Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында Халықаралық отбасы күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Отбасылық оқу жобасы аясында өткен іс-шараға облыстық кітапхананың тұрақты оқырмандары, мектеп оқушылары, балабақша тәрбиеленушілері қатысты. Үлкен-кіші болып кітап оқуды насихаттауды мақсат еткен іс-шарада оқырмандар ән салып, өнер көрсетті. Кітапханада қазіргі күнде отбасымен бірге кітап оқитын 600-ге жуық оқырман бар.
Мерекелік іс-шарада кітапхананың байырғы оқырмандарының бірі Ермек Жұмағалиев кітаптың құндылығы туралы айтып, жас ұрпақты кітап оқуға шақырды. №44 мектеп-гимназиясының оқушылары сахналаған «Ақылды балапан» ертегісі оқырмандарға әдемі әсер қалдырды. Кітапхананың кішкентай қонағы Ерқазақ Ермек «Әжемнің шайы» әнін орындады.
Оқырмандар өнер көрсеткен әсерлі іс-шараны кітапхана директорының орынбасары Нұрлыгүл Сағынова қорытындылап, кітап оқитын оқырмандар қатары арта беретіндігіне сенім білдірді.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»