны рас. Орал қаласына күрежолмен қатынау қиынға соғатын. Жауын-шашын күндері жол батпақ болып, оның бойында көліктер қаңтарылып, талай рет әуре-сарсаңға түскеніміз есімде. Кейде діттеген жерге жете алмай, жол азабын тартқан күндер де аз болған жоқ. Әйтеуір, тақтайдай тегіс трасса салынғаннан кейін бөркімізді аспанға атып қуандық десек, артық айтқандық болмас! Бұл жол ауданның тыныс-тіршілігін жандандырып, елдің еңсесін көтерген игілікті істің біріне айналды.

Бірнеше жыл бойы жүргізілген ауқымды жоба арқасында жол бойында түтіні будақтап тұратын асфальт зауытына көз қуанатын. Осы зауыт басқа да игіліктерге мұрындық болды. Айтпағым, біраз жыл бұрын Жәнібек ауданының орталығы – Жәнібек ауылында жолы тақтайдай тегіс көше аз болатын. Болғанның өзінде шұрқ-тесік болып жататын еді.
Сөз басында атап өткенімдей, Жәнібек ауданына дейін жол салынатын болып, асфальт зауыттары іске қосылғанда сол кездегі аудан әкімі Азамат Сафималиев осы мүмкіндікті қалт жібермеді. «Темірді қызған кезде соқ» деген қанатты сөздің жаны бар, аудан орталығындағы көшелерге қатқыл жол жабынын төсеу жұмысы сәтімен басталып кетті. Жәнібектің біраз көшесіне, басқа да ауылдық округте де асфальт жол тартылды. Соның арқасында ауылдардың ажары кіріп, тұрғындардың жүріп-тұруы едәуір жеңілдеді.
Үш жыл бұрын аудан тізгінін қолына алған жас жігіт Тимур Шиниязов та осы істі батыл қолға алып, жол жөндеу жұмысын қарқынды жүргізіп жатыр. Жәнібек ауылының Жәнекешев, Шарафутдинов, Әбдірахманов, Иманов, Мәметова, Жұмаев көшелеріне тұтас қатқыл жамылғы құйылды. Сонымен, ауылдың 90 пайызы асфальтталды деп нақты айта аламыз. Қалған көшелерде де бұл мәселе шешімін табады деген сенімдемін. Халықтың да күтері – осы.
Оған қоса ауылдық округтерге, соның ішінде Тау, Борсы, Талов ауылдарына дейінгі жол жөнделіп жатыр. Осы ретте Ақоба ауылына дейінгі негізгі трассаға жалғайтын 23 шақырым кіреберіс жолға асфальт төселгенін атап өткеніміз жөн. Ауыл тұрғындары асыға күткен жобалардың бірі болды. Бүгіндері ақобалықтар аудан орталығына құстай ұшып жетеді. Жақсылық жаршысы болған трасса аудан экономикасына қан жүгіртті.

Енді көлік иелері ауылдарда, әсіресе аудан орталығында жол жүру ережесін бұзбай, екпіндете жүргізбей, адамдарға қауіп төндірмей, жол жүру мәдениетін сақтаса деген тілегіміз бар. Өйткені жақсы жол жауапкершілікті де талап етеді. Ауыр жүк көліктерін мүмкіндігіне қарай ауыл ішінде жүргізбеген дұрыс болар еді. Бір жағынан, жолдың сапасын сақтау үшін де маңызды. Осы ретте облыс және аудан басшыларына үлкен алғыс айтамын. Барды бар деп айту керек. Біз жетістікті айтуға келгенде сөзге сараңбыз да, желілерде негатив пікірлерге лайк басып, жарыса пікір жазып жатамыз. Атқарылып жатқан істерді де көре білуіміз керек.
Иә, Жәнібек ауылындағы ұзын көшелерге асфальт-бетон қоспасы төселді, келесі жылы тағы он көшеге қатқыл табанды жол салынады деп күтілуде. Ондаған мекеменің алдына аутотұрақ салынып, көшенің сәні кіріп қалды. Ауыл ажарын айшықтау, айналаны абаттандыру ісі әлі де жалғасын табады. Жәнібек келбеті жыл сайын жаңарып, жасарып келетінін айттық. Кейінгі онжылдықта кентте қарқынды түрде баспаналар салынып, шағынаудандар пайда болды. Бұл жоба да ел азаматтарының, атқамінерлерінің ширақтығы, іскерлігі арқасында жүзеге асуда.
Ауыл қақпасынан өткеннен кейін Ғұмар Қараш көшесімен жүргенде белгілі тұлғалардың портреттері көзге түседі. Осыдан-ақ таным көкжиегің кеңейіп, аудан тарихы туралы біраз мағлұматқа қанық боласың, бойыңды мақтаныш сезімі билейді. Иә, басты көшемен жүргенде әртүрлі мекеме ғимараттарының еңсе тіктеп, сырланып, қырланып, қасбеттері жаңарғанына куә боласыз.

Көшелеріміз оқтай түзу, тап-таза, жинақы болып тұрады. Мұның барлығы – ауыл тұрғындарының береке-бірлігінің, мекеме-ұйымдар мен еңбек ұжымдарының сенбі-ліктерге тұрақты қатысып, көшет отырғызу және қоқыс-қалдықты жинауға мейлінше ықыласты болуының нәтижесі. Аудан орталығында сауда жәрмеңкелері жиі өтеді. Жәрмеңкеде жергілікті кәсіпкерлер мен шаруа қожалығының жетекшілері азық-түлік тауарларын – ет, сүт, ұн өнімдерін арзан бағаға сатады.
Аудан орталығында кәсіпкерлік нысандары көбейіп келеді. Жәнібектің өзінде бес супермаркет бар. Заманауи үлгіде салынған кафе, дәмхана, асханалар бар. Кейінгі жылдары орталық көшелерде ашылған «Сафари» және «Ақжол» кафелері де көптің көзайымына айналды. Қазіргі уақытта қоғамдық орындарда жастар жиі бас қосады. Отбасы болып отырып, ас-ауқат ішуге келетіндер де бар. Осындай керемет, жайлы нысандар ауыл қонақтары мен туристердің көңілінен шығатыны анық.

Басқа да ауылдарда екі-үш көшеден болса да, жол салынып жатқаны қуантады. Елді мекендерде де жаңа үйлер тұрғызылып, пайдалануға берілуде. Аудан орталығында жаңа фитнес орталығы мен кітапхана ғимараты ашылды. Бұл ретте кітапхананың ауыл шетінде бой көтергені алаңдатады, кітап оқымайтын мына заманда сыныққа сылтау болмасын дейміз ғой. Дегенмен жаңа кітапхананың ашылуы – руханиятқа жасалған қамқорлықтың белгісі.
Ел аузында «Залиний» аталынып кеткен, теміржолдың арғы бетінде шағын ауыл – Жәнібектің бір бөлігі бар. Тоғызжылдық негізгі мектеп пен аудандық электр торабынан басқа мекеме болмағасын ба, осы аумаққа көп көңіл бөлінбей қалды. Кейінгі жылдары сол ауылға алдымен 40 пәтерлі үй салынды. Заманауи үлгіде спортзал пайдалануға берілді. Алпауыт «ҚПО б. в.» компаниясының әлеуметтік төлемі – инвестициясы арқасында 108 орындық мектеп құрылысы басталды.
Бұрын аутокөлік жүргізушілері «Залинийге» барудан бас тартатын. Ойқыл-шойқыл жолынан, батпағынан қашатын. Көбі көлігін вокзалдың қасына қойып, жаяу қатынайтын. Қазіргі кезде осы жақтағы үш көшеге де асфальт төселіп, жаяу жүргінші жолдары салынды.

Жағдай жасалған сайын сұраныстың да көбейетіні заңдылық. Теміржолды кесіп өту үлкен мәселе болып тұр. Теміржол Ресейдікі, пойыздар арқырап өтеді, жылдамдығын азайтпайды. Кейде вагондар тұрып алатын жағдай болады, ондайда үлкен де, кіші де вагон астынан еңкейіп өтуге мәжбүр. Киімін бүлдіреді, жарақат алуы мүмкін. Вагонның қозғалып кету қаупі өте жоғары. Сондықтан үлкенге де, балаларға да қолайлы жаяу көпір салу қажет-ақ. Бұл мәселе адам қауіпсіздігі тұрғысынан шұғыл назар аударуды талап етеді. Билік тарапы көпірдің жобалық-сметалық құжаттамасын жасатып жатқанын да құлаққағыс қылды. Жобаның сәтімен жүзеге асуына тілектеспін.
Тағы айта кететін мәселенің бірі – ауылды айналып өтетін, Қазақстан мен Ресей шекарасына дейін жеті километрлік республикалық дәрежедегі жол бар. Асфальтталып біте келді. Сол жолдың арғы бетіне спорт кешені салынып, пайдалануға берілді. Тұрақты жұмыс істеп тұр. Облыстық дәрежедегі турнирлер, аудандық деңгейдегі жарыстар жиі өтіп тұрады. Спорт секциялары көп. Менің айтайын дегенім, сол секцияға қатысатын жеткіншектер жаяу сол күрежолмен қатынайды. Үйім осы жақта болғасын жиі көремін.

Трассамен транзиттік жүк көліктері де, жеңіл мәшинелер де жиі өтеді. Асфальт жол салынғаннан кейін аудан аумағы арқылы шекара асатындар тіпті көбейді. Ата-аналар не ойлайтынын білмеймін, балалар үшін осы жолмен жүріп өту өте қауіпті. Осы бағытта тағы бір маршрут қосып, шағын аутобос қатынаса деймін.
Ауылда бес бағытта аутобос жүріп тұр. Осының ішінде №1 маршрут бойынша аутобос жүргізетін Сналбек Бисекенов деген азамат уатсап мессенджерінде топ ашты. Қай жақтан қай жаққа бара жатқанын хабарлап отырады, суыққа тоңбайсың, ыстыққа күймейсің, айтқан уақытында шыға қоясың. Өзіне де, өзгеге де тиімді. Сосын оқушылардың сабақ кестелерін, балабақшаға баратындардың бәрін есепке алып, ескертіп, хабарлап отырады. Балаларды түстеп танып алған, түгендейді. Сол сияқты спорт кешеніне де №5 маршрутты бұра қойса болды, Ғұмар Қараш көшесінен 500 метрге де толмайды. Үнемі жүрмей-ақ қойсын, тек спорт секцияларының уақыт кестесін біліп алса, жеткілікті.

Аудан тұрғыны болғасын, біраз жоба-жоспар жөніндегі ақпаратқа қанықпыз. Аудан әкімінің есебіне құлағымыз түрік. Әлеуметтік желілерде ұсыныс-пікірімізді жариялап отырамыз. Сынап та жатамыз, көңіл қошымызды да білдіреміз. Туған жерім – Ұзынкөл ауылында 108 орындық жаңа мектептің салынып жатқанына қуаныштымын. Күні кеше ғана түу сонау қашықтағы Жақсыбай ауылында мәдени-спорт кешені есігін айқара ашты. Мұның барлығы – ел ертеңіне жасалып жатқан нақты қадамдар.

Жалпы желдің өтінде, шекараның шетінде тұрған Жәнібегіміздің жағдайы жаман емес. Әркім үшін «өз үйі – өлең төсегі», дегенмен біздің Жәнібек көптеген аудан орталығынан көш ілгері деп айта аламын. Көшелері түзу, кең, таза. Халқы еңбекқор, ауызбіршілігі мықты. Ең бастысы, ел іргесі аман, жұрт тыныш.
Шын мәнінде, туған жердің әр жетістігі – барша тұрғынға ортақ қуаныш. Жәнібек – бүгін жаңарудың, жаңғырудың жолына түскен аудан. Көшелері көркейіп, ауылдары ажарланып, халықтың тұрмысы түзеліп келеді. Ең бастысы, елдің ертеңге деген сенімі нығайып, туған жерге деген сүйіспеншілігі арта түсті. Осындай береке-бірлігі жарасқан өңірдің болашағы да баянды болмақ. Жәнібектің жақсы күндері көп болғай, туған өлкенің өсіп-өркендей беруіне тілектеспіз.
Сырымбек Жапақов,
Жәнібек ауданы